Қызылорда

1007

0

Туған өлкем – Сұлу Сырым, байтағым,
Сенен ғана шабыт алып қайтамын.
Бал-бұл жанған бақытымды байқадым,
Сол үшін де, саған алғыс айтамын.

Сұлу Сырым, қалай қиып кетемін,
Мен өзіңді өлгенше жыр етемін.
Үмітімді үкілеген сен едің,
Теңдесі жоқ менің текті мекенім.

Аңызымын әлем білген Аралдың,
Өзіңді еміп тотықұстай тарандым.
Тұрмағанбет, Балқы Базар, Нұртуған,
Нартай, Манап жырларынан нәр алдым.

Ойға шомдым, Қорқыт ата жанында,
Басымды идім бабам салған сарынға.
Жауды жеңген Жанқожаның жұртымын,
Мұстафаның тектілігі қанымда.

Сұлу Сырдың келбетіне қарашы,
Ежелгі Ордам – Алашымның анасы.
Сыры бөлек Сыр маржаны осында,
Жайқалып тұр Жақаевтың даласы.

Тарихтан сыр шертер Орда есімі,
Сенде ашылған театрдың есігі.
Қазағымның астанасы алғашқы,
Тұран далам – тектілердің бесігі.

Сұлу Сырым даңқың кетті алысқа,
Сан жұлдызың жарқырады жарыста.
Айбатты ұлдар айға сапар шегуде,
Байқоңырдан бастау алып ғарышқа.

Ынтымақ пен бірлік болып тірегі,
Сан соқпақтан сүрінбеген Сыр елі.
Еңбекпенен еселеген ырысын
Ұл-қызының жасымаған жігері.

Даламызда қалды қанша ертегі із,
Олар жайлы талай дастан шертеміз.
Ұрпағының санасында жатталған,
Тарихымнан сыр шертеді өлкеміз.

Сұлу Сырым биікке еңсе тіктеген,
Сендегі ырыс басқаларға бітпеген.
Бүгін жеткен биігіңнен құлама,
Көркейе бер, қарыштай бер, құт мекен!

 

Әбілхайыр Сыздықов.
фото авторы: 
Нұрболат Нұржаубай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<