Көлік саласы –тіршіліктің күретамыры

468

0

Ертең – экономикамыздың негізгі локомотиві саналатын көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы күн елімізде 1998 жылдан бері атап өтіледі. Экономиканың дамуын қамтамасыз ету үшін логистикалық инфрақұрылым, көлік саласын дамыту,  цифрландырудың  маңызды екені белгілі.

Бүгінде аймақта салаға қатысты оң өзгерістер бар. Халыққа қызмет көрсету сапасы анағұрлым жақсарып, жолаушылар, жүк тасымалдау парктері жаңа техникалармен толығып, еліміздің транзиттік әлеуетінің артуына септігін тигізді.  Облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Ташкент қаласына қатынайтын 1 халықаралық және облысаралық 13 автобус маршруты бар. Жолаушылар мен тасымалдаушыларға Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарындағы 3 автовокзал, 8 автостанса қызмет көрсетуде.

Жолаушылар үшін ойға алған жеріне жылдам жеткізетін, жайлы әрі қауіпсіз ұшақ қызметі өте маңызды. «Қорқыт ата» әуежайында «AirAstana», «Qazaq Air», «Fly Arystan» әуе компаниялары арқылы аптасына 23 тұрақты рейс орындалуда. Осы жылдың І жартыжылдығы бойынша әуежайдан 70 мың жолаушы сапарға аттанған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 есеге артық. Айта кету керек, жолаушылар саны ұлғайған сайын әуежайдың жолаушылар терминалының тарлығы көзге анық байқалатын. Қазір терминалды  кеңейту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Жобаға сәйкес, көлемі қазіргіден екі есеге, яғни шамамен 1400 шаршы метрге кеңейеді деп күтілуде. Алдағы уақытта құрылысы өзгерген әуежайда халықаралық стандарттарға сәйкес қызмет көрсетілетін болады.

Облыс логистика жағынан өте ыңғайлы екенін баса айту керек. Теміржол желісі барлық аудандарда бар. Өңірден өтетін магистральдық теміржол желісінің жалпы ұзындығы 1051,7 шақырымды құрайды және 8 теміржол вокзалы жолаушыларға қызмет көрсетіп келеді.

Аймақ орталығынан 5 бағытқа жолаушылар пойызы ұйымдастырылса, облыс аумағынан жүретін пойыз саны 19 жұпты құрайды. Әлемге аз уақыттың ішінде бұрын болмаған өзгеріс әкелген індет жолаушылар тасы­малына да айтарлықтай ықпал еткені анық байқалды. Бүгінде 9 жұп пойыз коронавирус пандемиясына байланысты жұмыстарын уақытша тоқтатқан. Оның 7-уі халықаралық, 1-уі облысаралық, 1-уі қала маңы бағытына қатынайтындар. Облыс­аралық тұрақты маршруттардың уақытша тоқтатылуы жолаушылар ағымы көрсеткішінің төмендеуіне әсер етуде. Дегенмен, жыл басынан бері өңірдегі 8 теміржол вокзалы арқылы қалған бағыттағы көлік құралдары 600 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетіп, діттеген жеріне жеткізген.

Бұл – технологиялардың жаңар­тылып, көлік құралдарының жетіл­діріліп, жол сапасының бұрынғыдан әлдеқайда жақсарғанының айқын белгісі. Дегенмен, жылдың ыстық-суығына қарамай қала мен далада, көк жүзінде көлік тізгіндеп, мыңдаған адамның өміріне жауапкершілік ала­тын сала мамандарының еңбегі елеулі.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<