Мемқызметшілерге қазақ тілін меңгеруге қатысты талап қойылмақ

488

0

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерге тілдерді меңгеру бойынша талаптар белгілеу мәселесін пысықтауда. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерге тілдерді меңгеру бойынша талаптар белгілеу мәселесін пысықтауда. Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлеріне қазақ тілін білу міндеттелген», – деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 9-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады. Осыған орай бүгінде Заң талаптарына сәйкес барлық мемлекеттік нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тілде әзірленуде. Мемлекеттік органдар дайындайтын іс қағаздардың 93 пайызы қазақ тілінде. Заңның 10-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесінде, ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргізу мемлекеттік және орыс тілде қамтамасыз етіледі.

«Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған заңнамалық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілді. Заң жобасы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыруда орфография нормаларын, мәтіндердің мағыналық және тең түпнұсқалық аудармасын сақтау талаптарын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деді Премьер-Министр.

Асқар Мамин Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 20 қарашадағы № 453 Жарлығына сәйкес тілдерді дамыту саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Білім және ғылым министрлігіне берілгендігіне назар аудартады.

«Бұл қоғамдық қатынастардың барлық салаларында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік тілді оқып-үйренуге жағдай жасау, қазақ тілінің оқыту әдістемесін жетілдіру жұмыстарын бір орталыққа шоғырландырады, сондай-ақ мемлекеттік тілдің дамуына оң ықпал етеді. Депутаттық сауалда аталған ұсыныстар Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру барысында қарастырылатын болады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстары Үкіметтің тұрақты бақылауында, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<