Бұл өмірде бәрінің де белгілі өлшемі бар. Бейнелеп айтқанда, әр адам – өзі өмір сүрген дәуірдің жемісі, сол қоғамның қара қазанынан қайнап шыққан төл өнімі. Диалектикалық даму заңдылығы бойынша ұлық уақыт тұңғиығынан тамыр тартқан тарихымыздың жалқы да жалпы мезеттері өзіндік құндылықтарымен дараланады. Осы орайда кешегі күннің куәгері, сонау өткен мен мынау бүгінгі мезгіл аралығындағы алтын арқаулы көпір, жақсылардың жалғасы, ұрпақтар сабақтастығының ұлағатты ұстанымына айналған шежіредей, біздің сыралғы Сыр елінің бәтуәлі сөзін ұстаған абыз ақсақалымыз Ыдырыс Қалыұлының алар орны айрықша.
Ол 1925 жылы мамырдың 15 жұлдызында Қазалы ауданы Жалаңтөс баһадүр ауылында дүниеге келді. Паровоз депосында машинист көмекшісінен еңбек жолын бастады. Ұлы Отан соғысы өршіп тұрған 1943 жылы майданға аттанып, 1945 жылы жапон-совет соғысында шайқастарға қатысты.
Кейінгі еңбек жолын 1951 жылы Қазалы теміржол бөлімшесі нұсқаушылығынан бастады. Облыстық партия, комсомол комитетінде, қалалық партия комитетінде, Арал аудандық, қалалық кеңес атқару комитетінде жауапты басшылық қызметте болды. Қызылорда қаласының өсіп-өркендеуіне білікті басшы ретінде қыруар еңбек сіңірген. Ондаған завод, фабрика, комбинат, көпқабатты үйлер, Гагарин мен Титов поселкелері және «Шығыс», «Ақмешіт», «Мерей» шағын аудандары, мәдениет сарайлары, орталық стадион, т.б. нысандар сол кезде салынды.
Облыс басшысы Е.Әуелбековпен бірге кедергілерді жеңе отырып, «Құмкөл» мұнай-газ кенішінің ашылуына қол жеткізген.
Адал атқарған еңбегі «Еңбек Қызыл Ту» (2 рет), «Отан соғысы», Одақтық «Құрмет», Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және басқа медальдармен, ҚР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен төрт мәрте марапатталды. Тұңғыш рет ғылыми-академиялық стильде жазылып, баспадан шыққан «Сыр өңірі тарихы» (1998 ж) кітабының белсенді авторларының бірі болды. Қызылорда облысының Қызылорда қаласының және Арал, Қазалы, Жалағаш аудандарының құрметті азаматы.
Қазақ халқына, исі мұсылман әлеміне әйгілі Жалаңтөс баһадүрдің жасампаздық ерен ерлік істері мен қаһармандық өнегелік өмір жолын тікелей ұрпағы ретінде кеңінен насихаттап, облыс орталығында бабаға сәулеті көркем, еңселі ескерткіш қойып, есімін қастерлеуге үлес қосқан. Сыр өңірінің абыз ақсақалы санатында Қазақ елі тәуелсіздігінің тұғырлы болуына рухани дем берді. Балаларына ардақты әке, немере-шөберелеріне сүйікті ата болды.
Міне, 2017 жылдың қыркүйек айының 23-ші жұлдызында 93 жасқа қараған шағында бақилыққа озған Ыдырыс ағамыздың Жаратқан иемізден пешенесіне жазылып, бұйыртқан өмір жолының барлық баяны қысқаша қайырып айтқанда осы. Бұл аз ба, әлде көп пе? Қазіргі адамзат баласының орташа ғұмыр жасына балағанда, әлбетте шүкіршілік жасайтын жас.
Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде шыр етіп дүниеге келген Ыдырыс Қалыұлының туған ел-жұртымен бірге көретін тұрмыс теперіші мен тауқыметі шаш етектен болатын. Таршылық, тапшылықтың тауқыметін бастан кешіп, заманның зар-запыранын татуына тура келді. Қасиетті Құран Кәрімді жатқа біліп, құрметті қари атанып, ауылдағы жас жеткіншектерді имандылыққа, сауаттылыққа баулыған әкесі Қалы ұрда-жық, әпербақан, қаныпезер большевиктердің қанды қақпанынан қашып, лажсыз бас сауғалап Өзбекстанға барып, бой тасалайды. Елде шешесі Зибагүл шиеттей бала-шағасымен шықпа жаным шықпа деумен өлместің күйін кешеді. Әдепкіде шаңырақтың жалғыз бас көтерер азаматы Тілеулі теміржолда жұмыс істеп, табыс тауып жүрген. Ұзамай оның да кәсібі қысқарып, өрісі тарылып қалады. Жұттан соңғы елді жұтатқан нағыз ашқұрсақ ашаршылықтың қасіретін бұлар сол кезде көреді. Отбасындағы мүлік атаулыны сатып талғажау қылады. Әйтеуір өртенген өзекті жұбатып, өлместің қамын жасап баққан-ды.
Көзін жаңа тырнап ашқан сарыауыз балапандай дәрменсіз сегіз жастағы бала Ыдырыс та амалсыз тал қармап, тырмысып, қу тіршіліктің қамына кіріседі. Ондағы қарекеті Қазалы қаласындағы балық зауытында істейтін туыс ағасы Әубәкірдің қоймасынан балық алып, кішкене шанаға салып итшілеп сүйрелеп жүріп 9 шақырым жердегі станцияға апарып өткізіп, үйге азды-көпті ас-ауқат әкеліп жүреді. Бір күні ол да таусылды. Ақырында ашқұрсақ жандар көн етікті суға қайнатып жейді. Тұла бойыңды тітіренткен неткен сорақы, сұмдық, қасіретті жайт десеңізші бұл. Осылайша әлі де өмірден үмітін үзбей, тіршілік үшін күрескен отбасының соңғы күш-қуаты сарқылуға таяған шақта… О, құдірет, Жаратқанның мейірімінде шек бар ма?! Түн ішінде есік қағылып, сырттан сүйікті әкесінің сағынышты сұлбасы көзге шалынады. Сөнуге бет алған өмір оты қайта маздап жанды. Әкесінің көрші өзбек елінен екі түйеге теңгеріп әкелген мол астығы бұларды ажалдан арашалап қана қоймай, келешектегі келелі тіршіліктің ізашарына айналды.
Өмірге деген ерен құлшыныстың егесіне айналған Ыдекең оқуға, білімге тынымсыз талпынды. Сегіз сыныпты ауыл-аймақ төңірегіндегі бес бірдей мектепте әр жылдары, әр жағдайда тұрмыс тауқыметін көре жүріп, ақыр аяғында ойдағыдай тәмамдап шығуы таңғаларлық жайт емес пе? Мұнымен де қанағат тұтып қалмай, майданда әскери міндетін өтеп қайтқан соң соқталдай жігіт шағында орта мектептің толық бағдарламасын оқып, тауысып аттестат алады. Одан әрі де атының басын тежемей, асқақ арман жетегімен асқар Алатаудың баурайындағы Алматының КазГУ атты жоғары оқу орнының философия-экономика факультетіне түсіп, үздік оқып бітіріп шықты.
