Су тағдыры – ел тағдыры

288

0

Жергілікті диқандар дария деңгейіне көз тігіп отыр. Әзірге жағдай көңіл көншітерлік емес. Өзен арнасы таязданып тұрған жайы бар. Cыр халқы күріш шаруашылығымен айналысады. Ала жаздай табаны судан босамайтын дақылға мол су қажет екені белгілі. Алдағы уақытта оған жеткілікті көлемде су келе ме?

Жылдар өткен сайын Орта Азия аумағында өмір сүретін адамдар көбейе түсті. Бұл оларға қажетті судың мөлшері артқанын аңғартады. Есептеп көрсек, Сырдария өзенінің жағасында қазір 50 миллионға жуық халық тұрады. Олардың күнделікті тіршілігіне қаншама судың қажет екенін аңғару қиын емес. Алдағы кезеңде халық саны бұдан да өсетіні анық. Оған өңірдегі елдердің экономикалық дамуын қосыңыз. Міне, сонда суға деген сұраныс еселеп артады.

Ортақ өзенді қалай пайдаланамыз?

Арал өңірі экологиясы жайында келелі ой қозғап жүрген жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы дариядағы биылғы ахуалға алаңдап, оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдады. Онда Арал теңізі мен Сырдария өзенінің қазіргі жағдайына байланысты ой қозғап, маңызды мәселені таразыға тартты. Ол кісінің айтуынша, трансшекаралық сулар қатарына жататын дария бүгінде ең қиын халде тұр. Оған табиғаттың құрғақшылығы елеулі қиындығын алып келді. Десе де, жоғарғы жақта салынған су қоймалары да кері әсерін тигізіп отыр. Оған қоса аталған аумақта суды көп тұтынатын егіс көлемі артып кеткен. Айналып келгенде, осының барлығы Сырдарияның төменгі бөлігінде су жағдайының күрделі сипатын қалыптастырды. Бұл өзен ежелден төрт ел және Арал теңізінің ортақ игілігі еді. Әсіресе, олардың арасында біздің өңір көбірек су тақсыретін тартып отыр.

– Бұл жағдайлар төрт мемлекетке ортақ өзеннің суын әділетті түрде бөлу және заңдастыру қажет екеніне көзімізді жеткізді. Кешегі КСРО тә­жірибесінен қалған Сырдария суын бөлісу дәстүрі бар еді. Ол қазіргі күні сақталмайтын болды. Проблемалар содан туындап отыр. Ол тәжірибе бо­йынша дарияның жылдық ағыны­ның кем дегенде 12 млрд текше ша­қырымы Қазақстанға тиесілі бо­ла­тын. Сондықтан еліміздің үлесті суын анықтап, бекітіп, заңдастырып ала­­тын уақыт жетті деп ойлаймыз. Заңды су көлемі табиғат ырғағына қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Яғни, әр жылдың ылғалдылығына орай, біз­­ге тиесілі су көлемі пропорциясы бо­луы ықтимал. Мұны бастауынан – са­ғасына дейін дария суына үйле­сімді мониторинг жүргізетін тиісті қыз­меттер ойдағыдай атқара алады деп сенеміз, – деді Сайлаубай Жұбатыр­ұлы.

Ол кісі трансшекаралық өзендер­дегі үлесті суымыз – аманат-игілік екенін айтады. Сондықтан көрші мем­лекеттер түсіністікпен қа­рауы тиіс. Көрші ел­дердің электр же­лілері, құбырлар, авто­көлік, пойыз, ұшақ дәліздері біздің же­рімізден өтіп жатыр.

– Біздің ол аманаттарға қиянаты­мыз жоқ. Осындай өмірлік коммуни­кациялар үлгісінде, аманат суға көр­шілер де оң көзбен қараса дейміз. Жақсы көршілік өзара тиім­ді ынты­мақ­тастықтан тұрады. Елдер­ге ортақ сулар – стратегиялық факторға ай­налды. Біріккен Ұлттар Ұйымы тара­пынан Сырдария өзені бойын­дағы су мәселесіне байланысты күрделі мә­селе оңтайлы шешілуі тиіс деп са­наймын, – деді ол.

Әрине, бұл орайда өзіміз де қолға алатын істер баршылық. Біздің облыс үшін егін шаруашылығы мәселесін қайтадан ой елегінен өткізген артық емес. Қай кезде де күріш мол суды қажет етеді. Сондықтан аталған да­қылдың көлемін арттырмай, қайта оның көлемін шектеуге мән беруіміз тиіс. Өкінішке орай, кейінгі жылдарда түрлі себептерге байланысты күріш аумағы біршама кеңейіп кетті. Бұл қаншама судың ысырап болуына әсерін тигізіп жүрген жайы бар.

 – Су мәселесін шешу жолында ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су­ды көп тұтынатын күріштікті шектеу секілді жағдайларға мән беріліп отыр. Бұл кешегі күндерден жадымызда жат­талып қалған ескі аграрлық көз­қарас пен экстенсивті тәжірибеден ары­луға жол ашады. Аймаққа жаңа үр­дістер, озық технологиялар, эколо­гиялық мәдениет қажет. Әрине, ел­дегілер мұндай жаңашыл жобаларға неге қолдау жасамайды деген сауал туындайды. Оның түрлі себебі бар. Олар көп жылдан бері күріш шаруа­шылығының қыр-сырына қаныққан. Оны өткізу жолын біледі. Ал жаңа жобалар едәуір қиындық алып келеді. Алынған өнімді қайда өткізуді біл­мейді. Бұған біршама уақыт қажет екені белгілі. Сондықтан бұл бағытта басшылық тарапынан лайықты қол­дау жасалса деймін. Осыдан жиыр­ма шақты жылдай бұрын өңірде қазір­гіден күріш 15-20 мың гектардай аз егілді. Сол кезеңнің өзінде ел тұр­ғын­дарының тұтынуына молынан же­тіп жатты. Сол себепті дария суына байланысты дәл қазіргі күрделі уақыт­та түбегейлі өзгерістер қажет бо­лып отыр, –  дейді жазушы-эколог бізбен әңгімесінде.

«Шардараға»

түсетін су мәз емес

Мамандар кейінгі жылдарда өзен бас­тауында түсетін ылғал мөлшері аз болғанын айтады. Тянь-Шань та­уын­да жиналған мұздар мен ылғал­дың аздығы дария арнасындағы су дең­гейін төмендетті.

– Айта кетерлігі, Сырдария жа­ғасында 4 ірі су қоймасы орналасқан. Мәселен, қырғыз жеріндегі «Тоқта­ғұлда» биыл 9,3 млрд текше метр су жиналған, ол былтырғыдан 2,6 млрд тек­ше метрге аз. Қазір жоғары бө­ліктен «Шардара» қоймасына бар болғаны се­кундына 80,2 текше метр су түсуде. Ол былтырғыдан бес еседей төмен. Онда барлығы 4597 млн текше метр су бар, бұл былтырғыдан 300 млн текше метрге жуық кем. Ал одан төменгі бөлікте орналасқан «Көк­сарай» су реттегішінде 1538 млн текше метрден астам су бар. Қуа­ныштысы, ол былтырғыдан 150 млн текше метрге артық. Қазір аталған екі су құрылғысы арқылы Қызылорда облысының шекарасындағы «Көктө­беге» дейін секундына 496 текше метр су келіп жатыр, – деді су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бас­сейн­дік инспекциясының басшысы Сейіл­бек Нұрымбетов.

Инспекция мамандары әзірге су мәселесіне болжам жасау ерте екенін айтады. Сырдария өзені арна­сындағы суды тиімді пайдалану мә­селесін мемлекетаралық комиссия мү­шелері ортақ шешеді. Әрине, бұл орайда әрбір елдің өз мүддесі бо­ла­тыны белгілі. Қырғыз ағайындар «Тоқтағұл» су қоймасын жазғы мез­гілде энергетикалық режимде пайда­ланады. Десе де, онда жиналған су мөлшерінің былтырғыдан да аз болып отырғаны алаңдатады.

Қазіргі таңда еліміз тарапынан аталған түйткілді шешу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Түркіс­тан және Қызылорда облыстары егіс­тігінде диқандардың судан тарық­пауы үшін барлық мүмкіндіктер қа­рас­тырылады.

Алдағы уақытта су тапшылығы­ның алдын алу мақсатында «Шардара» су қоймасына вегетациялық кезеңде тағы 2,5-3 млрд текше метр су түсуі тиіс. Сол уақытта оған байланысты ешқандай қиындық туындамайды. 

Ысыраптың

алдын алу қажет

Биыл дария арқылы келетін судың аз болатыны жөнінде алдын ала болжам жасалған еді. Осыған орай «Қазсушар» РМК облыстық филиалы тарапынан облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масы және ау­дан әкімдіктеріне егілетін егіс кө­лемін индикативтік жоспардан асыр­мау жөнінде ескерту хаттар жібе­рілген. Биыл аталған жоспар негізінде күрішті 84 400 гектарға егу межеленіп отыр.

