Логикаға бағынбайтын арифметика

838

0

…Мен бұл тақырыпты 2008 жылы газетте көтерген болатынмын. Әңгіме облыста өндірілген күріштің өнімділігіне қатысты болды. Мақала қоғамдық пікірдің талқылауына түсе қоймаса да, сала мамандарының арасындағы ауызекі сөздерде, сыпсың әңгімелердің сыңайында жиі айтылды.

Бұл тақырыпты сол кезде көтерудегі міндет – қоғамдық пікір туғызу, оқырман­дар санасында «е-е, мына тірліктің сыңайы осындай екен ғой» деген секілді ойды қозғау болды. Ал онан қорытынды шы­ғару-шығармау жағы әрбір салаға жауапты құзырлы органдардағы лауа­зым­ды тұлғалардың ар-ұятына, жанашыр­лы­ғына байланысты тіршілік деп сана­дым. Өйткені нақты іс пен статистика ара­сын­дағы сәйкессіздік жер мен көктей еді.

Кейін күрішті қойып, картоп тақырыбына ауысуға тура келді. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын статистикада логикаға бағынбайтын цифрлар пайда болды. Ойымызды кезекпен баяндайық. Республика статистика агенттігінің ресми дерегі бойынша Қазақстанда 2013 жылы бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін 48,7 келіден картоп тұтыныпты, 2011-2012 жылдарда да осы шамалас болған. Бір қарағанда ақылға сыйымды, көңілге қонымды деректер сияқты. Статистика органындағылар есепке жүгінгенде аспанға қарап отырып ойға келгенін шатпақтап жатса не болғаны деп ойладық. Қалай болғанда да айтылған, көпшілікке жария етілген цифрлар шындыққа, логи­каға жанасымды болуы керек емес пе?

Ендігі қызықты қараңыз. Қызылорда облысында 2013 жылы 124000 (бір нөлі артық жазылып кетіпті десеңіз, жазумен келтірейік – бір жүз жиырма төрт мың) тонна картоп өндіріліпті! Сол жылы көздің жауын алатындай осы цифрға қарап отырып есімізден танып қала жаздағанбыз. Енді әлгі санды сол кездегі облыстағы 700 мың халықтың жан басына шаққанда, шамамен 177 келіден келеді екен. Ал облыстың жыл сайын «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациясы арқылы сатып алатын өнім­дері, біздің білуімізде, бұл деректерге қосыл­майды. Сонда Қызылорда облысы картоп өндіруде әп-сәтте Голландияға айналып шыға келгені ме?

Сол жылдары статистикаға жүгініп, онда­ғылардан осы цифрдың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрадық.  Мұны­мен қоса, жылдағы әкімдердің есеп беру жиындары кезінде осы саланың байырғы мамандары да әкімдерге сауал қойып, түсінік берулерін өтінген-ді. Әлбетте, мұндай аспандағы цифрға ешкім де нақты жауабын бере алмаған.

Арада жылдар өтті. 2018 жылдың өнім қорытындысын білгіміз келді. Сол  жылы облыста 61200 тонна картоп өндіріліпті. Міне қызық, айналасы бес жылдың ішінде статистика дерегі екі есеге кеміген. Сонда қалай, барлық салада статистиканың көл­бең­деген цифрлары өсіп жатқанда, бізде қағаз жүзіндегі деректерді төмен­детуге кім жол берген? Бұл біздің тарапы­мыз­дан мүлдем күдік туғызды. Сол 2013 жылы газетте көтерілген цифрлардың шын­­дыққа жанаспайтынын білген шенеу­нік­тер бейнебір: «бұнымыз дұрыс бол­мады, цифр өтірік болса да шындыққа жана­суы керек» деп нұсқау беріп әлгі дерек­терді біршама күзеп, түзеткенге ұқсайды.

Бірақ бұл цифр да шындыққа жанасып тұрған жоқ. Қызылорда облысының бүгінгі халқының жан басына шаққанда картоп өнімі 80 келіден асып түсіп тұр. Жай қазақша есепке жүгінсек, бір шаңырақта 4 жан болса, олар жылына 320 келі картоп тұтынуы керек екен. Сол статистика 2018 жылы облыс халқы жан басына 40 келіден аса картоп тұтынғанын айтады. Қалған өнім қайда кеткен сонда? Қазақстанның басқа өңірлеріне немесе ТМД елдеріне экспорттадық па? Жоқ. Керісінше жетіспейді.