Ағамыз 1943 жылдың наурызында армияға алынып, соғыс өрті лаулап жатқан Батысқа қарай бет түзейді. Алла жар болса дауа бар ма, бұлар мінген эшелон қан майдандағы ұрыстар қайнап жатқан Белгород қаласына жақындағанда Бас қолбасшының бұйрығы келіпті: «тәжірибесі жоқ жастарды отқа салмаңдар, соғыс өнеріне үйретіңдер» депті. Осылайша олар тағдыр айдап жапон милитаристерінің Қытайдан жаулап алған Маньчжурияның шекарасындағы Даурия деген жерге келіп түседі. Алдағы алапат айқасқа дайындалады. Жапонияның соңғы техникамен жабдықталған сақадай сай, басынан бақайшағына дейін қаруланған қуатты армиясымен қырғын соғыс 1945 жылдың тамыз айында Хайлар, Харбин бағытында болады. Жылан жорғаламайтындай бетондап тастаған, тас түйін шекараны бұзып-жарып, жаудың үздіксіз оқ боратып тұрған пулемет, атқылаған артиллериясының жер қопаратын жарылыстарына қарамастан, біздің әскерлер белсенді қарсы шабуылға шығып, бір жетіден кейін Хайлар қаласын алады. Сонымен тамыз айының 20-сында кеңестік Забайкал майданының жауынгерлері 40 миллион халқы бар Маньчжурия жерін дұшпаннан түгелдей азат етеді. Жеңіс біздің жасақтарымыз үшін сан мыңдаған құрбандықтармен келді. Соғыстың соңғы солдаттары – қарулас жолдастарының дені жат жерде қазаға ұшырады. Ал келешек көретін жарығы бар Ыдекең қар жастанып, мұз жамылып, сыз окопта жатып, соғыстың барша қияметін бастан кешіп, полктің комсомол жетекшісі ретінде сарбаздарды жеңіске үндеп, бүкілхалықтық іске азаматтық үлкен үлесін қосады. Бас-аяғы жеті жылдан соң ғана атажұртқа оралды.
Туған жер төсінде Қазалының Қанзира есімді ару қызымен көңіл жарастырып, ортақ отау тігіп, Қызылорда қаласында тұрақты мемлекеттік қызмет атқарғанда да жас жұбайлардың тұрмыс ахуалы аяғынан қаз тұрып кете қойған жоқ. Пәтерден пәтер жалдап, едені шаң, топырақ, қабырғалары ыза теуіп қабыршақтанған кәдуілгі жатаған саман үйлерді паналайды. Таршылық, жоқшылықты көрді, бұйырған несібесін терді. Ағамыз бар мүкәммалы саналатын теміржолшылардың әскери кителі және жалғыз ақ жейдесімен жүріп-ақ жұмыс атқарды.
Кейін Қызылорда қалалық ауатком төрағасы болып тұрғанда бір тұрмысы жүдеу кембағал қарт кісіге тәуекелге барып кезектен тыс қазынаның үйін алып береді. Екінші жолы Сыр күрішін ел ырысына айналдырған ақ күріштің атасы, әлемдік рекордшы, екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаев ақсақалға «қарағым, осы қалаңа жиынға келсем түсетін өзіме қарасты шаңырағым жоқ, еркін аяқ созып жата алмаймын, немереме үй берсең жағдайымды жасар еді» деген жалғыз ауыз сөзін жерге тастамай, елеп-ескеріп, құрмет көрсетіп, советтің бюрократтық қасаң қағидаларын белден басып, көпқабатты үйден пәтер беріп жіберді. Ол үшін кейін заңды бұзушы ретінде жауапқа тартылу қаупі төніп тұрса да, азаматтық жасаудан тартынып қалмайды.
Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып істегенде Ы.Қалиев тарихта бірінші рет сол кездегі билік басындағы облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланады. Егер ондай дәрежелі санатқа бүкіл аймақ бойынша әбден саяси және тәжірибе сүзгісінен өткен 9 адамның ғана лайықты болатынын ескерсек, бұл – оған көрсетілген үлкен құрмет пен сенімнің белгісі. Мұның үстіне ол тұста обком партияның бюро мүшелерінің құзыреті күшті, лауазымдық деңгейі жоғары, мүмкіндігі мол болатын. Осылайша оның өзі айтқандай, партияның сеніміне еніп, қосымша күш алып, қайраттанып, комсомол жұмысын алға бастыруға белсене кірісті. Бұл қызметте облыстың әлеуметтік-экономикалық һәм рухани дамуына жас өркеннің мейлінше мол атсалысуына жұмыс істеді. Азулы да қажырлы комсомол басшысы болды. Сол кезде өңірдің алдындағы кезек күттірмейтін басты міндет «Қызылорда» су бөгетін тездетіп бітіру еді. Бірақ қол күші жетпейді. Содан Қазақстан комсомолының пленумында сөз сөйлеген Ыдырыс Қалиев «бұл нысан Қазақстанның комсомол құрылысы болып жарияланса» деген ұсыныс жасайды. Оны пленум қолдап, арнайы қаулы қабылдайды. Нәтижесінде республиканың бес облысынан бөгет құрылысына құрыш қолды жас құрылысшылар келе бастайды.
