Көзқарастар қақтығысы немесе жетпіс жылдық өрт

505

0

Кейінгі екі айда әлем жұртының назары Таяу Шығысқа ауды. Израиль мен Палестина арасындағы соғысты меңзеп отырмыз. Хамас ұйымы бастаған соғыстан екі тараптың да бейбіт тұрғындары қырылып, бітіспес шайқасқа ұласты. Бұған қоса Палестина мен Израильді қолдаушы елдер өзара топтасып, қақтығыстың ауқымын кеңейтуде. Енді сарапшылар бұл жолғы шайқастың ұзаққа созылатынын болжайды. Осы қақтығыс жайы сөз болғанда ежелден өршіген діни көзқарастың келіспеуі айтылады. Алайда тақырыпқа терең үңілсек, мәселе мүлде басқада.

Жер – діннен қымбат

Біз қай тараптың пайымы дұрыс екенін шешпейміз. Әйтсе де шабуылды Хамас ұйымы бастағанын ұмытпаған абзал. Шабуыл өріс ала бастағанда Израиль үкіметі «қазір тоқтамаса, соңына дейін барамыз» деп ескерткені де мәлім. Алайда қақтығыс өрши берді. Ақыры жауап ретінде қарсы тарап Газа секторына толықтай қырғын салуға кірісті. Екі жақтан да мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапқаны көпке аян.

Дегенмен бұл соғыс болмай қоймайтынын күнібұрын аңғартқан. Мәселе дінде емес, жерде. Палестина халқы еврейлер жерімізді тартып алды деп санайды. Аумағы шамамен 25 мың шаршы метрді құрайтын жер үшін екі халық неге сонша таласып жатыр? Еврейлерге қатысты «жері жоқ халық» деген сөз бар. Тарихқа үңілсек, Палестинадағы еврей патшалықтары біздің дәуіріміздің 1-ғасырында Рим империясының соққысынан күйреген. Содан бері бұл аумақта көптеген қожайын болды. Бірақ Еуропа елдеріне таралған еврейлер үшін тарихи отан әрқашан қасиетті, «жоғалған жұмақ» болып қала берді. Яһудилердің ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан дұғаларының бірі: «Келесі жылы – Иерусалимде боламыз!». Бір нәрсені айтайық, сионизм – дін емес, еврейлердің тарихи отанына оралуы және онда мемлекет құру идеологиясы. Еврейлердің Палестинаға эмиграциясы баяу жүрді, бірақ өсе берді. Оларға еуропалық еврейлердің байлары қолдау көрсетті, мыңдаған кедей энтузиастармен бірге жер сатып алу үшін ақша жинады. Міне, бар мәселе осыдан шығады. «Жер сатып алуға» деген сөзге ерекше мән берген жөн, яғни, арабтар қазіргі Израиль жерін еврейлерге сатты. Ал палестиналықтар ежелгі ата-бабаларының заңды түрде жасалған «қателігін» елеместен, өштесуге көшті. Бұл жөнінде таяуда Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым да айтқан болатын.

– Бұл тұста арабтардың екі қателігі бар. Біріншісі, XIX ғасырдан бастап еврейлерге жерін сата бастады. Екіншіден, Израиль мемлекеті пайда болғанда оны жоққа шығара салды. Ясир Арафат есімді палестиналықтардың көсемі болды. Соның «Израиль мен Палестина қақтығысында қару жеңбейді, араб анасының жатыры жеңеді» деген ұраны болатын. Бірақ мұны тыңдап жатқан Хамас ұйымы жоқ. Бұл ұйымды кімдер қаржыландырып, қолдап, неге айдап салып отыр? Осындай сауалдар бар. Нақты портретін шығара алмаймыз, – дейді ол.

