Әлемдік үдерістен Қазақстан шет қалмайды

364

0

 Әдетте, ақпарат құралдарында бір сарында мақалалардың жиі шығуы оқырмандарды біршама басқа ойларға жетелейтіні сөзсіз. Оқырмандардың есінде болса, осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның жалпы ішкі өніміне шаққанда мемлекеттік қарыздың шектен тыс асып кеткені туралы дабыл қағарлық материалдар шыға бастады. Иә, қарыздың бары рас, бірақ оның ішкі құрылымына қатысты дау туғызатын мәселелер көп. Олар кімнің қарызы? Ал біз үшін қазір бұл сауалдың жауабы барынша маңызды болып табылады. Қарыз шын мәнінде өзінің құрылымы, меншік иелері бойынша бірнеше топқа бөлінеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда «аспанда бұлт үйіріліп, мезгілсіз бұршақ жауатындай» жағдай жоқ.

Күллі әлем, шынтуайтына келгенде, қарызға өмір сүреді. Айталық, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы бүгінде адам санасы қорытуға күрделі цифрлармен өрнектеледі. Жуырда халықаралық валюта қорының жаңа басқарушысы Кристина Георгиева бүгінгі таңда әлем экономикасында өсімнің барынша тежелгенін айтып, оған сауда соғысының айтарлықтай кері ықпал жасағанын мәлімдеді.

Басқарушының мәлімдеуінше, әлемде корпоративтік қарыз көлемі 19 трлн АҚШ долларын құраған. Бұл жалпы қарыздың 40 процентін құрайды. Мұны кәсіпорындар мен ұйымдар қарызы дейді. Олар негі­зінен әлемнің 8 мемлекетінде шоғыр­ланып отыр. Проблема бар және ол жеткілікті. Сондықтан Қазақстан эко­но­микасын әлемде қалыптасқан жағ­дайдан бөліп қарауға болмайды. Қазір сарапшылардың пікірін­ше, Қазақстанның ішкі жалпы өнім­ге шаққандағы қарызы соңғы уақытта өсе түскенімен, оншалықты дағдарыс қаупін туғызбайды. Әңгіме осы қарыздың бюджетке салмақ түсірмейтіндей оның өтелуіне қатысты болып отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі таңда банк қызметін жетілдіру, сыртқы инвестиция тарту мәселелерін бірінші кезекке қойып отырғаны нақ осыдан туындайтынын айрықша атап өткіміз келеді. Мемлекет басшысының бұл орайда бюджет шығындарына айрық­ша назар аударып отырғанын атап өту ләзім.

Иә, бізде банк секторында біршама проблемалар бар. Енді бір қызығы, 2020 жыл соңында елімізде шетелдік банкілер өз филиалдарын аша бас­тайды. Мұндай шарттар еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі туралы келісім-шартында қарас­тырылған. Филиалдың еншілес банк­тен айырмашылығы, ол бас офистің барлық ресурстарына қолжетімділік береді, яғни шетелдік қарыз беру­шілер шығыны көп жобаларды қар­жыландыруды қамтамасыз ете алады.

Қазақстандық реттеуші екінші деңгейдегі шетелдік банктерге бар­лығы бес талап қоятын болады. Мә­се­лен, Қазақстанда филиал ашуға ниет білдірген иегер банк өзінің қа­дағалаушы органының лицензиясына және $20 млрд-тан кем емес сомадағы активтерге ие болуға міндетті.

Атап айтарлығы, шетелдік ұйымдарда ақшасын тек дәулетті қазақстандықтар сақтай алады. «Салымдар $120 мың сомасынан кем болмау керек. Сыйақылық сегмент сол жердің қызметін пайдалана алады, – дейді жағдайды түсіндірген Ұлттық банк басшысының орынбасары Олег Смоляков. – Бұдан тыс, заңнама қазір талқыланып жатқан пруденциалық нормативтерді құруға мүмкіндік береді».

Халықаралық құқыққа сәй­кес, шетелдік банктің филиалы қа­былдаушы елдің аумағында заңды тұлға болып табылмайды. Шетелдік банктердің филиалдары өздері орналасқан елдердегі қаржы секторының тиімділігін арттырады, шетелдік тікелей инвестициялардың тартылуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне септігін тигізеді.

«Қазіргі таңда Ұлттық банк жеке тұлғаларға депозиттер ұсынуға ниет білдірген шетелдік филиалдардың кепілдендірудің мемлекеттік жүйе­сіне қатысу мәселесін қарас­тыруда. Әзірге, бұл мәселе тек талқылануда», – деп нақтылады Смоляков.