Сыр бойын күрішті алқапқа айналдырып, мал шаруашылығын өркендетуге комсомолдар тікелей араласады. Оған қоса облыста комсомол жастардың 6 тауарлы сүт фермасы, 16 ірілендірілген шопандар бригадасы құрылды. Мүмкіндіктер жете пайдаланылып, оларға қажетті жағдайлар жасалып, электро-механикаландырылған техникамен, жемшөп, тұрғын үй, тағы басқамен қамтамасыз етілді.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, ағамыз кезінде бүкіл советтік Шығыс жастарының көсемі болып танылған талантты жерлесіміз, аққан жұлдыздай жалындап, жарқырап, жанып өткен азамат Ғ.Мұратбаевтың әділетсіз ескерусіз қалған қадірлі есімін жарыққа шығарды. Архивтерді ақтара отырып Ғанидің одақтың астанасы Мәскеуде Коммунистік Жастар Интернационалының (КИМ) Шығыс бөлімін басқарған кезінде еліне жасаған ерен еңбегінің ізін індете іздеп тауып, тиісті басшылардың алдынан өтеді. Әдепкіде түсініспеушіліктің салдарынан теріс пиғылдар болғанымен, кейіннен бұлтартпас нақты дәлелдермен тақырыпқа соңғы нүкте қойылып, толағай тұлға тағылымы мойындалады. Ғани Мұратбаевтың аты мен елге жасаған еңбегін еске түсіру үшін республикалық конференция ұйымдастырып, онда өзі мазмұнды баяндама жасады. Алқалы жиынға Қарақалпақстаннан Ғанидың қарындасын, әйелі Бақытжанды Талдықорғаннан тауып алдырып, Алматы, Ленинград, Фрунзе, Ташкент, Ақтөбе мен Семейден қызметтес болған комсомол ардагерлерін шақырады. Олардың ішінде Сара Есова, Өтебай Тұрманжанов, Жүсіпбек Арыстанов, Н.Оцуп, Әуелбек Қоңыратбаев, Асқар Тоқмағанбетов, т.б. бар еді.
Ыдекеңнің өзі өркен жайдырған мәуелі әулетін мәңгілікке тұрақтатып, туын тіккен және ер қайратын еселеп жұмсаған құтты ордасы Қызылорда қаласы болғаны баршаға мәлім. Ол бағын да, базарын да, бақытын да осы берекелі мекеннен тапты. Жанына жақын атажұртына айналған қаланы көркейтіп, көріктендіріп, абаттандыруға бар күшін салды. Жұмысты көшелерді тегістеп, тәртіпке келтіруден бастайды. Орталық су құбырын, канализация жүргізіп, шағын асфальт зауытын салуға қол жеткізеді. Ол кезде негізінен қалада бірқабатты үйлер болатын. Алғашқы үш, төрт қабатты үйлер Абай даңғылы мен Шүкіров көшесінің қиылысынан ірге көтерді. Екі ірі целлюлоза-қатырма қағаз бен ет комбинатын қатар салу бірсыпыра түйінді істердің арқауын шешеді. Қаланың батыс жағына өндіріс нысандарын, оңтүстік шығысына күрделі құрылыс базалық нысандарын шоғырландыруға ұйғарым жасалады. ЦКЗ өндіріс орнының құрылысы бүкілодақтық екпінді комсомол жастар құрылысы болып жарияланып, одақтың Украина, Молдавия, Татарстан, Башқұртстан және Қазақстанның көптеген облысынан жүздеген жалынды, жігерлі жастар келді.
Мұнда да жұмыстағы бір шикілік алдынан андағайлап шығады. Құрылыста күні-түні 3700 адам жұмыс істейді. 1961 жылы 5 қарашада комбинаттың бірінші бөлімі жартылай целлюлоза шығарып, бүкіл қызылордалықтардың мерекесіне айналды. Дегенмен құрылысшылар 3 ай жалақысын ала алмай, жұмысқа шықпай шеру ұйымдастырамыз деген толқулар байқалды. Сондықтан мұндағы штабтың бастығы Ы.Қалиев СОКП ОК хатшысы, Одақтық Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Бақылау комитетінің басшысы А.Шелепиннің атына жағдайды баяндап шұғыл жеделхат жолдайды. Шалт жасалған қадам жұмысшы қауым үшін оң сипатта шешіліп, еңбекақыларын алғанымен, Ыдекеңнің өзіне ауыр соққы болып тиеді. Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы С.Ниязбеков құзырына шақырып алып, оған республикалық, өлкелік басшылардың басынан аттап, сонау жоғарыға шағымданып бетімен кеткен бұл бассыздығы үшін штабты таратып, қызметтен босатып, партиялық мәселесін бюрода қарауды тапсырады. Түсініктеме сөзді ұқпайды. Сонда ағамыз:
– Жұмыстан ала беріңіздер, партиядан шығара алмайсың. Партбилетті майданда алғанмын, – деп есікті тарс жауып шығып кетеді. Әйтеуір тек арты қайыр, кейіннен ақиқат ахуал анықталып бәрі қалпына келеді.
Ендігі кезекте қалаға жылу және электр қуатын беретін қуатты ТЭЦ салу қолға алынып, ол мақсат та ойдағыдай орындалды. Қызылорда қаласы атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанда Қалиев қатаң жұмыс тәртібін ұстанып, таңғы сағат 6-да милиция, комхоз, тұрғын үй, санэпидстанция, жол құрылысы басшыларын жанына ертіп алып көшелерді аралайды. Көзделетін мәселе – жалпы тәртіп сақтау, тазалық, көркейту мен көгалдандыру. Содан сағат 8-ден өте жұмысқа келіп үлгереді. Оның есесіне жағдайдың бәрі алақандағыдай, шаһардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп-біліп отырады. Осы кезеңде ол екі мәселе бойынша облыс басшыларымен текетіреске келеді. Министрліктен Қызылордадағы сыра зауытын жауып, орнына тарататын қойма ашамыз, Шымкент сыра зауыты жаңа технологиямен жабдықталады, жылына 7 миллион декалитр сыра шығарады, екі облысқа жетеді дейді. Бұған Ыдекең қатты қарсылық көрсетеді, бірақ амал бар ма, тар ойлы бюрократия жеңеді. Екіншіден, тұрғын үй тұрғызуға жер сұраушылар көп. Ал қаладағы үйлерді бұзып салуға уақыт күттірмейді әрі орасан шығын. Сондықтан тұрғын үй салу үшін жер жұртшылыққа таза алаңнан бөлінуі керек деп бұл кісі өз уәжін айтады. Жаңа сүт зауытының қасы, ТЭЦ-ке жақын, осы арадан бас жоспар бойынша 20 мың бір қабатты саяжай үйлерін салу қажеттігін дәлелдейді. Онда су басатын аймақ, жерасты суы жақын болғандықтан көпқабатты үйлер тұрғызуға жарамайды дейді. Бірақ тағы да жоғарғы басшылардың беделі басым түсті, есесіне кейінгі уақыт ағымы Ыдекеңнің ұстанымының дұрыс екенін айқындап беріп отыр.
