Әзірге үш қола

400

0

жерлестер қашан сынға түседі?

Адамзат баласы асыға күткен Токио Олимпиадасы төрге озды. Айтулы аламанның 2020 жылдың жазында өтуі жоспарланған еді. Күллі әлемді дүрбелеңге салған қатерлі індет салдарынан беделді бәсеке бір жылға кейінге шегерілді. Биыл да өтуі күмән туғызған еді. Десе де, барша жұрт тәуекелге бел буып, дүбірлі доданы ұйымдастыруға оң шешім қабылдады. Жарыс барысында барлық санитарлық талаптар қатаң қадағаланады.

Өткен аптаның жұмасында дүние жүзіндегі барша жан­кү­йерлер Олимпиаданың ашылу салтанатын тама­ша­ла­­ды. Әлемнің әр қиырынан келген саңлақтармен бірге қазақстандық спортшылар Олим­пиада шеруінде жүріп өтті. Биыл еліміздің туын ұс­тап шығу мәртебесіне қызылордалық боксшы Қам­шы­бек Қоңқабаев пен Шығыс Қазақстан облысының атынан сынға түсіп жүрген Ольга Рыпакова ие болды. Әлемдік дизайнерлер Қазақ­стан ұлттық құрамасының киімін жоғары бағалап, оң бағасын берді. Қамшыбек пен Ольганың да үстіне киген киімдері ұлттық ою-өрнекпен кестеленіп, көрер­менді өзіне ерекше баурай білді. Жер шарының түкпір-түк­піріндегі жанкүйерлер Ольга­ның киген киімі мен көрікті келбеті бір-бірімен үйлесім тауып тұрғаны жөнінде ой-пікірін білдірді.

Жарыстың ашылу салта­наты өткен күннен кейін спорт­шылар бірден-ақ жарыс көрігін қыздыра түсті. Ашығын айтайық, қазақстандық жан­күйерлер дзюдошы Елдос Сметовтің сайысына назар аударды. Талай дүбірлі додада татами төрінде жеңімпаз атанған жампоз балуан бұл жолы да барын салды.

Алғашқы белдесуінде оған түр­киялық Михраш Аққұс жолыққан еді. Айта кетерлігі, Елдос бұл қарсыласымен бұрын-соңды кездесіп көрген емес. Сырын білмейді. Сондықтан ә дегеннен әбжілдік көрсетуге ұмтылды. Өзінің ойлағаны жүзеге асты. Түрік балуанын таза жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Ендігі қарсыласы – Оңтүстік Кореядан келген Ким Уон Жин. Әдетте, корей балуандары дзюдодан мықты екені белгілі. Шеберлігімен ерекшеленеді. Елдос екеуі де жиі кездескен еді. Қос балуан арасындағы үш кездесудің екеуінде корей балуаны жеңіске жетті. Біреуінде Елдос басым­дық танытты. Олимпиада тө­рінде төрешілер қазақстандық бал­уан­ның қолын көтерді. Осылайша ол жартылай финалға жолдама алды.

Мұндайда жеребе жолдас болмады дей ме? Жартылай финалда Елдосқа жапониялық Наохиса Такатоның жолыққанын қараңыз. Екеуі бұған дейін бес мәрте белдескен екен. Барлығында жапон жігіті жеңіске жеткен. Бұл жолы да Такато жарысты жалғастырды.

Ендігі кезекте қола медаль үшін белдесуде нидерландылық Торнике Тсакодеа қарсылас атанды. Жүлде қол созымда тұр. Жеңілсе одан құр қалады. Тайталас соңына дейін жүрді. Екі балуанның белдесуі «алтын ұпаймен» шешілді. Оған Сметов ие болып, Токио олимпиадасының қола жүлдегері атанды. 2019 жылғы Будапешт Гран-приінің жартылай финалында да жеңімпаз атанған еді.

