Мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексі енгізілді

1006

0

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексінің жаңа редакциясы қабылданды. Нақтырық айтсақ кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» туралы тарау енгізілді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Берікбол Байхожаев хабарлады.

– Бұл кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін стандарттауға және өрескел мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі туралы 6 қағида негізделді. Атап айтқанда, адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану тараулары бар. Жалпы жаңа әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады, – деді Берікбол Байхожаев.

ҚР Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы – мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, біліктілікті арттыруды қамтамасыз ететін мамандандырылған жоғары оқу орны. Облыста «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілер саны үш мыңнан асады.

-Былтыр облыстағы филиалда 1509 тыңдаушы оқудан өтті. Оның 801-і мемлекеттік қызметшілер. Биылғы жылдың қысқа мерзімді бағдарламасына бағалау жүйесінің жаңа тәсілдері енгізілмек. Сонымен қатар кешенді оқыту, оқытудың кейстік форматын кеңінен қолдану, қайта даярлау курстарына мотивациялық дәрістер енгізіледі, – деді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Мұрат Әйтімов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<