Кейбір сарапшылар жаһандық ойын­шылардан бізге соншалықты келіп-кетер пайда бола қоймайтынын айтады. Мүмкін, ресейлік банктер кірер, бірақ бізде бұл елдің барлық дерлік банктері жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда бәсекелестік жоғары.

Бірқатар сарапшылар, қазіргі таңда қаржы саласындағы шетелдік ірі ойыншылардың келуі екіталай екенін, банктердің стратегиясы жағрафиялық экспансияға емес, ауыспалы нарық жағдайындағы дамуға бағытталғанын, нарықта жеткілікті деңгейдегі өткір бәсекелестік бар екенін айтады.

Қазіргі таңда олардың көпшілігінің негізгі мақсаты – тұңғиыққа батып кетпей, тез өзгеріп жатқан ахуалдар жағдайында өміршеңдікті сақтап, технологиялар мен инновацияларды дамытуда қаржылай техникалық компаниялардан қалып қоймау маңызды болып табылады.

Көп ретте, шетелдік банктер басқа елге көптен бері жұмыс істеп келе жатқан корпоративтік клиенттің соңы­нан еріп келеді. Бұл банкке де, клиентке де ыңғайлы. Осының артынан банктер бөлшек бизнесті де дамыта бас­тайды.

Қазақстан қаржыгерлері ассоциация­сының басшысы Елена Бахмутованың пікірінше, көптеген шетелдік банк­тер Қазақстанға әлдеқашан кіріп ал­ған және олар лицензияларына сәйкес жұмыс істей алады. ДСҰ-мен арадағы келісімдер күшіне енгеннен кейін банк филиалдары ресурстарды теңгемен бере алатын болады. Әлбетте, бұл елі­міздің кәсіпорындарына ақша ұсыну тұрғысынан алғанда қаржы нары­ғындағы бәсекелестікті күшейтеді. Қазір мен нарыққа төнген тікелей қауіпті немесе бәсекелестіктің күрт өсуін көріп отырған жоқпын, бірақ алдағы бір жарым жылда оған дайын болған жөн. Ал біздің банктерге төнетін сындарға келетін болсақ, мен оларды көріп отырған жоқпын.

Өздеріңіз қараңыздар, біздің Halyk Bank және Kaspi сияқты ірі ойын­шыларымыздың өздері халық­аралық нарыққа шығып жатыр. Halyk ол жерден өзінің орнын ойып алған, яғни, бұл екі банк ешқандай бәсекеден тайсала қоймайды. Қазақстанның Жинақбанкі – ол елімізде белсенді жұмыс істеп жатқан, кәдімгі, шетелдік банк. Бізге шетелдік банктер әлдеқашан келген. Шынын айтсам, ДСҰ біз үшін үлкен сын емес. Жергілікті ойыншылар бәсекелестікті еңсеруге дайын.

Иә, сарапшылар айтарлықтай проб­лема жоқ дейді. бірақ, Қазақстан президенті екінші дәрежедегі банк­тердің тұтынушылық несиеге күрт бұрылғанын, бұл экономиканың нақты секторында проблемалар туғы­зып отырғанын мәлімдегені есіміз­де. Болашақта қандай болады? Біз шын­дығында бәсекелестікке төтеп бере аламыз ба? Оны, әлбетте, уақыт айқындайтын болады.

Бірақ, бір нәрсе анық: Қазақстан экономикасында жуық арада айтарлықтай құ­рылымдық өзгерістер бола қоймайды. Бұл экспорт пен импорт арасында қа­лып­­тасқан біршама теріс сальдодан кө­рі­­ніс беріп отыр. Ол қазір шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл – 2019 жылдың 9 айының көрсеткіші. Дегенмен, атал­ған мерзімде қызмет көрсету бойын­ша импорт көлемі едәуір азайған. Бұл Қазақстанда отандық қызметке жүгіну үлесі артқанын білдіреді. Сонымен бірге Қазақстан бюджетіне едәуір ықпал жасайтын сыртқы конъюнктураның ахуалы да тәуір. Ол – мұнай бағасы. Бүгінгі әлемдік баға бюджет үшін қолайлы.

Қорыта айтқанда, Қазақстан эконо­микасының дәл бүгінгі сипаттамасы, қысқаша айтқанда, міне, осындай.

Жолдасбек Ақсақалов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<