ОПЕК: мұнай нарығында не күтілуде?

750

0

Шілде айының алғашқы күндері мұнай нарығын реттейтін халықаралық ОПЕК ұйымында және оған енбейтін мемлекеттер арасында дау-дамайы ұзаққа созылатын кикілжің орын алды.

Атап айтқанда, оның туындауына Біріккен Араб Әмірлігі  себепкер болған еді. Аталған мемлекет алдағы уақытта мұнай өндіру квотасын еселеп арттыру қажет екенін алға тартты. Шынтуайтына келгенде, бұл ұйым мүшелерінің көпшілігіне ұнай қоймады. Пандемия туындаған кезден бастап жылдан астам уақыт бойы әлемде мұнай нарығын реттеп, ұсыныс пен сұранысты қолайлы етіп, осының нәтижесінде мұнай бағасы күні кеше барреліне 77 долларға дейін көтерілді. Сарапшылардың пікірінше, бұл – 2018 жылдың маусым айынан бергі жоғары көрсеткіш.

Кеше ұйым мүшелері өткізген жиында Біріккен Араб Әмірлігі әлемдегі эко­номикалық жағдайдың тұрақ­танғанын, өздерінің мұнай өндіру көлемін ұлғайтатынын мәлімдеді. Кикілжің осы мәселеден туындады. Себебі әлем нарығындағы жағдайдың қалыпқа түскенін тілге тиек еткен бірқатар картель мүшелері өнім көлемін ұлғайтуды сұрап, нарыққа артық өнімді көптеп жөнелту қажеттігін ұсынды. Бірақ бұған Сауд Арабиясы қарсы шығып, бұл ұсынысты көптеген елдердің қуаттайтынынан сескенді. Соңғы уақытта мұндай қауіптің қалыптасқанын жоққа шығаруға болмайды. Себебі ұйым мүшелерінің көпшілігі мұнай бағасының қолайлы екенін байқап, өнім көлемін ұлғайтуды ұсынуда. Олардың қатарында Қазақстан да бар.

ОПЕК ұйымы, міне, бір жарым жылдан астам уақыт бойы әлемдегі мұнай нарығын реттеді. Баға қалыптасты. Тіпті бүгінгі бағаны көптеген елдердің бюджеті қанағаттанарлық жағдайда қабылдап отыр. Мұнайы селдей аққан саудиттердің өзі қазір көп нәрсеге қанағаттанып, мұнай емес секторды дамытуға айрықша назар аудара бастады. Олардың қатарында әсіресе, туризм жаңа бағытқа ие болуда. Жағдайды пайдаланып, Қазақстан мен Ресейдің экономиканы әртараптандыру бағыты бойынша жасап жатқан шаралары бұл орайда құптауға тұрарлық. Әсіресе, Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім өндіру қарқын алып келеді. Осы орайда химиялық талшық өндірісін ұлғайту, көлік-логистика саласындағы тың бастамалар жаңа табыс көзі болып табылады.

Мұнай бағасының көтерілуі бірқатар елдерге тиімді болғанмен, оның кереғар тұстары да жоқ емес. Нарық артқан сайын АҚШ-тың тақтатас кен орындарынан мұнай өндіру жоғары қарқын ала түседі. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, оның тағы бір келеңсіздігі АҚШ-тың ішкі нарығында мұнай бағасы шарықтаған сайын бөлшек саудадағы баға күрт көтеріледі. Бұл құбылыс қазір барлық елдерде үйреншікті жағдайға айналды.

Сонымен ОПЕК-тің кезекті мәжілісі осылай аяқталды. Ол тиісті нәтижеге жеткізген жоқ. Бірақ көп ұзамай барлығына қолайлы шешімнің қабылданатыны анық. Бүгінгі жағдай осыны талап етуде.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<