Ақпаратты өңдеу орталығы ашылды

552

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Транстелеком» АҚ «Қызылорда­транс­телеком» филиалының ақпарат жинау және сақтау орталығының (Data center) ашылу рәсіміне қатысты.

Облыс басшысы шараға қаты­сушыларды келе жатқан Конституция күнімен құт­тықтап, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында заманауи ақпараттық орталықтың пайда­лануға бері­луінің маңызы зор екенін атап өтті.

– Ақпараттық технология­лар қарқынды дамыған шақта кез келген мемлекеттің тұрақ­тылығы экономикасына және цифрлық дамуына байла­нысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Цифр­ландыру – ұлттың бәсекеге қа­білеттілігін арттырудың негізгі құралы. Қазір адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс. Деректермен жұмыс істеуді жаңа деңгейге көтеру керек. Мәліметтер базасының бірыңғай жүйесімен қамтамасыз ету және оны әрі қарай дамыту – Үкіметтің басты міндетінің бірі» деп осы саладағы нақты бағытты айқындап берген болатын, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі мем­лекеттік әріптестік аясында бұл орталық әкімшілік нысандары дерек­терінің үздіксіз жұмыс жасауына зор ықпал ететінін, бизнес өкілдері үшін де жаңа мүм­кіндіктер ашылатынын жеткізді.

Өз кезегінде «Транстеле­ком» АҚ басқарма төрағасы Елнар Адайбеков аймақ басшысына қолдау көрсеткені үшін алғы­сын білдіріп, орта­лық­тың мүм­кіндіктері мен инфра­құрылымын таныстырды. Ор­та­лықты пайдалануға беру ар­қылы аймақта икемді ІТ-инфра­­­­құры­лымдарды құру бойын­ша инновациялық ше­шім­­­­дерді ұйым­дастырудың жаңа деңгейіне көшуге болады.

DATA орталық «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­­ламасы аясында «Транс­телеком» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асты. Жоба құны – 6 млрд теңге.  Орталықтың жалпы аумағы 1,4 гектар, құрылысы 2020 жылы басталып, барлық жабдықты пайдалануға беруді қоса алғанда, 10 айда іске асырылып отыр. Нысанда 45 жаңа жұмыс орны ашылған.

Мұндағы негізгі қызмет түрі – тапсырыс беруші серверінің жұмысына байланыс арналарын көпдеңгейлі ре­зервтеу, үздіксіз қуаттауды қамтамасыз ету және қажетті климаттық параметрлерді ұйымдастыру арқылы қолдау көрсету мақсатында клиенттік серверлерді «Транстелеком» АҚ арнайы алаңдарына орналастыру.

Айта кетейік, Деректерді өңдеу орталығының Қызылорда облы­сынан бөлек, көршілес Түр­кістан, Жамбыл облыстары мен Шым­кент қаласына да техни­ка­лық қызмет көрсету мүмкіндігі бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<