Жарайсың, Гена!

334

0

Бұл кездесуді бүкіл әлем көз тігіп, құлақ түре күткені анық. Жанкүйерлердің жүрек дүрсілін айтпаса да түсінікті. Себебі, Сауль Альварестен жеңілісінен соң Головкинге қатысты түрлі пікірлер айтылғаны белгілі. Тіпті, оның дәуірі аяқталғанын айтып, ендігі жерде бұрынғыдай жеңіске жете алатынына күмән келтіргендер де болды. Бапкер ауыстырғанда да оған қатысты жағымсыз пікірлер жандана түсті. Бұл кездесуден бір жұма бұрын британиялық Э.Джошуа мен мексикалық Э.Руистің де жекпе-жегі осы Madison Square Garden спорт кешенінде өткен. Әлемдік БАҚ канадалық Роллстың ырымдап Руистің киінетін бөлмесін таңдап алғанын жарыса жазды. Әйткенмен, Роллстың бағы жанбады. Бұл жекпе-жек «Головкиннің дәурені бітті» дегендердің жүзін төмен салдырды. Атақты спортшы әлі де күшінде екенін дәлелдеді.

Әдепкі раундта қос спортшы бір-бірін бақылап, аңдысумен уақыт өткізді. Қашаннан әбжіл қимылдап, қорғанысқа жіті мән беретін Головкиннің Роллсқа осал тұсын сездірмейтіні анық еді. Керісінше, қарсыласты қапы қалдырудың жолын іздеді. Қазақстандық боксшы екінші раундта да көп қимылдамады. Стив Роллсқа мүмкіндік беріп алдарқатып байқады. Қарсыластың қауқарын байқаған Головкин үшінші раундтан бастап канадалық боксшыға соққыны қарша боратты. Мұндайды күтпеген Роллс есеңгіреп қалды. Соққыдан сытылып шығып, қарсы тойтарыс беруге де талпынды. Бірақ онысынан түк шықпады.

Бірінен соң бірі тізбектеле келген соққылар төртінші раундта Роллсты нокаутқа түсірді. Бастан және жақтан тиген ауыр соққыдан канадалық боксшы шаршы алаңда бүктетіле құлады.

Иә, тағы да «Гена, жарайсың!» деген дауыстар байтақ Қазақстанның әрбір түкпірінен шығып жатты. 39-шы жеңіс! Бұл – дүйім елдің көптен күткен жеңісі. Спортшыға жаңа леп берген, жаңа тыныс сыйлаған жеңіс еді…

Қолда бар деректерге сүйенсек, отандасымыздың бұл жекпе-жектегі ресми гонорары – 2 мил­лион АҚШ доллары. Ал жарнама, телетрансляциядан түсетін табысын қоса есептегенде 15 миллион долларға жетеді. Ал канадалық спортшы 300 мың доллардай ақша алады. Айта кетейік, бұл Роллстың карьерасындағы ең көлемді қаржы.

Геннадий Головкин жыл соңына дейін үш жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<