Енді қараңыз, кейбір қаза болған палестиналық балалардың анасы «балам шейіт болды» деп қуанып жүрген бейнежазбаларды көрдік. Бұндай дүниетаным тұрғанда, жетпіс жылға жалғасқан бұл қақтығыс жақын арада тоқтамайды. Әрине, қақтығыстың ең басты себебі жер десек те, дүниетанымның да ықпалы барын жоққа шығармаймыз. Жалпы Ислам әлемі еврейлерді әуелден жау санайтыны белгілі. Палестиналықтардың түйсігіне бұл көзқарас әбден орнығып алған.

Дау дағдарыс тудырмай ма?

Ендігі кезек, бұл қақтығыстың әлем үшін қалай әсер ететінін білу. Әсіресе, экономикаға кері ықпалы көп. Сарапшылар соғыс тоқтамаса, мұнайдың баррелі 150 долларға жетуі мүмкін екенін айтуда. Алайда мұнай экспорттайтын Қазақстан бұл үшін бөркін аспанға ата алмайды. Осыған дейін біз мұнай бағасы теңгенің нығаюына аз ғана әсер ете алатынын сараптап жаздық. Қош, сонымен қақтығыс тоқтамаса елімізге қалай әсер етуі мүмкін?

Өткен айда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қақтығыс шиеленіскенге дейін мұнай бағасы барреліне 90 долларға жеткенін еске салды. Ведомство басшысының сөзінше, мұндай ауытқу ел экономикасына аса қатты әсер етпейді. Биыл алғашқы 8 ай ішінде мұнай бағасы төмен болды. Енді мұнай бағасы өсе берсе, елге келетін доллар ағыны артады. Бұл өсімге ықпал етіп, теңге аздап нығаяды.

Бірақ қуануға ерте. Қазақстан Таяу Шығысқа қанша алыс десек те, мемлекеттер арасында, әсіресе Қазақстан мен Израиль арасында бірлескен жобалар баршылық. Егер жағдай ушықса, арты үлкен дағдарысқа апарып соғады. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл жағдай инфляцияға қысымды күшейтуі мүмкін. Оған қоса Федералды резервті жүйедегі ақша-несие саясаты алда жеңілдеуі де мүмкін деп тұспалдайды.

Әлем нарықтары қазірдің өзінде Палестина мен Израиль арасындағы әскери қақтығыстарға реакция білдіріп үлгерген. Мұнай бағасының өсуімен бірге, акциялардың фьючерстері сәл төмендеген. Алтын шамамен 1 пайызға қымбаттады. Бұрын да Таяу Шығыс қақтығыстары нарықтарды осылай алай-дүлей ететін. Ескі әдетімен инвесторлар әзірге сабыр сақтап отыр.

«Нарықта байқалған төменгі рефлексінің реакциясы жалғасады немесе күшейеді деп айтуға әлі ерте. Бұл қақтығыстың қаншалықты тез және қаншалықты таралатынына байланысты» деп топшылаған FE International инвестициялық банкинг бөлімінің басшысы Рэндал Стивенсон.

Әйтсе де сарапшылар мұнай бағасының қазіргі өсімін ресми Тель-Авив пен Хамас тобы арасындағы қақтығысқа байланысты уақытша реакция деп санайды. Сарапшылардың пікірінше, соғыс қимылдарының орналасуына байланысты «қара алтынды» жеткізудің кез келген ірі көзіне тікелей қауіп төндірмейді. Бірақ солай болса да, әлемдік инвесторлар америкалық қазынашылық міндеттемелерін қолдайды. Сонымен қатар, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі ставкаларды төмендету ықтималдығы да өскен.

Ал Халықаралық банк Палестина-Израиль соғысының әлемдік экономикаға әсері әлі де шектеулі екенін мәлімдеген. Бірақ егер қақтығыс бүкіл Таяу Шығысқа таралса, оның салдары болжап білмейтін жағдайға апаруы мүмкін.

Қайткен күнде де бұл соғыс қай тарапқа да пайда әкелмейтіні анық. Әзірге келіссөзге шақырған елдердің мәлімдемелерін екі жақ елер емес. Шамасы, Израиль мен Палестина шағын аумақтың қожайыны кім екенін қантөгіспен шешкісі келетін сыңайда.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<