ЕҚЫҰ сарапшысы: Пандемия кезінде кейбір заңдар асығыс қабылданды

527

0

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының сарапшысы Ола Куарнсторм пандемия кезінде заң қалай қабылдануы керектігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезінде көптеген елдер сот төрелігін онлайн режимге жіберіп, пікірталастың бәрін онлайн режимде тыңдау туралы шешім қабылдады. Бұл көп жағдайда нақты құқықтық негіздемесіз және салдарын бағалаусыз енгізілді. Жалпы онлайн құралдарды пайдалану ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көбіне өте пайдалы болғанын есте сақтауымыз керек. Сонымен қатар, онлайн режимді сот отырыстарында пайдалану мінсіз шешім емес екенін ұмытпау керек», – деген Ола Куарнсторм, онлайн процестер әсіресе адвокаттардың әрекетін қатты шектегенін атады.

«Кейде адвокаттар карантинге байланысты шектеулерге тап болып, клиенттерімен кездесе алмай жатты. Клиент пен адвокаттың бейнебайланыс сөйлесуі олардың әңгімесінің құпия сақталуына қауіп төндірді», – деді сарапшы.

Сондай-ақ, ол пандемия кезінде қабылданған заңдардың тым асығыс күшіне енгенін де атады. «Кейбір жаңа заңдар асығыс қабылданып жатты. Сондықтан қарапайым азаматтар ол процестерден хабарсыз болды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы пандемия кезінде заңның өзектілігін қамтамасыз ету үшін жаңа заңдарды мұқият талдаудан кейін ғана енгізуді ұсынады», – деді Ола Куарнсторм онлайн отырыс барысында.

Шара Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты және Құқықтық саясатты зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<