3849 талапкер – грант иегері

792

0

Республика бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының қорытындысы жарияланды. Бұл ретте Сыр елі талапкерлері де үміт үдесінен шығып, мемлекет есебінен ұсынылатын тегін білім алу мүмкіндігін иеленді. Дәлірек айтқанда, биыл өңірде 5 184 оқушы мемлекеттік грантқа өтініш берген болса, олардың 3 849-ы грант иегері атанды. Айта кетейік, өткен оқу жылымен салыстырғанда грант иеленгендер саны 791 түлекке көбейіп отыр. Жалпы биыл республикада 75 мыңнан астам талапкер құжат тапсырған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл грант­тардың жалпы саны 5 мыңға артқан. Оның ішінде «Білім беру», «Денсаулық сақтау», ақпараттық ком­муникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтар қамтылған. Бұл орайда облыс бойынша грант иеленген 3 849 оқушының басым бөлігі педагогикалық және техникалық мамандықтарды таңдағаны байқалып отыр. Нақты айтқанда, 1303 талапкер педагогикалық, 361 түлек медициналық бағытты таңдаса, 1173 үміткер техникалық мамандықтарға талпынған. Ал, 217 түлек ауыл шаруашылығы бағытына қарай шешім қабыл­дапты. Сонымен бірге, 795 түлек өзге де маман­дық иесі болуды көздейді.

Тағы бір дерек, 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын белгі» иегерлерінің 190-ы, яғни 35% педагогикалық бағыттағы мамандықтар бойынша оқуға қабылданған. Бұл нені біл­діреді? Ойлап қарасақ, «Педагог мәртебесі» арнайы заңы қабылданып, салаға әлеуметтік қолдаудың көлемі жыл са­йын артып отырғаны, сондай-ақ студенттер үшін берілетін шәкіртақының да көлемі жоғары болғаны аталған салаға деген сенімді арттыра түскен сияқты.

Колледждерге келсек, бү­гін­гі таңда білім саласында жүзе­ге асырылып отыр­ған  «Жас маман» жобасы сұра­нысқа ие 100 мамандық бойынша білікті мамандарды даярлау­да халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған. Жобаға облыс бойынша 2020 жылы 4 колледж, 2021 жылы 5 колледж, жалпы 9 колледж енгізілді. Өткен жылы колледжді 5988 түлек бітірген болса, 5130 жас маман жұмысқа орналасқан.

Өздеріңізге белгілі, қалып­тасып отырған эпидахуалға байланысты өткен жылы жалпы еліміз бойынша оқу процесі онлайн форматта жүргізілді. Осы орайда ата-аналар тарапынан балалардың білім деңгейі төмендеп кетеді деген алаңдаушылық болған еді. Бұл – орынды пікір. Дегенмен, дер кезінде білім беру ұйымдары үшін барлық мүмкіндіктер жасалғандықтан, орташа білім сапасы өз деңгейінде еке­нін биылғы грант иегерлері арқылы айқындауға болады.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<