Бірлік түбі – береке

698

0

Біздің тәуелсіз Қазақстанымыз – қазіргі таңда көптеген халықтар мен ұлыстардың ортақ мекені. Әсіресе өткен ғасырда тағдыр тәлкегіне ұшыраған көптеген халықтар «арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, елімізге күштеп жер аударылғаны тарихтан мәлім. Бойларына имани тәрбие сіңірген біздің ата-бабаларымыз еліне таяныш іздеп келген жабырқаулы жандарды ұлтына, дініне, нәсіліне қарамай ең бірінші кезекте Жаратушының жаратқан пендесі – Адам ретінде қарап, оларға қамқор бола білген. Үйлерінен үй бөліп, бір қазаннан ас ішіп, имандылықпен өрілген қазақылықтың ең биік үлгісін өз басына қиыншылық туып тұрған ауыр күндерде де көрсете білді. Ата-бабаларымыз қандай сындарлы сәтте болмасын, ешкімге еліктемей өзінің тілін, мәдениетін, дәстүрін дамытып қана қоймай, өздерінен мейірім күтіп келген жандарға да парасаттылықтың биік үлгісін көрсетіп, өздерін сыйлата, мойындата білді.

Күні кеше ғана Қазақстан халқына Жолдауында ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз.» – деп, қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңыздылығына басымдық беріп, тоқталып өтті.

Алла Тағала Аъраф сүресінің 56-аятында: «Жер беті дұрысталғаннан (бейбітшілік орнағаннан) кейін бүлік шығармаңдар», – деп ескертсе, пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болғай) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге (нәпіл) намаз, ораза, садақадан да қайылы бір нәрсе айтайын ба? – дейді. Сахабалар: Айтыңыз, иә Алланың Елшісі! – десті. Пайғамбарымыз: Жарастыру, татуластыру. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен қопарады», – деді. [Термизи] «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дегендей қазіргі таңда да жоғарыдағы аят-хадистермен сусындаған ата-бабаларымыз салып берген сара жолмен жүріп, қоғам тыныштығын сақтау ел тәуелсіздігі үшін аса маңызға ие.

Алдағы уақытта да Мемлекет басшысының Жолдауына үн қосып, қоғам тұрақтылығы жолында баршамыздың тізе қосып қызмет ету азаматтық һәм абыройлы міндетіміз деп білемін.

Жақсыбек Әбиұлы

Қармақшы аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<