Жүрек күші тулаған жауынгер

660

0

Фото: ашық дереккөз

Шавкат Рахмонов кім?

Қазақтың атын асқақтатқан дарабоз дарындарымыз баршылық. Солардың арасында Димаш Құдайбергеннің есімі ерекше. 2019 жылы Астанаға оның концертін көру үшін алпыстан астам елдің адамдары арнайы келді. «Бізді Димаш біріктіреді. Әлем қазақша ән салып тұрғандай», – деді олар. Димаштың даусын сүйген көптеген шет ел азаматы қазақша үйренуге құштарланды. Дәл осындай дәрежеге жеткен тағы бір қазақ шықты. Ол – спортшы, ережесіз жекпе-жек өнерінің жұлдызы Шавкат Рахмонов.

Шавкат қазір UFC файтері, осы ұйымда жартылай орта салмақта өнер көрсетеді. Бұл – абсолютті жекпе-жектер чемпионаты деп аталатын әлемдегі ең беделді ұйым. Бұл ұйымға кіру үшін жанкүйеріңнің көп болуы шарт, әрине, спортшы есебіндегі мықтылығың бірінші орында. Осы сыннан өтіп, Қазақстан байрағын көтеріп жүрген Шавкаттан басқа – Дамир Исмағұлов, Жалғас Жұмағұлов, Арман Оспанов, Сергей Морозов, Мария Агапова есімдері белгілі. Бұл ұйымның октагонынан қытайлық қандасымыз Жұмабек Тұрсын бір мәрте көрініп қалды. Ал, енді бұлардың бәрі UFC-дің шақыруымен әр кездегі жекпе-жектерге шығып жүр, бұл ұйымның қазақстандық жалғыз тұрақты өкілі – Шавкат Рахмонов.

Жақсы, бұл – басқа тақырып. Біз күні кеше Президент қабылдаған Шавкат туралы айтайық.

Соңғы кезде «Youtube» әлеуметтік арнасында Шавкаттың аты, оған қатысты бейнежазбалар өте көп тарады. Біз онда Шавкатпен бірге суретке түсіп, оның қолтаңбасын алуға асыққан азаматтарды көреміз. Аспаннан періште түссе таңғалмайтын амеркалықтарды өзіне баураған Шавкат кім?

Ол – 1994 жылы Өзбекстанның Шурчи қаласында өмірге келген. Оның осы дерегін білетін былайғы жұрт өзбек деседі. Бұл – қате сөз. Шавкаттың үлкен аталары өзіміздің Аралдан. Руы – Кіші жүз, Әлім. 2010 жылы оның үйі Қарағандыға көшіп келген. Әуелгі кезде Шавкат базарда жеміс сатқан, қара жұмыс істеген. Өзі жастайынан спортқа қатысатын. Бірақ, сырттан келген адамның жайы белгілі, оралман мәртебесі, басқа да құжаттар дайындау, т.б. Шавкат сондықтан спортты жинап қойып, жұмысқа кірісіп кетті, бірақ, алмас кездік қап түбінде жата ма? Ол бәрібір спортқа қарай ойысты. Дзю-домен және еркін күреспен айналысты. Қазір ол – күрестің осы екі түрінен де спорт шебері. Оның алғашқы күрестері жаттықтырушыларды бей-жай қалдырмады. Әсіресе, оның сабырлылығы, еңбеккерлігі ерекше еді. Сабырлылық демекші, UFC-дағы кәсіпқой спортшылар жекпе-жекке шығар алдында қарсыласы туралы неше түрлі артық сөздер айтып жатады. «Мен оны октагонның сыртынан қарап отыратын қыламын. Менімен мақтанасыздар. Оны қалың ұйқыға жіберемін, мені жақсы көріп оянады» деген сияқты тәкаппарлыққа барады. Шавкаттың сүйкімділігінің бірі – оның сабырлылығы, ақылдылығы деп айтайықшы. Ол әуелі ММА әуесқой чемпионатына қатысты. Бұл – күрес, бокс, джиу-джитсу, басқа да спорт түрлерін біріктіретін ережесіз жекпе жек. Спорттың осы түрінен Әлем чемпионы атанды. Сол кезде кейбіреулер «жиырмаға енді толатын бала екен, бұл атақты көтере алар деймісің» деп болжам айтқан. Алайда, Шавкат UFC чемпионы болатын баспалдақта тұр, осы атынан ат үркетін ұйымда рейтинг бойынша үздік алтылықтың қатарына енді.

Жаңағы сөзге оралсақ, кәсіби күресінде әлі жеңілмеген шешен ұлтының өкілі, Швед елінің атынан жарысқа шығып жүрген Хамзат Чимаев бір сөзінде «Рахмонов деген кім тағы…» деп ол сөзіне бір жаргонды қоса айтқан. Бұл сөзге шамданған Шавкат жоқ. «Кім екенімді көргісі келсе…» деп өрекпімеді де. «Чимаевпен шықсаң…» деген сұрақтарға: «Маған кіммен шықсам да бәрібір», – деді салқынды ғана.

Біз айтып отырған UFC-ға ақша үшін ұмтылатындар көп. Өйткені, жекпе-жектерге өте қомақты ақша тігіледі. Шавкат: «Мен жеңісіммен қазақ елін қуантқым келеді», – деді. Ол кез келген тілшінің ақша туралы сұрағына аса мән бермейді.