Тағы бір қола жүлдені ауыр атлет Игорь Сон алды. Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. Төрешілер Игорь Сонның екі мүмкіндігін есепке алған жоқ. Қоссайыс қорытындысы бойынша ол 294 келіні бағындырды.

«Токиоға дейін мен мұндай салмақ көтерген емеспін. Демек, бұл – менің ірі жарыстарда көрсеткен ең жоғары нәтижем. Жаттығу залында қарсыластарды бақылап отырдық. Басты қарсыласым зілтемірді қи­сай­тып алған кезде де уайымым кете қоймады. Бәрі болуы мүмкін ғой. Мен жұлқа көтеруден жақсымын, серпе көтеруде біраз қиындық бар. Ал төрешілер есептемей қойған екі мүмкіндікке келер болсақ, екеуінде де шынтағымның қозғалғаны кері әсер етті. Барлығы таза болуы керек», – деді Сон.

Олимпиадада қазақстандық был­ғары қолғап шеберлері де сәтті ойын көрсетіп келеді. Қазірге дейін шаршы алаңға шыққан Сәкен Бибосынов (52 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Закир Сафиуллин (63 келі) алғашқы сынақтарынан сүрінген жоқ. Алда Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Коңқабаев (91 келіден жоғары) сынды саңлақтардың жекпе-жектерін тамашалайтын боламыз.

Күншығыс еліндегі бәсекеде теннисшілер ала-құла ойын көрсетіп жүр. Елена Рыбакина алғашқы екі кезеңнен іркілмей өтсе, Михаил Кукушкин енді екінші бәсекесін өткізеді. Ал құрама сапынан Ярослава Шведова, Зарина Дияс, Юлия Путинцева және Александр Бублик түрлі себептермен жарыс жолынан шығып қалды.

Әзірге спорттың өзге түрлерінен қазақстандықтар көңіл көншітерлік нәтиже көрсеткен жоқ. Десе де, жүлде қоры толыға түседі деген ойдамыз.

Токио Олимпиадасы 8 тамызда мәресіне жетеді.

Күні кеше кешкілік ауыр атлет Зульфия Чиншанло 55 келіде тағы қола жүлдені қоржынға салды. Ол жұлқи көтеруде әуелі 90 келіні бағындырғанымен, одан кейінгі екі талпыныс нәтижесіз болды. Жүлденің қолдан сусып бара жатқанын түсінген ол серпе көтеруде 213 келіні сәтті еңсере алды. Осылайша қоссайыстың нәтижесімен 223 келіні еншісіне жазып, Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Айта кетейік, дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы небәрі екі ауыр атлетті алып барды. Екеуі де жеңімпаздар қатарынан көрініп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлап отыр.

– Қазақстандық ауыр атлеттердің жетістігі бізді қуантып отыр. Түрлі себептерге байланысты ел құрамасы Олимпиадаға шектеулі спортшыларды алып баруға мәжбүр болды. Соған қарамастан сыннан сүрінбей өтті. Бұл қос медаль жоғары бағалауға тұрарлық, – дейді қызылордалық бапкер Нұржан Смаханов.

Сыр спортшыларының жарыс уақыты

Токиода өтіп жатқан XXXII жазғы  олимпиада ойындарында Қазақстан намысын жерлестеріміз – ҚР Еңбек сіңірген спорт шеберлері, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев пен еркін күрестен Дәулет Ниязбеков және каратэ-додан Әлем чемпионы, ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мөлдір Жаңбырбай қорғайды.

29 шілде күні сағат 14.45-20.10 аралығында бокстан өтетін бәсекеде 91 келіден жоғары салмақта Қам­шыбек Қоңқабаев өнер көрсетеді.

5 тамыз күні 17.00-де каратэден 55 келі салмақ дәрежесінде Мөлдір Жаңбырбай, ал 6 тамыз күні 11.30-да еркін күрестен 65 келіде Дәулет Ниязбеков жарыс жолына шығады.

Жерлестерімізге жанкүйер болы­ңыздар! Сыр спортшыларына сәттілік тілейміз!

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<