Баға кетті шарықтап…

137

0

Қаңтар басталғалы қымбатшылық қарапайым халықты екі бүйірден қысып тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, азық-түлік тауарларының бағасы 1,4%, ақылы қызметтер 1,1%, азық-түлік емес тауарлар 0,6% өскен. Картоптың бағасы шарықтап, бірден 16,4, қырыққабат 8,8 пайызға көтерілді. Ал сарымсақ 6,4%, қияр 5,4%, жүзім 4,1%, тәтті бұрыш 3,9%, қызанақ  3,5%, сарымай 4,1%, күнбағыс майы 3,9%, тұздалған майшабақ 3,4% қымбаттаған. Бұл жолы қарақұмық жармасы, күріш және апельсин бағасы төмендепті. 

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында домофонға, тұрғын үйді күтіп ұстауға, орталықтан жылыту тарифтеріне, ыстық су мен  электр энергиясына төлемнің өскені байқалған. Сонымен қатар, сәлемдемелерді жөнелту, автосақтандыру мен нотариус қызметтері  де қымбаттаған.      

Өңірлерде азық-түлік тауарларының ең жоғары өсімі Жамбыл облысында 2,1%, азық-түлік емес тауарлар Батыс Қазақстан облысында 1,5%, ақылы қызметтер Атырау облысында 5,5% өсті. Ең жоғары айлық инфляция Атырау облысында 2,2%, ең төмені Алматы қаласы мен Түркістан облысында  0,7%-дан тіркелген. 

Ақпаннан бастап елімізде жарық бағасы қымбаттады. Бұйрыққа сәйкес, 17 электр станциясының тарифтері өзгермек. Сала министрінің айтуынша, қарапайым тұтынушыларға электр энергиясының орташа құны бір киловатт үшін екі теңгеге өседі.

Тарифтің өсуіне бірнеше фактор әсер еткен.  Кадр тапшылығы, жанар-жағармай мен қажетті материалдардың қымбаттауы. Сондай-ақ, еліміздегі 36 энергия өндіруші ұйым электр энергиясының шекті тарифтерін өзгертуге өтінім берген. Тағы үш жаңа кәсіпорын энергия өндіруші ұйымдардың қатарына кіруге ұсыныс білдіріп, өз тарифтерін белгілеуді сұрапты. Бұл аз десеңіз, ақпаннан бастап еліміздің барлық дерлік өңірлерінде сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасын көтеруге қатысты түзетулер күшіне енді. Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, республикада сұйытылған мұнай газдың бағасы көтерілді.  Баға өсімі әр өңірде 6-дан 21 теңгеге дейін өзгерді. Ең төменгі баға Ақтөбе және Атырау облыстарында белгіленді – 77 теңге.

Жаңа түзетулерге қарағанда, облыс бойынша газ бағасы 90 теңге, ал облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерде 95 теңге. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев жергілікті ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингте айтқан болатын. Операторлар облыс орталығында газдың 1 литрін 85 теңгеден, ал аудандарда 90 теңгеден сатуда.

Баға тұрақтылығының сақталмауы көпбалалы отбасыларына  оңай тиіп тұрған жоқ. Қала тұрғыны Айсұлу Қайратқызы алтыншы баласын жақында босанса да, жұмысқа ерте түсуге мәжбүр. Өйткені отағасының бір айлығы күнделікті тұтынатын азық-түліктен ауыспайды. Оның үстіне ипотекаға алынған үйдің несиесі тағы бар.

–    Жаз айында алтыншы перзентімді дүниеге әкелдім. Балам төрт айға толғанда жұмысқа қосылуға өтініш жаздым. Жолдасымның бір табысы ішіп-жеуімізден артылмайды. Оның үстіне жыл сайын барлық саладағы қымбатшылықтың әсері бізге оңай тиіп тұрған жоқ. Ай сайын төлейтін несиеміз бар. Балалар бірін-біріне қарап, өсіп келеді. Үлкенім жоғары оқу орнында ақылы бөлімде оқиды. Сондықтан қазір күндіз-түні жұмыс істеуімізге тура келіп тұр, – дейді көпбалалы ана.

Жасыратыны жоқ, несиені несиемен жауып отырған отбасы көп. Халыққа берілетін несиенің өсімі 24,4% құраған. Оның ішінде тұтынушылық кредит 34,5%-ке артқан. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тұтынушылық кредиттеудің қарқыны жоғары екенін айтады. «Нарықтың дамуын және халықтың кредиттік жүктемесінің өсуін қосымша реттеген жөн деп санаймыз. Осыған орай биыл Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп жеке тұлғаларды кредиттеу сегментінде капиталдың контрциклдік буферін қолдану мәселесін және басқа да шараларды әзірлейміз», – деген болатын. 

Халықтың шамадан тыс берешегін болдырмау үшін қаржы реттеушілерінің, Үкімет пен Парламенттің ортақ бастамасымен заң қабылданды. Мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кредит беруге тыйым салынуда. Қарыздарды коллекторларға беруге екі жылдық мораторий енгізілді. Тұтынушылық қарыздардың ең жоғары сомасы белгіленді. Қарыз алушының борышын шектейтін жаңа норматив енгізілді.

Бұдан былай түрлі тұрмыстық бұйымдарды, киім-кешекті несиеге алуға үйреніп қалған жұртшылық енді оңды-солды несие алмасы анық. Өйткені мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кредит беруге тыйым салынуда. Бұл бір жағынан дұрыс шешім секілді. Өз бюджетіңізді жоспарлап үйренбей, қаржылық сауатты арттырмайынша несиеден несиеге күн кеше беретініңіз анық.

Алайда күн сайын шарықтап баратын баға да қарыздың үстіне қарыз қоспайтынына кім кепіл? Оның үстіне әлемді жайлаған инфляция барған сайын үдеп барады. Ресми дерек осылай дейді. Ел билігі мен Ұлттық банк оны барынша ауыздықтап, тізгінді қолдан шығармауға тырысуда. Бір нәрсе белгілі. Қазіргі нарық заманында ешбір мемлекет кең ауқымды сыртқы факторлардың ықпалына тосқауыл бола алмайды. Әлемдік геосаяси ахуал тұрақтанбайынша, баға саясатында да бірізділік болмайтын секілді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<