«Өнертабысқа патент алу тәртібі»

600

0

      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі әзірледі. Зияткерлік меншік саласы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер - «Тауар таңбасына және өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды басқаға беру туралы шарттарды тіркеу», «Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға  құқықтарды мемлекеттік тіркеу», «Тауар таңбасына куәлік беру», «Өнеркәсiптiк үлгiге патент беру», «Тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығына куәлiк беру», «Пайдалы модельге патент беру», «Өнертабысқа патент беру», «Селекциялық жетістікке патент беру» стандарттардан тұрады. 

  Мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Зияткерлік меншік құқығы Комитетіне қарасты «Ұлттық зияткерлік меншік институты» (ҰЗМИ) Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны көрсетеді. Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Зияткерлік меншік құқығы Комитеті – патенттік ведомствоның сараптамалық функциясын іске асырушы ұйым болып табылады.

   Қазақстан Республикасының Патент заңының 6-бабының 2-тармағына сәйкес өнiмге (құрылғыға, затқа, микроорганизмнiң штаммына, өсiмдiктер немесе хайуанаттар клеткаларының көбеюiне), әдiске (материалдық объектiмен iс-әрекеттi материалдық құралдардың көмегiмен жүзеге асыру процесiне), сондай-ақ белгiлi өнiмдi немесе әдiстi жаңа мақсатта немесе жаңа өнiмдi белгiлi бiр мақсатта қолдануға жататын кез келген саладағы техникалық шешiмдер өнертабыс ретiнде қорғалады.
   Егер жаңа, өнертабыстық деңгейге жеткен әрi өнеркәсiпте қолдануға жарамды болса, өнертабысқа құқықтық қорғау берiледi.
  Қазақстан Республикасының Патент заңының 6-бабының 3-тармағына сәйкес мыналар:

жаңалықтар, ғылыми теориялар және математикалық әдiстер;
шаруашылықты ұйымдастыру және басқару әдiстерi;
шартты белгiлер, кестелер, ережелер;
ақыл-ой операцияларын орындау, ойындарды жүргiзу ережелерi мен әдiстерi;
есептегiш машиналарға арналған бағдарламалар мен алгоритмдердiң өзi;
ғимараттар, үйлер, аумақтар жоспарларының жобалары мен тәсiлдерi;
бұйымдардың тек сыртқы түрiне қатысты ұсыныстар;


қоғамдық тәртіпке, iзгiлiк пен мораль қағидаттарына қайшы келетiн ұсыныстар өнертабыстар деп танылмайтындығына назар аудару қажет.

Өнертабысқа құқық Қазақстан Республикасы Патент заңына сәйкес жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша берілетін патентпен қорғалады.


Өнертабысқа патент өтiнiмге ресми сараптама және мәнi бойынша сараптама жүргiзiлгеннен кейiн берiледi.


Патент өнеркәсіптік меншік объектісіне басымдықты, авторлықты және айрықша құқықты куәландырады.
Өнертабысқа патент өтiнiм берiлген күннен бастап жиырма жыл бойы қолданылады.


Көрсетілген мерзім бес жыл шегеріле отырып, өнертабысқа патент беруге өтінім берілген күннен бастап өнертабысты қолдануға алғаш рұқсат алынған күнге дейінгі өткен уақытқа ұзартылады.


Портал арқылы өтініш берген кезде жеке және заңды тұлғаларға «жеке кабинетіне» көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін алған күні мен орны көрсетілген электронды құжат нысанында хабарлама жіберіледі. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алушыға ақылы негізде көрсетіледі.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға электрондық портал арқылы өтінім берілген жағдайда, төлемақы «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы немесе екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.


Өнертабысқа өтiнiмде мынадай құжаттар:

1) өнертабыс авторлары және атына қорғау құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiш, 2 дана;
2) бiлiмнiң тиiстi саласындағы маманның өнертабысты жүзеге асыруы үшiн толық, жеткiлiктi ашылған сипаттамасы, 2 дана;
3) өнертабыстың объектiсiн айқындайтын және оның мәнiн бiлдiретiн өнертабыстың формуласы. Формула анық, нақты болуға және сипаттамаға негiзделуге тиiс, 2 дана;
4) егер өнертабыстың мәнiн түсiну үшiн қажет болса, сызбалар және өзге де материалдар, 2 дана;
5) реферат, 2 дана;

6) сенiмдi өкiлдер арқылы iс жүргiзiлген жағдайда – сенiмхат;
7) формальды сараптама жүргiзгені үшін ақы төлеуді қоса алғанда, өтiнiм беруге ақы төленгенiн;
8) төлем мөлшерін азайту негізін растайтын құжат (Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, мүгедектер, жалпы білім беретін мектептердің, кәсіптік-техникалық училищелердің, орта техникалық оқу орындарының оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, жасы мен еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер үшін – тиісті құжаттың көшірмесі немесе анықтама, Қазақстан Республикасының шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – кәсіпорын жарғысының көшірмесі).

З.Канапина,


Қызылорда облысы Әділет департаментінің


Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<