Шавкаттың Лас-Вегаста өткен кейінгі жекпе-жегін спортқұмарлардың бәрі де көрген шығар. Бұл жекпе-жекте біздің батырымыз америкалық Джефф Нилді уақытынан бұрын жеңді. Сөйтіп, ММА-дағы он жетінші жеңісіне жетті.

Салмақ өлшеу кезінде Шавкат 77 кіләдан асса, Джефф 79-дан аса тартты. Негізі бұл жартылай орта салмақ үшін артық болып саналады. Артық салмақты қуу керек. Қуу деген не, ол үшін спортшы жүгіреді, өзін тамақтан тияды, қара терге шомылып тас көтереді, тауға шығады, т.т.

Шавкат бір сұхбатында: «Менің салмақ қуу кезімді не жаттығып жатқан сәтімді көрген біреу «бұл спортқа жоламаймын» деп тұра қашар еді», – деген болатын. Соған қарағанда салмақ қуудың қандай азапты тәсіл екені түсінікті. Оған арқа етің арша болатын еңбек және еліме жеңіс сыйлаймын деген намыс керек. Джеффте дәл осы сезім болмаған секілді, ол өз салмағын қумағаны үшін алатын ақшасының отыз пайызын Шавкаттың терақысына қосты. Бұл – спортшылардың келісім шартында көрсетілген заң. Шавкат көп жердегі сөзінде осы нәрселерді айналып өтті. Тіпті, өзіне көмек беремін дегендерге «бізге емес, жастарға көмектесіңдер» деген. Жастарға дегені – спортты жаңа бастап жүргендерді мегзегені. Әйтпесе, Шавкаттың өзі де жас қой, ол әлі отызға да толған жоқ.

Біз сөз басында Димашты, оны жақсы көргені үшін көп ұлт өкілдерінің қазақша сөйлеуге ұмтылатынын айттық. Шавкатқа байланысты да осындай оқиғалар орын алып жатыр. Американ журналисі Лора Санко деген қыз қазақша үйреніп жүр екен.

Бұл туралы Шавкаттың менеджері Саят Әбдірахманов әлеуметтік желіде: «…Қазір Шавкаттың мұндағы қолдаушылары көбеюде. Оның жауын

герлік әдістері мен харизмасы көпшілікті тартады. Шавкаттың салмақты қалпын америкалықтар жақсы қабылдады. Лорамен қызық жағдай болды. Ол қазақша оқып жатыр. Менде оның аудиохабарламасы бар. Өзінің қаншалықты дұрыс сөйлеп жатқанын сұрады. Өте жақсы сөйлейді. Жалпы алғанда бұл оқиға қарқын алуда…», – деп жазыпты.

Шавкат октагонға үнемі қазақтың ұлттық бас киімі қасқыр тымақпен шығады. «UFC-мен шартқа отырғанда не киетінің туралы да көрсетіледі. Мен октагонға қазақтың дәстүрлі бас киімі тымақпен шығамын дегенмін. Олар біраз уақыт тымақ жайлы мәліметтер жинап, тексеріп көрді, ақыры келісім берді. Мен тымақ арқылы қазақтың дәстүрін, шеберлік өнерін, мәдениетін көрсетемін және көк туымды көтеріп, осы тымақты киіп шыққанда керемет шабыт аламын», – дейді Шавкат. Бұл – оның өз ұлтын, ата салтын қастерлеуі. Нағыз батырларға тән қасиет!

Сонымен бірге Шавкат Нилмен жекпе-жегін аяқтаған сәтте қазақтың жомарттығын да танытып өтті. Ол өзіне сұрақ қоюға жақын келген UFC-дің атақты коментаторы Джо Роганның басына қазақтың ұлттық бас киімі, қасқыр тымақты кигізе салды. Мұндай сый күтпеген коментатор риза болды. Мұны «Youtube» арнасынан көруге болады.

Шавкаттың ұлтжандылығын оның «Номад» деген лақап атынан да сезуге болады. Бұл – «көшпенділер» ұғымын білдіретін атау. Біздің бабалармыз кең даласында көшпенді тіршілік еткен. Демек, ол тарихты еске салады. 

Шавкат – өте сауатты, әдіскер, һәм күшті спортшы. Ол кәсіби мансабында 17 жекпе-жегінің бәрін мерзімінен бұрын аяқтаған. Оны америкалықтар «Қазақ терминаторы» деп те атап жүр.

Біз Шавкаттың UFC чемпионы болатынына кәміл сенімдіміз. Себебі, ол бірді жығатын білек күшіне де, мыңды жығатын білім күшіне де ие болған жас. Оның ең басты қуаты халқын сүйген жүрегінде, жүрек қуаты – ең алапат күш.

Алдағы уақытта, мүмкін жазда, мүмкін күзде Шавкаттың тағы бір жекпе-жегін көріп қалармыз. UFC президенті Дана Уайттың айтуынша, Шавкат келесі кезекте октагонға америкалық арап Белал Мұхаммедпен шығады. Белал – ММА-да 22 кездесу өткізіп, 3 мәрте ғана ұтылған, күшті қарсылас.

Шавкаттың өзі: «Маған кіммен шықсам да бәрібір» деген еді. Оның басты мақсаты – күллі әлемге қазақтың атын жеңіс екпінінде естірту.

Дүйсенбек Аяшұлы,

«Сыр бойы»

Сурет ашық дереккөзден алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<