ҚР Су кодексінің 82-бабының 2-тармағына енгізілген өзгерістерге сәй­­кес «Арал-Сырдария» бассейндік инс­­пекциясы биыл Сырдария өзенімен келетін судың болжамына сәйкес ли­мит белгіледі. Өңірге суару лимиті 3672,9 млн текше метрді шамалап, бас­тапқы бекітілген лимиттен 478 млн текше метрге азайтылды.

– Біздің филиал алдын ала есеп­теме жүргізіп, 4552 гектар күріш дақылын қысқарту жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынған. Дегенмен, ол әзірге өз дең­гейінде орындалған жоқ. Су тап­шы­лығы жағдайының алдын алуға бай­ланысты облыс әкімдігімен бір­лескен іс-шара жоспары қабылданған. Былтыр вегетациялық кезеңде су тапшылығы 10 шілде-10 тамыз ара­лығында сезілген еді. Биыл мұндай көрініс мамыр айының басынан бас­тап байқалды. Қазір облыс шекара­сындағы «Көктөбе» су бекетіне дейін жоғары бөліктен секундына 538 текше метр су келіп тұр.

Былтыр 10 мамырға дейін канал­дар арқылы 1078,95 млн текше метр су алынса, биылғы жылы 10 ма­мырға дейін 835,76 млн текше метр алынып отыр. «Әйтек» су торабындағы жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Осыған байланысты Қазалы ауданының егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету мақсатында «Қараөзек» арнасы арқылы жіберілуде. Алайда, «Қызылорда» су торабының төменгі ағысына былтыр осы уақытта секундына 110-120 текше метр су жіберілген. Ол биыл  секундына 60-70 текше метрді құрайды. Бұл жағдай қазір Қазалы ауданының егін­шілерін алаңдатып отыр, – деді «Қаз­сушар» РМК облыстық филиалы ди­ректорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Айтпақшы, 1 мамырдан бастап ка­налдар арқылы су беруге жаңа та­рифтер бекітілді. Енді Сыр ша­руалары 1 текше метр су үшін қо­сым­ша құн салығынсыз 66 тиын төлейді. Ма­мандардың айтуын­ша, су баға­сының өсуі ең­бекақының артуына, күрделі жөндеу жұмыстары мен инвестициялық бағдар­ламаның то­лықтай орындалуына ықпал етеді.

– Су беру қызметінің орташа ағым­дағы құны негізгі ауыл шаруа­шылығы дақылдарын өндіруге жұм­салатын шығындардың 1,2 процентін құрайды. Пайдаланылған суға 50 про­центтік субсидия төленеді. Оның үстіне биылдан бастап күріштен басқа дақылдарға қолданылған тіршілік нә­рі де суб­сидияланады, – деді Ж.Ер­назаров.

ҚР Парламенті Сенатының депу­таты Мұрат Бақтиярұлы ірі жиындар мен бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде өзінің ой-пікірін білдіріп келеді. Қазіргі таңда Сыр өңірінде 80 мың гектардан астам күріш егіледі. Депутаттың айтуынша, бізде су та­рифтері өте төмен. Мәселен, бір текше метр судың бағасы 28 тиын ғана. 1 гектар жерге егілген күріш піскенге дейін 24 мың текше метр суды кажет етеді екен. Оны қаржыға шақсақ – 6720 теңге, оның жартысын мемлекет субсидия ретінде төлеп береді. Жыл сайын күрішті суландыруға үш млрд текше метрге жуық су пайдаланылады. Мәселен, бір келі қара күріштің өзіндік құны 80 теңге болса, соның ішінде судың құны 2 теңгені құрайды.

Әртараптандыруға

әрекет жасайық

Өңірде биыл 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егі­луде. Ол өткен жылмен салыстыр­ғанда 4 мың гектарға артық. Бірақ, күріш көлемін 5 мың гектарға азай­тып, есесіне суды аз қажет ететін дақылдар көлемі көбейді. Күріш кө­лемі былтырғыдан 5,1 мың гектарға азайған. Мақсат – суды үнемдеу ар­қылы егінді әртараптандыру. Биыл 96,6 мың гек­тар жерге дәндi, 66,4 мың гектарға малазықтық дақылдар, 18,5 мың гектарға картоп, көкөнiс, бақша, 6,7 мың гектар жерге майлы дақылдар орналастырылады.

Облыста инженерлік жүйеге кел­тірілген 250 мың гектардан астам жер бар. Оны аймақтың алтын қоры дейміз. Қарапайым диқан қауымының алдындағы негізгі міндет – сол ба­ғалы байлықты тиімді пайдалану. Алтын қорды сақтап қалудың негізгі жолының бірі ретінде күріш шаруа­шылығы айтылып жатады. Себебі, бұл дақыл жердің тұзданып кетуіне жол бермейді.

Аграрлық салада ауыспалы егіс тәртібі бар. Мәселен, күріш егілген алқапты тиісті кезеңде жоңышқа ал­мастырады. Осылайша ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін сақтаудың жолы қарастырылған.

Биыл облыста әртараптандыру ба­ғытында біршама жұмыс жасалады. Өңірде сынақтан өткізілген соя 98, қант құмайы 40 гектарға егіледі. Сон­дай-ақ, жеміс-жидек және жүзім 66 гектарға отырғызылады деп ме­же­лен­ген. Айта кетерлігі, аталған дақыл­дар өз тиімділігін көрсетті. Қант құ­майы­ның біздің өңірге өте қолайлы екені анықталды. Топырақтағы тұзды өзіне сіңіреді, тамыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Негізінен Африкада өсетін дақыл суға оншалықты тәуелді емес. Тіпті, су тапшылығы болған уақытта да ол жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды.

Мамандардың айтуынша, өңірдің агросаласында жаңа технологияларды пайдалануға баса назар аударылып отыр. Мәселен, кейбір дақыл түрлері тамшылатып, жаңбырлатып суару се­кілді әдістер бойынша егіліп ке­леді. Шиелі ауданында 10 мың гектарға жу­ық жоңышқаны жаңбырлатып суару жобасы қолға алынған. Ал Жаңа­қорғанда тамшы­латып суару бойынша 3 мың гектарға қызанақ егу басталды. Аталған екі аудандағы көкөніс-бақша дақыл­да­рына көңіл бөлгендердің ба­сым бөлігі осы әдісті қолданады. Оған қоса бидай 2,5, жоңышқа 5,5, мақ­сары 1,5, көкөніс-бақша 1 мың гек­тарға арттырылды. Осы­лайша күріш кө­­лемін азайта отырып, 10 мың гектар ша­масында басқа дақылдар егуге мән берілді.

Қамсыз қалуға

болмайды

Елдегі ағайын су тапшылығына орай көне әдістерді қолдануға назар аударып отыр. Бұл суармалы егіншілік саласына оң әсерін тигізе бастады. Жаңақорған ау­данындағы Жайылма ауылында да су аз. Ауыл іргесіндегі сыйымдылығы 9 млн тек­ше метрді құрайтын су қоймасының деңгейі төмен. Соның салдарынан елдегілер ескі керіз қазу әдісіне көшіп, 15 метр тереңдіктен шыққан суды егін алқаптарына пайдаланбақ.

Бұл жөнінде аудан әкімі Руслан Рүстемов журналистермен жүздесу барысында жеткізген болатын.

– Жаңақорған дарияның жоға­ры бөлігінде орналасқанымен, жыл­ма-жыл су тапшылығына орай қиын­дыққа кезігеді. Бұл кезінде су­мен қам­тамасыз ету жүйесінің дұрыс орна­ласпауына байланысты ту­ын­дай­ды. Алдағы уақытта бұған бай­ла­нысты оң шешім қабылда­наты­нына сенеміз. Десе де, жергілікті ди­­қандар осындай тығырықтан шығу­дың жолын қарастырып келеді. Ке­зінде ата-бабамыз пайдаланған керіз қазу әдісі сол мақсатта қолға алын­ған. Диқандардың айтуынша, осы арқылы жоңышқа секілді дақылдарды суаруға мүмкіндік туады. Қазір бұл тәсілге өзге де елді мекен тұрғындары қызығушылық танытуда, – деді аудан басшысы.

Әлемдік тәжірибеде жері қолайсыз болғанымен, көкөніс-бақша егіп, мол табысқа кенеліп отырған мемлекеттер баршылық. Мәселен, таулы-тасты жер­­­­дегі Израиль мемлекеті үлгі көр­сетіп келеді. Ауыл ша­руашылығы да­­­қылдарын тамшы­латып суару әді­сімен мол өнімге негіз қалап, оны дүниежүзінің көптеген елдеріне экс­портқа шығарады. Біз үшін үйренетін үрдіс, тың тәсіл көп. Арқаны кеңге салып, еркін жүретін уақыт өтті. Су тағдыры – ел тағдыры екенін, оның әр тамшысы қаншалықты құнды екенін бағалайтын кез келді. Басқа амал жоқ!

Әділжан Үмбет,

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз