Жаңа жұлдыз жарқырап келеді

1115

0

2020 жылдың ақпан айы. Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты. Өзбекстан астанасы – Ташкент төріндегі тартысты бәсеке. Сарықұрлықтың саңлақтары бас жүлдені сарапқа салып жатыр. Анау-мынау алыпқа алдыра қоймайтын зілтемір әрбір қатысушыға бағынатын түрі жоқ. Кейбірінің оны орнынан қозғауға шамасы да келер емес.

Жарыс жолына қазақстандық Рахат Бекбо­лат шыққанда да оның бапкерлері мен жанкү­йерлер демін ішіне тартқаны жасырын емес. Сыр топырағында дүниеге келген өрен де ішкі толқынысын сыртқа білдіре қойған жоқ. Жарыс алаңына беттеп келеді. Зілтемір қо­йылған орынға жақындай түсті. Енді өзіне сенімді болуы тиіс…

Бұған дейін де талай жарыста топ жарып үлгерген талантты ұлан бұл жолы да сыр білдіре қоймады. Алдын ала тапсырыс бер­ген салмақты бағындырып өзіне тілеулес тәмам жұртты үлкен қуанышқа кенелтті. Қос­сайыстың қорытындысымен 356 келі салмақты еншісіне жазған қызылордалық ауыр атлет жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл әлемдік рекорд есебінде тіркелді. Ол өзінен кейінгі орынға ие болған қарсыласынан 14 келіге алға шығып кетті.

Аталған додада оған ирандық спортшы басты қарсыластың бірі болды. Серпуде ол 154 келіні бағындырған еді. Оған Рахат сыр алдыра қойған жоқ. Сыр саңлағы 158 келі зілтемірді төбесіне көтергенде жанкүйерлер қошеметін білдіріп жатты.

Талай таланттың шеберлігін безбенге тарта білген білікті бапкерлер Рахаттың қабілетіне жоғары бағасын беріп, болашағынан зор үміт күттіретін спортшы ретінде санады. Жарыста Азияның үздік спортшысы атағы берілді. Осылайша ол сарықұрлықта қос дүркін чемпион атанды.

Айта кету қажет, соңғы ширек ғасырда Қызылорда ауыр атлетикасы өте қарқынды дамып келе жатқаны белгілі. Әлемдік жарыстардан олжалы оралған оғлан Илья Ильиннің есімі бүгінде алтын әріппен жазылып қалғаны белгілі. 2004 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Рахат даңқы дүйім елге жайылған дарабоздың жеңісті жолын жақсы біледі. Өзі де талай мәрте теледидар арқылы тамашалаған еді. Ильяның өзіне деген сенімділігі тәнті ететін.

Ауыр атлетика әліппесін алғаш ашқан жылдарда алдына зор мақсат қойды. Бапкерлер де Рахаттың талантын байқап, оған ақыл-кеңесін беріп жүрді. Оған Арман Әбдіреев пен Нұржан Смаханов сынды білікті мамандар тәлімін берді. Олар ағалар ақылына үнемі құлақ түретін. Өзінің беделді бәсекелерде топ жаруын ұстаздарының үлкен еңбегінің жемісі деп біледі.

Рахат елімізде төрт мәрте Қазақстан чем­пионы атанып үлгерді. Жастығына қарамастан еліміздің спорт шебері болды. Жастар ара­сында ұлттық құраманың мүшелігіне қабыл­данды. Тағы бір айта кетерлігі, ол 2018 жылы 23 жасқа дейінгі жастар арасында да бағын сынап үлгерді. Бұл кезде небәрі 14 жаста болатын. Нәтижесі жаман емес. Қола жүлдеге қол созды. Ал сол жылы Орал қаласында өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жеке командалық чемпионатта алтыннан алқа тағып қайтты. Осылайша жас ұланның жеңісті жолы жалғасын таба берді.

Білікті бапкерлер былтыр АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына алып барған еді. Тартысты бәсекеде ел намысын әрдайым абыроймен қорғап жүрген хас саңлақ бұл жолы да жанкүйер сенімін сақтай білді. Елге әлем чемпионы атағымен оралды. 

Осылайша Сыр топырағында тағы бір талант өсіп келеді. Рахаттың жеңісті жолы жалғаса берсін демекпіз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<