Қызылордада құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді, қала орталықтағы 9 көшеге шоғырланады, 9-12 қабатты үйлер бой көтереді деп межеленді. Тозығы жеткен ескі үйлер қиратылып, жаңа құрылыстар түсті. Орталықтағы көпқабатты тұрғын үйлер целлюлоза-картон комбинатының қаржысы есебінен тұрғызылды. Жұмысшыларға арналған Гагарин, Титов поселкалары және «Ақмешіт», «Мерей», «Шығыс» тұрғын үй аудандары пайда болды. Қазіргі А.Тоқмағанбетов пен М.Ералиева атындағы мәдениет сарайлары, облыстық музей, облсот, телевидение, университет ғимараттары, қалалық аурухана, орталық парк, мектептер, саябақ алаңдары, скверлер, кинотеатрлар, пионерлер сарайы мен демалыс паркі, т.б. нысандар бой түзеді. Спортқа бюджеттен қаржы аз бөлінгендіктен, қаланың қоқыс тастайтын алаңқайын халықтық асар әдісімен, ал кеңестік ұғымда сенбілік, жексенбіліктер өткізу арқылы тазалап, дайындап, әр жерден аз-мұз қаржы іздестіріп тауып, орталық стадионды салып шығады.
Бәрі жақсы-ау. Бірақ бір кем дүние демекші, Ыдырыс Қалыұлының үлкен бір өкініші одақтық, республикалық тиісті министрліктен Қызылордада мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі кемел келешекті көздеген тамаша ұсынысын сол тұстағы облыс басшылары «бізде жерасты суы жақын, ондай өндіріс лас, айнала төңіректі бүлдіреді» деген жөнсіз желеумен бас тартқаны өмір бойы өзегін өртеумен кетті. «Қазір көріп отырмыз, бұл өндіріс нысаны лас емес, нағыз алтын екен ғой» деуші еді ол кісі. Есесіне сол зауыттың қызығын бүгінде көршілес шымкенттіктер көріп отыр.
Сыр елі үшін тағдыршешті тарихи оқиға жайлы Ыдекеңнің өзі жазған кітабында Мәскеуде арнайы іссапармен болып, аймағымыздың өміршең мәселелерін шешуге қатысты одақтық қаулыны дайындау үшін 14 министрден келісім құжатын алып, 16 жоспарлау комиссиясының қолын қойдыру керек болғанын айтады. Одақтың мүйізі қарағайдай мықтыларының қатарында астық дайындау министрі 74 жастағы Коломенко, Мұнай-газ министрі Черномырдин, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, әлемге әйгілі академик, Машина құрылысы министрі Славский, Теміржол министрі Конарев, тағы басқа биік лауазымды тұлғалардың ресми қабылдауында болып, тіл табысып, түсінісіп, келісімдерін алып, маңызды құжатқа қол қойғызып, түйткілді мәселелерін оңтайландыруға байланысты былайша баяндайды:
«…Осы жайды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әуелбековке тегіс баяндап, телефон арқылы жеткіздім. Енді тек қана М.Горбачевтың келісімі керек, ал мен оған шыға алмаймын дедім. Еркін Нұржанұлы Горбачевпен сөйлесіп үлгеріп, ымыраға келсе керек. Шамамен бір сағат уақыт өткенде Н.Рыжков маған кірсін деді. Кабинетіне кіріп едім, ол кісі жылы қабақ танытып, бағанағыдай емес көңілді. Бетіме бір қарады да, ұсынған қаулымды алды.
Бұл 1986 жылдың 26 желтоқсаны еді. «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономиялық дамуын жеделдету жөніндегі» қаулысына қолын қойды. Бұл облыс тарихында осы тақырыптағы ең жоғарғы дәрежеде алғаш рет қабылданған қаулы еді». Сол арқылы міне, бақандай 40 жылға жуық уақыттан бері қызылордалықтарға негізгі күнкөрістің көзі, олжалы нәпақасы болып келе жатқан «Құмкөл» мұнай кенішінің ашылуына осылайша берік негіз қаланған болатын.
Ы.Қалиев қазақтың маңдайына біткен асыл да ардақты тұлғаларының тұқымынан екенін айтпақ парыз. Оның арғы даңқты бабасы қарадан шығып хан болған Сейітқұл қажыдан тараған ұрпағының хас жауһарларының бірегейі – Самарқанды 40 жыл билеген, Тұранның жолбарысы, Орта Азияның ақырғы арыстаны Жалаңтөс баһадүр һәм Қазақ хан кеңесінің 19 жыл мүшесі болған әйгілі Әйтеке би. Перзенттік парызын адал орындаған 8-ұрпағы ретінде Ыдекең Жалаңтөс баһадүр атындағы арнайы қор құрып, оны басқарып, даңқты бабаларының ел үшін атқарған ерен еңбегін халыққа кеңінен насихаттады. Оларға арнап ескерткіш орнатылды, көшелерге аттары беріліп, кітаптар жазылды. Ежелден бауырлас қазақ пен өзбектің арасы жақындай түсіп, Самарқан, Бұхара жерінде екі жақтың ізгі ниетті азаматтары сан мәрте бас қосты. Жалаңтөс баһадүрдің кесенесі жаңа сәулет бойынша жаңғырды.
Ендігі бір мерейлі әрі орайлы ақжолтай оқиға сол, Ыдекең бабаның басына кезекті бір сапарлап барғанда оларға ілескен Қызылорда облыстық телеарнасының тарихи деректі фильм түсіруді мақсат тұтқан түсіру тобының журналистері кәсіптік машықтарына тән әрекетпен өзбекстандық ақсақал, діндар кісілерден, шырақшылардан сұрастыра отырып қазақтың әйгілі биі Әйтеке бабаның қабірін табады. Кейіннен баба ұрпақтары және қазақстандық белсенді тұлғалар мен бизнес өкілдері сол тұстағы еліміздің Өзбекстандағы елшісі Зауытбек Тұрысбековтың жанашырлық танытуымен екі атаның басын көтеріп, қазіргі заманғы кереметтей көрнекті кесене тұрғызады. Бұл да ағамыздың аталар аруағы алдындағы парызының өтеуі іспетті.
Ақтық деміне дейін елі мен жеріне адал қызмет жасаған, ұлағатты ұл болып өмірден өткен Ыдырыс Қалыұлының дүние есігін ашқанына 100 жыл толуына орай Қызылордада арнайы ас беріліп, аруағына арнап Құран оқылмақ. Ол кісі зейнетке шыққан соң да азаматтық белсенді қалпынан айныған жоқ. Облыстың барлық ірілі-уақты шараларына атсалысып, ой-пікір білдіріп, тілеуқор да батагөй абыз ақсақалымыз болып бақилыққа аттанды. Адам қызығарлықтай өнегелі де өрнекті өмір сүріп, сирек те тағылымды тағдырдың егесі болып бұл фәниден озды. Артында жақсы аты, ғұлама шежіредей шерткен хаты, ал ең бастысы ұлағатты ұрпағы қалды.
Бүгінде Ыдырыс аға мен Қанзира апаның отбасынан өрген ұлы Серікжан, келіні Гүлжан, олардан туған Нұргүл, Айгүл, Сәбитжан және қызы Фарида, күйеу баласы білікті дәрігер Жалғастан ерген Заманбек пен Исламбек қасиетті әулеттің туын жоғары ұстап, шаңырақтың ұйытқысына айналып, ата-аналарының ақ жолымен жүріп, өнегесін адал орындап, ұрпақтар сабақтастығын сәтімен ұзарту үстінде.
Мен 1962 жылы Қызылорда қаласына аяқ басқан кезімде алғаш рет Ыдырыс аға мен Қанзира апамның ақ дастарқанынан дәм татқанымды әрдайым мақтаныш етемін, санамда өмір бойы ұмытылмайтын сәт болған-ды деп үнемі еске аламын. Жақсының аты да, артында қалған хаты да өшпейді деген осы болса керек.
Сайлаубай ӘБІШҰЛЫ,
облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы