ЗЕЙІН МЕН ЗЕРДЕ ЖАРЫСЫ

451

0

Облыстық ардагерлер кеңесі ел тәуелсіздігі мерекесінің қарсаңында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында шахматтан жарыс ұйымдастырды. 

«Мүгедектерге арналған оңалту орталығында» өткен зейін мен зерде сынға түскен сайысқа 30-дан аса мүмкіндігі шектеулі азамат қатысты.

– Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спорттың әр түрінен жарыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Еліміздің көк байрағын әлемге танытатын спортшыларымыздың есімін мақтанышпен айтамыз. Бұл салада жеңіс тұғы­рынан көрініп жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Сондықтан да спорттың қай түрінен болмасын, қабілет-қарымын сынауға мүмкіндік жасаудамыз,-деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев.

Шараға қатысқан облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасы басшысының орынбасары А.Иб­раева халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай «Дос» қайырымдылық ұйымы аймағымызға 15  қоларба жеткізгенін айтып, бір арбаны орталықтың ем алушысы, «Сыр сұлуы» халықтық ән-би ансамблінің мүшесі, арбада отырып билеу өнеріне өзіндік үлесін қосып жүрген І топ мүгедегі К.Күншығароваға табыс­тады.

Осыдан кейін жарысқа қатысушылар ойын­ға кірісті. Алғашқы кезеңде-ақ ұтылғандар же­ңім­паз қарсыласын құттықтап жатты. Бір сәт көп­ші­лікпен араласып, арқа-жарқа болған жандар бұл күні бір серпіліп қалды.

Төреші Қырмызы Секина жыл сайын ұйым­дас­тырылатын сайыс нәтижесінде мүм­кін­дігі шектеулі жандардың шахматқа қызығу­шы­лығы оянып, қатысушылар қатары көбейіп келе жатқанын айтты.

Қорытындысында І орынды А.Оспанов жеңіп алса, ІІ орынды Б.Жетпісбаев, ІІІ орынды А.Әлімбаев иеленді. Жарысқа қатысушылардың барлығы ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<