«Әрбір адамның өмірі қымбат»

294

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында комиссия құрамына енгізілген өзгерістер туралы хабарлады.

Енді комиссияға облыс әкімі төрағалық етеді. Алқаның жаңа мүшелері –  Мақсұт Нәлібаев төраға орынбасары, Манарбек Еспенбетов жұмыс берушілердің тарапынан мүше ретінде қосылса, Мұхитжан Кәрімбаев облыстық энергия консорциумының төрағасы, Омархан Пашкенов ҚР Фермерлер қауымдастығының облыс­тық филиал төрағасы қызметтеріне тағайындалды.

Отырыста еңбек даулары мен өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытындағы шаралар талқыланды. Жиында облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов жыл басынан бері облыста кәсіпорындар мен мекемелерде 91 тексеру жүргізіліп, 151 заңбұзушылық анықталғанын айтып өтті. Оларды жою және болдырмау жөнінде 65 нұсқама беріліп, оның 58-і орындалса, 151 бұзушылықтың 125-і жойылған, қалғандарының мерзімі бар. Тексеру қорытындысымен 896,9 мың теңге мөлшерінде 12 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың 493 өтініші қаралып, белгіленген тәртіпте жауап берілген. Жыл басынан бері ықпал ету шаралары нәтижесінде 8 кәсіпорынның 1911 жұмыскеріне 209,6 млн теңге жалақы қарызы төленді.

Сондай-ақ, жалақыны көтеру және еңбекақы қарыздарын өтеу мәселелері талқыланды. Облыс әкімі еңбек дауларын шешу жолдарын тез арада қарастырып, нәтижесін баяндауды тапсырды. Мұнан бөлек, жиында өндірістегі жазатайым оқиғалар мәселесі қаралды. Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы 7 айда тіркелген 48 жазатайым оқиғаны арнайы тексеріп, оның 23-ін еңбек қызметімен байланысты деп таныды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі компания басшыларына өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алуда тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді. Ал, Қызылорда қаласы, аудан әкімдері және басқарма басшыларына облыстық кәсіподақтар орталығымен, жұмыс берушілер және жұмысшы ұйымдарымен бірлесіп, үшжақты комиссия қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды.

– Туындайтын мәселелерді алдын ала болжап, еңбек ұжымдары және жұмыс берушілермен ашық әңгімелескен жөн. Жедел әрекет жасап, кез келген диалог түрлерін пайдаланыңыздар. Әр аптаның сәрсенбі күні еңбек заңнамасын түсіндіру үшін «Ашық есік күні» ұйымдастырылсын. Бұл мәселелер жеке бақылауымда. Компаниялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныстар 5 күн мерзімінде әзірленсін. Біз үшін әрбір адамның өмірі қымбат», – деді облыс әкімі.

Берілген тапсырмалардың орын­далуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменоваға жүктелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<