Кәсіпкерлік саласында ірі жобалар жүзеге асырылуда

324

0

Сырдария ауданының өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасқан. Кәсіпорындарда өнім өндіру 48,3 процентке артып, оның ішінде тамақ өнімдерін өндіру ұлғайған.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мәлімдеді.

Аудан экономикасына 13 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 1 млрд теңгесі құрылысқа жұмсалып, 9 мың шаршы метрге тұрғын үй са­лынған. Ауыл ша­руашылығы сала­сында да өнім кө­лемі жылдан жылға еселеніп ке­леді. Өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда 1,6 про­центке көбейген. Биыл аудан шар­­уалары 32567 гектарға ауыл шар­уашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде күріш 20542 гектар­ды құрады.

Аудан да мал басында өсім бар. Өткен жылдың осы кезе­ңімен са­лыстырғанда мүйізді ірі қара 4, жылқы 16,5, түйе 15,4 процентке көбейген. Шаруалар  «Агробизнес», «Іскер» және «Сыбаға» сынды мемлекеттік бағ­­дар­ламаның арқасында мал ба­сын арттырды.  Кәсіпкерлік сала­сында да ілгерілеу байқалады. Ауданда мемле­кеттік және өңірлік бағдар­ламалар аясында 315 жобаға қар­жылай қолдау көрсетіліп, жаңадан 324 жұмыс орны ашылған.

Облыстың 2021-2023 жылға де­йінгі экономикалық даму жоспары шеңберінде аудан бойынша 20 жоба жүзеге асырылмақ. Биыл 15 жобаны іске қосу жоспарланса, 10-ны іске асып, 52 жұмыс орны ашылды. Ал, жыл соңына дейін 5 жоба орындалады.  Аудан әкімі халықты баспанамен қам­ту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтты. Қазір ауданда 538 азамат тұр­ғын үй кезегінде тұр. Осы ретте, рес­публикалық бюджеттен 11 елді мекенде 33 тұрғын үй құрылысын жалғастыруға және аз қамтылған көпбалалы отбасына 10 үй сатып алуға қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, биыл мемлекет есебінен 43 отбасы баспаналы болмақ.

Аудандағы жақсы және қана­ғат­танарлық жағдайдағы авто­мобиль жолдарының үлесі 92 процентті құ­рай­ды. Жол жөндеу жұмыстарына рес­публикалық жә­не жергілікті бюджет­тен тиісті қаржы қаралған. «Ауыл  – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде 2 көше құрылысы, 3 кө­шені жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат бөлінді.

Брифинг барысында М.Ергеш­баев аудандағы негізгі мәселелерге де тоқ­талып, шешу жолдарын қа­рас­ты­рып жатқанын айтты. Мә­селен, елді мекендердің  электр желілерінің 70 проценті тозығы жеткен. Шаған, Аманкелді, Қо­ға­лыкөл, А.Тоқ­ма­ған­бетов ауылы­ның электр желі­ле­рін шұғыл жаңарту қажет. Аудан­дық бюджет есебінен «Кентеу транс­­форматор зауыты» серіктес­тігі­нен 10 дана трансформатор сатып алынған. 

Жыл  басында Тереңөзек кен­ті көгілдір отынға қосылды. Айта­лық, аудан орталығында 710 жеке тұрғын үй, 18 мекеме мен кәсіпкерлік нысан, 11 көпқабатты тұрғын үй табиғи газдың пайдасын көруде. Биыл А.Тоқ­мағанбетов, Қалжан ахун, С.Сей­фуллин, Ша­ған елді мекенін  газ­дандыру жобасы әзірленуде.

Аудан басшысы жиында өзге де салаларда атқарылып жатқан жұ­мыстарға кеңінен тоқталып, сұрақ­тарға жауап берді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<