«Бастау бизнес» жобасына 40 мың грант бөлінуі мүмкін

1014

0

Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

«2016 жылдан бері «Бастау бизнес» жобасы 150 мың түлек әзірледі. Бүгінгі таңда 42 мың кәсіпкер бизнес саласында еңбек етіп жатыр. «Бастау бизнес» жобасының бастапқы кезеңінде ең басты мәселе – адамдарды жұмыспен қамту болды. Сондықтан көпшілікті жаппай кәсіпкерлікті тартуға басымдық берілді. Жасыратыны жоқ, алғашында жобаға қызығушылық танытқандардың қарасы көп емес еді. Ол кезде бір жылда 15 мың адам оқытатынбыз. Ал биыл «Бастау бизнес» жобасына қатысамын деушілердің саны 40 мың адамнан асып отыр», – деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Оның сөзінше, жобаға қатысқысы келетіндердің басым бөлігін Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының тұрғындары құрайды.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сұраныстың жоғары екенін назарға алып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне биыл бөлінеді деп жоспарланған 30 мың грантты 40 мыңға дейін ұлғайту туралы ұсыныс жасап, ресми хат жолдады», – деді Нариман Әбілшайықов.

Сөз арасында ол депутаттар: «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша оқыған адам саны көп, грант алғандар аз» деген сын жолдағанын тілге тиек етті.

«Мәселені шешу үшін микроқаржы ұйымдары «Бастау-бизнес» курсын тәмамдаған адамдарды ерекше назарға алатын болды», – деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Нариман Әбілшайықовтың мәлімдеуінше, «Бастау-бизнес» бағдарламасының алғашқы дәрісі 26 сәуірде басталады. Құжат қабылдау 2 сәуірге дейін
жалғасады. Оқу кезең бойынша жүреді. Алғашқы кезеңге қазірдің өзінде 8 мың адам тіркеліп үлгерді.

«Оқудың алғашқы кезеңінде білім алу құқығына ие болмаған азаматтар одан кейінгі кезеңдерге тіркеле алады. Биылғы оқу жоспар бойынша 6 кезеңнен тұрады», – деді спикер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<