Таяу Шығыста тағы шиеленіс

315

0

Қазанның 7-сі күні таңертең Хамас Израильге шабуыл жасады. Содырлар қалаларды атқылап, елге кіріп, адамдарды кепілге алды. Кепілге алынғандардың нақты саны әзірге белгісіз. Екі тарап та болып жатқан оқиғаны соғыс деп атайды. Ал Израиль Газа секторына қарсы шабуыл жасауда. Екі жақтан да зардап шеккендер мыңдап саналады.

Сенбі күні содырлар Израильге зымыранмен шабуыл жасады. Артынша Израиль ресми түрде «соғыс жағдайы» режимін енгізді. Жексенбі күні кешке израильдік БАҚ қанды қақтығыстардың екінші күні Палестина исламдық қарсыласу қозғалысының (ХАМАС) Израильге бұрын-соңды болмаған және тосын шабуылынан қаза тапқандар санының 700-ге жеткенін хабарлады. Газа секторында да жүздеген адам қаза тапты. Газадан Израильдің оңтүстік және орталық аймақтарына 3 мыңға жуық зымыран атылған.

Жексенбі күні кешке Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі Израиль ауруханаларындағы жараланғандар санын жаңартты, кемінде 2243 адамның жараланғанын, оның 22-сі ауыр халде екенін хабарлады. Осы уақытта Газадағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәлімдемеге қарағанда, Израильдің әуе шабуылдары кем дегенде 370 палестиналықты өлтіріп, тағы 2200-ді жаралаған.

Дүйсенбі күні таңертең Израиль әскерінің ресми өкілі барлық елді мекен бақылауға алынғанын және Израиль аумағында әскери іс-қимыл жүргізіліп жатқан жоқ деп мәлімдеді. Дегенмен Израиль аумағында әлі де ХАМАС әскері болуы мүмкін екені айтылады.

Сейсенбі күні ХАМАС Тель-Авивтегі әуежайға зымыран ұшырғаны белгілі болды. Сондай-ақ Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант Газаның толық оқшауланғанын мәлім етті. Ол жақта жарық, тамақ және отын жоқ.

Ал кеше БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасы Газа секторындағы жаппай қоныс аударған тұрғындар соңғы 24 сағатта 187 518-ден астам адамға жеткенін мәлімдеді. Газада соғыс қимылдары өршігеннен бері төрт мектеп пен сегіз медициналық мекеме зақымданған.

Израильдегі жағдайға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров пікір білдірді. Қазақстан көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына әкеп соққан Палестина-Израиль қақтығысының өршуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Израильде консулдық есепте жоқ 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін екенін айтты.

Бүгінгі таңда Қазақстанның Израильдегі елшілігінде консулдық есепке елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда 77 азамат тіркелген. Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстанның бес студенті оқиды. Сондай-ақ отызға жуық қазақстандық жергілікті түрлі медициналық мекемелерде тағылымдамадан өтіп жатыр. Барлығы — 112 адам.

Министрлік мәліметінше, Газа секторында Қазақстан азаматтарынан тұратын 25 отбасы бар. Көбі — сол жаққа тұрмысқа шыққан азаматшаларымыз. Келіп түскен хабарламаларға сүйенсек, қазіргі уақытта Израильдің жердегі операцияларына, сонымен қатар жүргізіп жатқан бомбалауына байланысты отбасылардың кейбірі Газа секторынан қауіпсіз орын іздеп жатыр.

Айта кетсек, Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Израильде жүрген отандастарға үндеу жасады. Тель-Авивтен қазақстандықтарды алып қайтатын «Air Astana» ұшағы Астана уақытымен кеше таңғы 08.00 кезінде Алматыдан ұшып кетті. Қазақстандықтарды мінгізіп, кері қайтатын рейс жергілікті уақытпен түнгі 23.45 шамасында Алматыға қонады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<