Мезгілдің ауқымды міндеті

348

0

Күні кеше өткен Үкімет отырысында ағымдағы маңызды деген мәселелер талқыға түсті. Әрине, бүгінгі өткір ахуал – елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, кәсіпкерлік субъектілерін «Ashyq» жүйесімен қамту туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтып берді.

Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай біртін­деп тұрақталып келеді.  Вирус­тың репродуктивтік индексі 1,01 құ­райды. Елі­міз бойынша қазірге дейін 5,9 млн-ға жуық адам вакцинаның бірін­ші компонентін, шамамен 4,5 млн адам екінші компонентін алған.

Үкімет басшысы Асқар Мамин осы тамыз айында вак­цина салу жоспарының орын­далуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл барлық өңірге тән, әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыс­тарында күшейтілуі тиіс. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен Қарағанды облысы да эпидахуал­ды бақылаудан шығармауы керек. Премьер-Министр атап өткен­дей, маска тағу режимін сақтау, карантин талаптарын бұзу­шыларды жауапкершілікке тарту, мониторингтік топтардың жұмы­сын ширата түсу аса маңызды болып қала береді. 

«Ashyq» жүйесіне қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің саны үнемі артып келеді. Олардың саны 5 есеге – 21 мыңнан 101 мыңға дейін өсті. Бұл бизнеске өз қызме­тін жалғастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан «Ashyq» қосым­ша­сының қолданылу аясын одан әрі кеңейту қажет», — деді А. Мамин.

Өңірде де өсім бар

Үкімет отырысында, сондай-ақ, осы жылдың қаңтар-шілдедегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, аталған мерзімде Қазақстан экономикасы жедел қарқынмен қалпына келе бастады.                «Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы ди­намикалық және тұрақты өсу, қызмет көрсету секторындағы ди­намиканың жеделдеуі, өндіруші емес секторлардағы инвес­тиция­ның жоғары өсуі, сауда ба­лан­сының оң сальдосының сақ­талуы байқалуда. Нақты сектор экономиканың орнықты даму факторы болып отыр. Осы жылдың қаңтар-шілдесінде нақты сектордағы өсім 3,6%-ке дейін жеделдеді. Іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2,0%-ке дейін өсті», – деді министр.

Жалпы салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау жоғары өсім көрсеткен.  Сондай-ақ ауыл шаруашылығында  да ілгерілеу бар. Ал, 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мына­дай сипатқа ие: барлық 7 көрсеткіш бойынша 4 өңірде – Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында, сон­дай-ақ Шымкент қаласында өсім бар. 6 көрсеткіш бойынша 9 өңірде өсу қалыптасқан. Олар – Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыс­тары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы. 5 көрсеткіш бойынша 3 өңір, ал 3 көрсеткішпен Батыс Қазақстан облысы тұр.

Дәстүрлі оқуға тас-түйін дайындық керек

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Үкімет отырысында және бір пысықтаудан өткен мәселе – осы.

Биыл елімізде 3,4 млн-нан астам, оның ішінде 1 сыныпта 380 мыңнан астам бала мектепке барады. Оқу дәстүрлі форматта жүргізіліп, вакцина салдырған мұғалімдер жұмысқа жіберіледі.

Осы кезге дейін республикада педагогтардың 93,1%-і және білім беру мекемелерінің өзге де қызметкерлерінің 88,4%-і вак­­цина салдырған. Осы ретте Үкі­мет басшысы оқушылар мен педа­гогтардың қауіпсіздігі үшін ұйымдастыру мәселелерін барын­ша тездету қажеттігін ескертті. Тиісті министрліктер мен  өңір­лер әкімдіктеріне жаңа оқу жы­лында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, соны­мен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқу­ды штаттық режимде қамта­масыз ету тапсырылды.  25 та­мызға дейін медициналық қар­сы көр­сетілімдері бар адам­дардан басқа, педагогтар мен тех­пер­соналға вакцина салу 100% қамтамасыз етілуі, 20 тамызға дейін мектептерді санитариялық талап­тарға сәйкес (кварцтеу, дезин­фекция, маска режимі, күн­делікті термометрия және т.б.) қабылдау аяқталуы тиіс. «Ashyq» жүйесі барлық білім беру ұйымдарында енгізіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<