Алтын арқау

288

0

сурет ашық дереккөзден

Жалпы Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Мәселен, Әлем халықтары арасындағы, оның ішінде күншығыс және Кавказ мұсылмандары арасында ежелгі мереке саналып келген Ұлыстың Ұлы күні мейрамы 2010 жылдан бері  БҰҰ қарарына орай әлемдік мереке ретінде аталып өтуде.

Жыл басы мерекесі үшін халықаралық маңыз беретін бастаманы БҰҰ деңгейіне бауырлас Әзербайжан тарапы ұсынған болатын. Кейіннен Наурыз қарарының жобасын БҰҰ-ға мүше мемлекеттер: Қазақстан, Албания, Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Македония, Тәжікстан, Түрікменстан мен Түркия сынды елдер қарап шығып, өз ұсыныстарымен толықтырды. Сөйтіп, Наурыз − бір ұлттың немесе бір ғана мәдениеттің мерекесі ретінде емес, бүкіл адамзат мұрасының құрамдас бір бөлігі ретінде өз орнын алып отыр.

Қазақ халқы үшін Наурыз мерекесінің маңызы зор. Ұлыстың Ұлы күнін мемлекеттік мереке ретінде белгілеп, оның он күн бойына  ресми түрде тойлануы осыны аңғартса керек. Жыл өткен сайын Ұлыстың Ұлы күнін тойлау мерекесі ауқымын да мазмұнын да кеңейте түсуде. Елімізде  осы уақытқа дейін Наурыздан өзге бірде-бір мереке ресми түрде он күнге созылған емес. Наурыз бүгінде өзінің төл бейнесімен қайта қауышып, «Наурызнама» дәстүрі заманауи үлгіде қайта жаңғыруда. Он күнге он түрлі атау беріп, түрлі шаралардың ұйымдастырылуы, оған бүкіл ел болып жұмыла қатысып, әрбір күнге мән мен маңыз берілуі ұлттық мерекеміздің деңгейінің көтерілгендігін көрсетсе керек. Әсіресе, «Ынтымақ» күнін белгілеу ұлт пен ұлыстың бір арнада тоғысуына, адамдардың бір- бірлеріне деген мейірімдерін көрсетуге,  елдің, Отанның ынтымағы жолында ауызбіршілік танытып, кез келген жағдайда ұйысуына, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды дәріптеуге бастама болуда.

Ендеше Наурыз, ең алдымен, қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағы. Сондай-ақ  Наурыз – достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпы жұртшылыққа ортақ болып, ұлыстардың ұйытқы болуымен жалпыхалықтың мейрамына айналуда.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<