Көпір құрылысы белгіленген мерзімде аяқталады

896

0

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Басықара ауылына арнайы барып, елді мекенге кіре беріс жолда салынып жатқан көпір құрылысымен танысты.

Көпір басында «Жылу – ХХІ» ЖШС директоры Көпжан Бижанов аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндады.

Аудан тұрғындары үшін маңызы жоғары көпірді демонтаждау жұмысы өткен жылы басталды. Бүгінгі таңда «Жылу – ХХІ» ЖШС құрылысшылары тіреу бағаналарының бетондарын құйып бітіруге жақын қалды. Бұл жұмыс аяқталған соң «Т» әрпі тәріздес 33 метрлік балка салынатын болады. Бұл құрылыс материалдарына да тапсырыс берілген. Жақын күндері құрылыс басына жеткізіледі.

Серіктестік директорын мұқият тыңдаған аудан басшысы Мұхтар Оразбаев көпір құрылысы белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екендігін қадап айтты.

– Көктемгі уақытта бұл каналдың маңыздылығы өте жоғары. Себебі Әйтеке би кентінің Қарақұм беткейіндегі көлдер мен жайылымдықтарға су осы канал арқылы беріледі. Ертең Сырдария өзеніндегі мұз еріген уақытта суды жіберуіміз қажет. Сондықтан да құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмысты жылдамдатыңыз, – деді Мұхтар Әуесұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<