Әлем әдемілікке құштар

488

0

Олимпиаданың ашылу салтанатында елдің туын Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова алып шыққан еді. Жапондықтардың сүйіспеншілігіне бөленген Ольга бірден-ақ Химе-Ханшайым атанды. Себебі біздің команда MAI HIME телехикаясы музыкасының сүйемелдеуімен алаңға шыққан.

Сол күні әлемдік жанкүйерлер де Twitter парақшаларында қазақстандық делегация туралы тамсанып жазып жатты. Ал, Ұлттық Олимпиада комитетінің Instagram парақшасы шетелдіктердің жылы лебізіне толды.

Шеруде ел туын көтеріп шыққан қос спортшының қазақы нақыштағы киімі Ұлттық Олимпиада комитетінің тапсырысы бойынша тігілген. Көз жауын алған киім үлгісін әзірлеуге ­Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының мамандары үлес қосып, алматылық модельер Виолетта Иванованың қолымен тігілген. 

Әлем әдемілікке құштар. Сол күні-ақ жапондық қылқалам шебері Нісо Қамшыбек пен Ольганың суретін салды. Сүйкімді аниме стиліндегі суретте Ольга шынымен-ақ ханшайым секілді.

Әдеттегі спортшылардың киімі белгілі. Бас­тысы костюмнің ыңғайлы, еркін болуы еді. Ал бұл жолы ақ костюмге оюдың бедерленуі қазақы болмысты Қамшыбектің нар тұлғасын биіктете түсті. Спортшы болғасын, атлет қыздың шалбары бар костюм киюіне де болар еді. Бірақ, нәзік әрі кестелі көйлектің етек-жеңі ұзын болуы Ольганың сұлулығын айшықтады.

Айта кету керек, бұрын дәстүр бойынша қатысушы мемлекеттердің шеруінде ел байрағы бір спортшыға табысталатын. Кейін гендерлік саясатты насихаттау мақсатымен Халықаралық олимпиада комитеті ел туын бір ер және бір әйел адамның алып шығуын міндеттеді.

Есті ел ерекшелігін ескеріп жүреді. Әлем көз тіккен аламанда қазақы болмыс, сан мың жылдық мәдениетіміздің озық болғаны қуантады. Халық арасында үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек деп әнге қосылған біздің киімнің бағасын жұртшылық осылай биіктетті. Ал, олимпиадашыларымыздың формасын Forbes журналы ең стильді униформа қатарына қосты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<