Сондықтан оның жетіспейтін мөлшерін қаңтар айынан бастап-ақ, Қазақ­станның солтүстік өңірлерінен, Қырғыз­станнан, кейде Қытайдан тасымалдайды. Шындығына келсек, суармалы егіншілік болғандықтан, бізде осыншалықты картоп өндірілуі мүмкін емес. Ол ақылға сыйымсыз!

Жылда көктем айында Қызылорда нарығында картоптың келісі 200-250 теңгеге дейін шарықтайды. Әсіресе 2017 жылдың көктемінде осылай болды. 2018 жылы біршама бәсеңсігенімен, қымбатшылықтан көз аша алмадық. 2020, 2021 жылдары да осындай болды. Егер жоғарыда айтылған цифрлар шындыққа жанасып, осынша картопты өзімізде өндіретін болсақ, мұндай қымбатшылық болар ма еді? Өзіміз күмән келтіретін деректердің неге ресми есептерге енетінінің себеп-салдарын білгіміз келіп, ауыл шаруашылығы басқармасына сұрау салдық. 2013 жылы облыста картоп өндірушілерге 1,6 млн теңге, 2014-2016 жылдары 33 млн теңге, бұған қосымша тамшылатып суару әдісімен осы жылдары 13 млн теңгеден астам субсидия төленіпті.

Енді республикада орын алып отырған көкөніс өнімдеріне қатысты маңызды мәселені назарға салғымыз келеді. Статистика дерегі бойынша 2013 жылы Қазақстан халқы жан басына шаққанда 87,8 келі өнім тұтыныпты. Қызылорда облысындағы деректер осы шамалас. Ал 2018 жылы тұтынған өнімдердің көлемі де осының маңайында. Өткен 2020 жылы облыста жан басына 84 келі көкөніс, 80 келі жеміс, 41 келі картоп тұтынылды. Таңғаларлығы, арада 5 жыл өтті. Әлемді және оның бір бөлігі Қазақстанды дағдарыс шарпып, еңбек нарығында көптеген адам жұмыссыз қалды немесе табысы төмендеді. Әсіресе 2015-2018 жылдары көптеген жұмыс орны қысқарды. 2020-2021 жылдары пандемия. Ал статистика деректерінде өзгеріс байқалмайды. Қағаз барлығын көтеретін болған соң, жобалап жаза беретінге ұқсайды. Сонда бұл есептер нендей дәйектерге құрылған? Есептеу механизмі неге сүйеніп жасалған? Тұтыну рыногын зерттеу нәтижесі ме, әлде бұрынғы көрсеткіштерге қарап отырып, «шерімбет шамамен» алынған цифрлар ма? Қалай болғанда да, бір-біріне егіз қозыдай ұқсас цифрлар күмәнді ойларға жетелейді. Ал бұл, айналып келгенде, шынайы зерттеу жүргізу үшін журналистерден бастап өздерінің тікелей міндетіне кіретін мемлекеттің жоспарлау стратегиясына жауап беретін тиісті органдардың жұмысына кедергі келтіріп отырғанын жасырғымыз келмейді.

Мал өнімдеріне қатысты Қазақстан аграршыларының ұсынған көтеріңкі деректері осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен мінберлерде айтылып, кейін ол меже орындалмаған соң шенеуніктер Елбасынан ескерту алды дегенді естідік. Соның салдарынан шығар, кейін ол цифрлар қайталанбайтын болды. жуырда респуб­ликалық газеттердің бірінде Қазақстанда сиыр санының басы есепте едәуір артық көрсетілетіні айтылып қалды. Не үшін екенін аңғара беріңіз, біздіңше, мемлекеттің тегін берілетін әртүрлі қолдау қаржысын иемденудің амалы емес пе екен деген ойда қалдық. Біздіңше, бар гәп осында жатқан сыңайлы.

Өзім жиі хабарласатын статистика органдарының басшылары біз өнім өндірудің шынайылығына жауап беріп, шаруашылық субъектілерінің жұмысын тексере алмаймыз деген уәжді алға тартады. Заңда қаралмаған. Меніңше, бұл тұрғыда бұрынғы заңдарға өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отырған сияқты.

Қазақстан 2020 жылы бүкілдүние­жүзілік сауда ұйымының толық мүшесі болды. Бұл ұйымның бірқатар өнімдерді субсидиялауға қатысты шектеулері де бар. Сарапшылардың атап өткеніндей, күрішке қатысты субсидия енді тыңайтқышқа және су шығынын өтеу үшін ғана беріледі. Ал биыл су мүлде тапшы. Демек, біз үшін енді «рекордтық» өнім жөнінде цифр қуалаудың ыңғайы қалай болар екен? енді мұны шынайы нарық реттейді.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<