Зілтемір және Таисия

734

0

Таисия жайлы біз бұрын естімедік. Әдетіміз ғой, адам елеусіз жүрсе, оның ар жағына үңіле бермейміз. Кеше ғана осы айтып отырған кейіпкеріміз жарқ ете қалып еді, елеңдесе қалдық. Айтпақшы, әлеуметтік желіде де Таисияның ерлігі жайлы көп айтылды. Ерлігі сол, қазалылық қаршадай қыздың жұлқына штанга көтеріп, әлем жұртшылығын мойындатуы. Таисия дестік! Темір көтерген Таисия! Темір болғанда қандай?! Зілтемір!

Қазалыға жақын ауылдардың бірі – Басықараға қарай келеміз. Аудан орталығына жақын болғасын ба, арлы-берлі өткен жеңіл машина көп. Біздің де мінгеніміз осал емес. Немістің көлігі. Жаңа емес, алып бара жатқан ескілігі де жоқ. Әрі тегіс жолда бұл шіркін қамшы салдырмайды ғой.

15 минут. Тіпті оған да жетпейтін шығар. Басықараның басты көшесіне кіре бердік. Айтпақшы, айтуды ұмытыппын, мұнда Таисия тұрады. Туған ауылы осы. Иә, жақында ғана Албанияның Дуррес қаласындағы ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында өнер көрсеткен оның кіндік қаны осында тамыпты.

Бұған дейін талай додада аудан, облыс намысын абыроймен қорғап жүрген ауыр атлеттің қоржыны жүлдеден кенде емес. Кешегі Дуррес қаласындағы әлем біріншілігінде 64 келі салмақ дәрежесі бойынша ешкім ойламаған салмақты бастан асырды. Жұрт күтпеген. Тіпті, өзіміздің мамандар да. Олар таңдана тұрсын, Тайсия ол кезде күміс жүлдені қоржынға салып, үйге қайтудың қамына кіріскен болатын. Шет елге бірінші шыққандікі болар, үйге асыққандай ма, қалай..?

Сәл шегініс жасайық. Осыдан бес жыл бұрын кейіпкеріміз Қазалыдағы №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне жазылып, дайындықты бастапты. Нағашы атасы Әмірдің жетелеуімен спортқа келген кішкентай Таисияны белгілі бапкер Әзиз Жақсылық дайындаған. Нағашы дейтін себебіміз бар. Таисияның бойында қазақ қаны бар. Әкесі Алексей Сидоренко украин азаматы. Жары Гүлсім Әмірқызы екеуі атлет қыздан бөлек, төрт бала тәрбиелеп отыр. Былайынша айтсақ, басықаралық бақытты отбасының бірі.

 – Қызымыз ауылдан қатынап жүріп, аудан орталығында жаттықты. Атасы үнемі қайрап, спортқа ынтасын арттырып отыратын. Облыстағы спорттық мектепте оқыды, одан Алматыға ауысты. Солай жаттығып, бірте-бірте жарыстарға шығып, ел бойынша орын алып жүрді. Қазақстан ішіндегі жарыстарға Сыр елінің атынан шықса, енді шет мемлекеттерге Қазақстан құрамасымен бірге жүреді. Жалпы Таисиядан бөлек, басқа балаларымыздың да спортқа қабілеті жоғары. Кіші ұлдар рек-рим күресі, боксқа қатысып жүр, – дейді ата-анасы.

 Албаниядан соң іле-шала қайсар қыздың жеңісін тағы есіттік. Ұмытпасақ, кешегі өткен сәуір айының басы шығар. Бұл жолы Таисия Жетісу облысы, Талдықорған қаласында өткен ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы ҚР чемпионатында бірінші орын иеленіп, алтын жүлдені қанжығасына байлады. 64 келі салмақ дәрежесі бойынша жұлқа көтеруде 81 келіні, ал серпе көтеруде 90 келіні бағындырған.

– Ең алғашқы қатысқан жарысым есімде, – деп күлді бізбен әңгімелесіп отырған спортшы. – Арал ауданында болған еді. Бесінші класта оқитын маған бәрі қызық, бәрі тосын. Сонда 25 келіні көтергенмін. Солай жарыстарға барып, өзімді психологиялық тұрғыдан дайындай білдім. Қазір бағындырып жүрген салмағым 95-120 келі. Кешегі Албанияда ең басты қарсыласым тайландтық қыз болды. Сөз жоқ, мықты. Бірақ, оны да түбі жеңетінімді сеземін…

Таисия Алексейқызының ендігі мақсаты – Әлем және Олимпиада биігін бағындыру. Ол үшін көп тер төгу керектігін білетін қазалылық қыз бұл мақсатымнан таймаймын деп уәде беріп отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<