Токио атауы қайдан шықты?

1164

0

Токио – Жапонияның астанасы. Әкімшілік, қар­жылық, мәдени һәм өн­дірістік орталығы. Хонсю аралының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі әйгілі қалада 12,5 миллионнан астам адам бар.

Қазір әлем жұрт­шы­лығы жапон жұртының бас шаһары Токионы ғылым мен білім қарыштап дамыған өркениет ордасы ретінде жоғары бағалайды. Айтса айтқандай, қала іргесі қаланған алғашқы күннен-ақ жергілікті ха­лықтың мақтан тұтар қасиетті мекеніне айналды. Деректерге тағы бір мәрте көз салып көрсек, аталған қаланың тасқа басылған тарихы 1457 жылы Эдо қорғаны ретінде бастау алғанын аңғарамыз. Бұл сөз қазақ тілінде саға деген мағынаны білдіреді екен. 1868 жылы Мейжи жаңғыруы кезінде қала «Tōkei» (Төкей) деп аталған. Ол жапонша шығыс астана (Tōkyō: tō (шығыс) + kyō (астана) дегенге саяды.

Токио – Жапонияның халық ең тығыз орналасқан аймағы. Токио сондай-ақ, әлем елордалары ішінде ең жоғары жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) шығаратын қала. Нью-Йорк, Лондон секілді алпауыт қаржылық орталықтарымен емін-еркін үзеңгі қағыстырады. Экономикалық тұрғыдан әлемнің маңдай алдында келетін елдің астанасында  өтіп жатқан Жазғы Олимпиада қазір жұмыр жердегі жанкүйер қауымының кірпік қақпастан тамашалайтын беделді бәсекесіне айналып отыр. Төрткүл дүниенің әр қиырынан келген саңлақтар айтулы аламанның абыройын арттыра түсті. Күнбе-күн сайыстың бірнеше түрінен жүлделер сарапқа салынуда. Бағы мен бабы келіскен жеңімпаздар тұғырдан көрініп, өзіне тілеулес елдің мерейін тасытып отыр.

Халықаралық Олимпиада комитетінің 2013 жылдың 7 қыркүйегінде Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен жиынында 2020 жылғы Жазғы Олимпиада Токиода өтетіні жарияланды. Оған қарсылас болған Испанияның Мадрид, Түркияның Стамбул қалалары осылайша соңғы сәтте жеңіліс тапты.

Дүние жүзін дүрбелеңге салған қатерлі індет салдарынан сақтық шараларына байланысты былтырғы жылдың 30 наурызында дүбірлі доданы бір жылға кейінге шегеру туралы шешім қабылданды. 

Айта кетерлігі, бұ­дан бұрын да Токиода өткізілуі жоспарланған Олим­пиадаға байланыс­ты келеңсіз жағдайлар кездескен екен. 1938 жылы екінші жапон-қытай соғы­сына байланысты оны Финляндияның Хельсинки қаласына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Екінші дүниежүзілік со­ғыс басталғаннан ке­йін ұйымдастырушылар дү­бірлі дода белгіленген уа­қытында мүлдем өткі­зілмейтіні жөнінде ұйға­рымға келді. Ал 1964 жылы Токиода XVIII Жазғы Олимпиаданың алауы жа­ғылып, онда әлемнің көп­теген елінен спорт­шылар бақ сынады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<