Ерекшелігімен есте қалған жоба

344

0

Аймақта тұңғыш рет «Сыр ­дарыны» жобасы өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының қол­дауымен, «Ақ сөйле» қоғамдық бірлестігі және Жас­тар ресурстық орталығы бірлесе ұйым­дастырған шара талант­тарды тауып, олардың шығар­машылық тұрғыда кемел­денуіне жол ашуды көздейді.

Өз ерекшеліктерімен есте қалған жоба аясында әуелі барлық аудандар мен Қызыл­орда қаласынан төрт аталым бойынша іріктеу өткізілді. Мұнан соң ақтық кезеңге өткен талапкерлер облыс орталығында төрт күнге созылған іс-шараларға қатысты. Бірінші күні талапкерлерге арналған шеберлік сағаттары өтіп, «Жыр-терме» және «Дәстүрлі ән» бағытындағы жас таланттар «Парасат» орденінің иегері, белгілі жырау, профессор Алмас ­Алматов, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі жыршы Шолпан Бейімбетова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Нартай жыр мұрасын жалғастырушы Ақмарал Ноғайбаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпеннен тәлім алып, таным көкжиегін кеңейтті.

Сондай-ақ, «Айтыс» және «Жазба ақындық өнер» бағытындағы жас талапкерлер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Дүйсенбек Аяшұлы, айтыстың ақтаңгері, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сырдан шыққан жас ақын Биболат Сәтжановтардан дәріс тыңдап, өлең өлкесінде азық боларлықтай ақыл-кеңестер алды.

Жобаның ақтық кезеңіне жиналған жас дарындар келесі күні облыстық өлке­тану, «Қызылорда қала­сы­ның тарихы» мұра­жай­­­ларында болып, өңір­дің өткені мен бүгі­ні­нен сыр шертетін құнды жәді­гер­лермен танысты. Сонымен қатар, жас дарын­дардың шығарма­шылық байланы­сын, достық қа­рым-қатынасын нығайту мақ­сатында арнайы демалыс ұйымдастырылып, түрлі ин­тел­лектуалдық, спорт­­тық ойындар ойнатылды. Ән шырқап, өлең оқып уа­қыттарын қызықты өткіз­ген жастар ақтық ке­зеңге жақсы серпіліспен келді.

Үшінші күні талапкерлер өнерін ортаға салып, оларға жыр-терме және дәстүрлі ән аталымдары бойынша облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының сектор мең­герушісі, белгілі жыршы-термеші Майра Сәрсенбаева, айтыс және жазба ақындық өнер бойынша ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Серік Ыдырысов­тар бастаған қа­зы­лар алқасы төрелік етті.

Жобаның қорытынды салтанатты жиынына Қы­зылорда қаласы әкімі­нің орынбасары Асқар­бек Есжанов арнайы қа­­ты­­­­сып, жас талапкерлерге шы­ғар­­ма­шылық табыс ті­леді. Облыс жастарының шы­ғар­­машылық қабілетін шыңдап, насихаттауды, Сыр сүлейлерінің шы­ғар­­­ма­­шылығын дәріп­теу ар­қылы өнер мектеп­терінің мәртебесін арт­тыру­ды көз­деген іс-шара қоры­тын­дысымен «Жыр-терме» аталымы бойынша бас жүлдені қызылордалық Нұрай Өркен­­бекқызы жеңіп алды. «Дәс­түрлі ән» аталымы бойынша қармақшылық Ақсұңқар Бүркітбай, «Айтыс» аталымында аралдық Бексұлтан Орынбасар жеңімпаз деп танылды. Ал, жазба «Ақындық өнер» аталымында өзгеше өлең өрнегімен танылған қазалылық Дина Бөкебай «Сыр дарыны» атанды.

«СБ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз