19 миллионға жеттік!

545

0

Елдегі халық саны 19 миллионға жетті! Сүйіншілейтін жаңалықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында бөлісті.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді. Жәния – отбасында төртінші бала. Ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтаймын. Бауы берік болсын!» – делінген жазбада.

Ұлттық статистика бюросы Жәнияның 20 маусым күні Алматы қаласында дүниеге келгенін хабарлады. Анасы – 1986 жылғы Назгүл Көбентаева, әкесі – 1982 жылғы Азамат Нұрғалиев. Жәния – отбасындағы төртінші бала. Филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омаров Facebook-тегі парақшасында демограф-ғалым Мақаш Тәттімовтің теориясын негізге алып: «Төртінші перзенттен бастап қана халықтың жалпы өсіміне үлес қосылады. Сондықтан бұл сәби қай жағынан да ақжолтай болып тұр», – депті.

Бюро хабарламасына сүйенсек, тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандықтар саны 2557,9 мың адамға (15,5%) өскен. Облыстық статистика департаменті жыл басында сырбойылықтар саны 814,6 мың болғанын жеткізді. Ал 1991 жылы 592,4 мың ғана еді. Егемендік алған ең алғашқы жылы өңірде 18,3 мың бала өмірге келсе, одан кейін көрсеткіш біршама төмендепті. Тек 2015 жылға қарай бала туу деңгейі жоғарылады. Өткен жылы 21,8 мың бала жарық әлем есігін ашты.

Тәтімов теориясына салсақ, биыл тәуелсіздік мерейтойы екенін ескерсек, кішкентай Жәнияның жолы жеңіл болатынға ұқсайды. Лайым, солай болғай!

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<