Ерболат Досаев инфляцияға қатысты түсінік берді

818

0

Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев инфляцияның нысаналы дәлізіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда Ұлттық банктің кәсіпорындарға жүргізетін сауалнамасы ұлттық экономиканың қалпына келе бастағанын көрсетеді. Биылғы жылғы 1-тоқсанда іскерлік белсенділік индексі 2020 жылдың басынан бастап алғаш рет өсу аймағына (50+) өтті. Биылғы жылғы наурызда қызмет көрсету секторы (50,7) және өнеркәсіп (50,4) тарапынан оң үлес қосу нәтижесінде индекс 50,6 тармаққа, осы жылғы сәуірде 50,5 тармаққа жетті.

Мұнайдың барынша жоғары бағасы, мемлекеттің қолдау шараларын жалғастыруы және жаппай вакцина егудің басталуы аясында экономиканың қалпына келе бастауы 2021 жылы Қазақстандағы экономикалық өсу жөніндегі болжамдарды жақсартуға мүмкіндік берді. Қазіргі қолайлы сыртқы жағдайлар сақталған және қатаң шектеулер болмаған жағдайда, Халықаралық Валюта Қоры 2021 жылы әлемдік экономиканың ішкі жалпы өнімінің 6 пайызға ұлғаюын, Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің 3,2 % деңгейінде өсуін күтеді», – деді ҰБ басшысы Сенаттың жалпы отырысында.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, Ұлттық банк 2021 жылға арналған ақша-кредит саясаты көрсеткіштерінің және төлем балансының жаңартылған болжамдарын ұсынды. Осы орайда Ұлттық банк инфляцияға қатысты оның 2021 жылдың соңына қарай 4-6% нысаналы дәлізінің жоғарғы шегіне дейін баяулауын күтеді. 2020 жылы инфляцияның 7,5%-ке дейін үдеуін нарықтарда жекелеген азық-түлік өнімдері теңгерімсіздігінің күшеюі, карантиндік шаралар жағдайында шикізат пен өнімді жеткізу тізбегінің бұзылуы аясындағы азық-түлік бағасының өсуі туындатты. «Биылғы жылғы сәуірде Қазақстанда инфляция азық-түлік инфляциясының 10,7 пайыздан 9,8 пайызға дейін төмендеуі есебінен екінші ай қатарынан 7 % деңгейінде сақталды.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция іскерлік белсенділіктің іске қосылуы, халық табысының қалпына келуі нәтижесінде 5,6 пайыздан 6,4 пайызға дейін жылдамдады. Ақылы қызметтер инфляциясы 3,7 пайыздан 4,1 пайызға дейін жеделдеді, бұл жеке қызмет орындары қызметтерінің қымбаттау нәтижесінде орын алды. 2021 жылы инфляция 4-6% нысаналы дәлізіне кіру үшін әлі де жоғарғы көрсеткіште сақталып отырған азық-түлік бағасы өсуінің баяулауы негізгі фактор болып отыр», – деді Досаев.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<