Демократиялық даму жолындағы маңызды қадам

197

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы «Жаңа жағдайдағы  Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі айтылған еді. Өткен жексенбіде бұл науқанның шешуші сәті өткізілді.

Алғаш рет тәжірибеге енгізілген саяси науқанда республика бойынша 730 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ тұрғындары жергілікті сайлау учаскелеріне келіп, өздерінің конституциялық құқығын іске асырды. Әкімдікке кандидат болып тіркелген  2297 үміткердің 1419-ы немесе 61,8 проценті өзін-өзі ұсынған, ал 878-і – еліміздегі барлық 6 саяси партия ұсынған азаматтар. Ал облыс бойынша 122 үміткер ішінен 40 округтің барлығында әкімдер сайланды. Оның ішінде «Nur Otan» партиясынан – 30, «Ауыл» ХДПП – 2, «ADAL» ПП – 2, Қазақстан халық партиясы – 1 адам, өзін-өзі ұсыну бойынша – 5 адам.

Кез келген сайлау – қоғамды ілгері жылжыту әрі қордаланған мәселелер жиынтығын шешуге бағытталады. Ауыл әкімдерін сайлаудағы жаңа­шылдық тұрғындардың  өз ұсынысы мен қиындықтарын айтуға, сайлау арқылы жергілікті деңгейде билікке деген сенімін арттыруға, аймақтық саяси элитаның жаңаруына мүмкіндік береді.

Елімізде өткен сайлаудың өңіріміздегі қорытындысын жария­­лаған облыстық сайлау комис­сиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев саяси шараға халықтың келуі әр ауданда түрліше өрбігенін айтты. Мәселен, Арал ауданының Құланды ауылдық округінің халқы 99,9 процент белсенділік танытса, Жаңақорған ауданының «Келінтөбе» ауылының тұрғындары 54,2 процент қатысқан. Сонымен бірге, заң бұзушылық болмаған, арыз-шағымдар тіркелмеген.

Сайланған ауыл әкімдерінің құрамына келер болсақ, олардың 10-ы – мемлекеттік қызметші, 22-сі – сол ауылдық округте қызмет атқарып жүрген әкім, 5-уі – бюджеттік сала қызметкері, 3-уі – уақытша жұмыссыз азамат. Бағы мен бабы қатар шапқан әкімдердің ішінде бір нәзікжанды бар. Ол – Қармақшы ауданының «Ақай» ауылынан сайланған Эльмира Қазиева.

Жасы да, жасамысы да бар су жаңа ауыл әкімдерінің ішінде 10 инженер, 9 экономист, 7 педагог, 3 заңгер, 3 ауыл шаруашылығы маманы, 1 дәрігер болса, 7-і басқа мамандық иесі. Ең жас әкім 27 жастағы Арал ауданының «Құланды» ауылдық округінен түскен Заманбек Ердіқалықов болса, ең үлкені 62 жастағы Нәби Үргенішбай  Қазалы ауданының «Өркендеу» ауылдық округінен сайлан­ды. Барлық сайлан­ғандардың  32-сі сол ауылдық округ­тен, 7-уі сол ауданның және 1-уі облыс орталығының тұрғыны.

Кандидаттардың ең көп дауыс жинағаны «Бекбауыл» ауылдық округінен сайланған Мейірбек Сұлтанов сайлаушылардың 98,1% қолдауына ие болған. Дауыс беру­дің ең төмен айырмашылығы Шиелі ауданының «Жуантөбе» ауыл­дық округіндегі канди­дат­тардың арасында тіркеліпті. Осы ауылдық округтен түскен Бақытжан Тер­лікбаев 12 дауыспен Әділбек Бегайдаровтан басым болыпты.

Комиссия төрағасының орын­басары Болат Нақыповтың айтуынша, ауылдық округ әкім­дерінің сайлауларын жарамсыз деп тануға немесе қайта сайлау өткізуге негіз болған жоқ. Беріл­ген бюллетеньдердің ішінде «Бар­лығына қарсымын» деп дауыс бергендердің ең көбі Арал ауда­нының «Райым» ауылдық окру­гінде тіркелген, берілген 683 бюл­летеннің 158-і немесе 23,1%-і. Сайлау комиссияларының іс-әре­кетіне қатысты жоғары тұрған сай­лау комиссияларына немесе сотқа жолданған шағымдар тіркелмеді.

Халықтың көптен күткен сайлауы осылай өз мәресіне де жетті. Бұл саяси науқан елімізде алғаш рет жүргізілгендіктен кем-кетік тұстары да болғанын ко­мис­сия төрағасы жасырмады. Ол халық арасындағы рулық тар­тыс­тың барын, тіпті ағайындар ара­сында реніштер туындаған жайт­тар кездескенін де бүкпесіз  айтты.

Әрине, ауылдық округтер әкімін сайлау – халыққа берілген үлкен мүмкіндік. Демек бұл демократиялық даму жолындағы маңызы зор қадам болғаны рас. Енді көптің сеніміне ие болған жаңа ауыл әкімдері сол сенімнің үдесінен шығып, батыл қызмет жасауымен көрінгені абзал. Өйткені таңдау бұрынғыдан өзгерек.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз