Ойын алаңдары ойлантуы тиіс

316

0

Облыс орталығында 815 көпқабатты үй, 210 аула бар. Қалалық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашы­лығы, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлі­мінің мәліметіне сүйен­сек, соның 140-тан астамы спорт және ойын алаң­да­рымен қамтылған. Өткен жылы «Жұмыспен қамту­дың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 30 ойын алаңы пайдалануға берілген.

Ал, биыл жер­гілікті бюджет есебінен I кате­гориялы 20 ойын алаңы­ның, II категориялы 5 ойын алаңының құрылысы жүруде. Балалар ойын алаң­қайлары, шағын футбол алаң­дарымен және жаттығу құрыл­ғыла­рымен қамтылады. Бұл жобаны мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңім­пазы ретінде ҚР ІІМ-нің Қыл­мыстық атқару жүйесі комитеті қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің «Ең­бек» ШЖҚРМК іске асыруда. Кәсіпкерлер де балаларға қуаныш сыйлаудан кенде емес. Жас кәсіпкер, меценат, облыстық мәслихат депутаты Мағжан ­Ералиев балалар мерекесіне орай «Мерей» шағын ауданында өзінің жеке қаражаты есебінен 7 миллион 900 мың теңге тұратын ойын алаңын тарту етіп, көпке үлгі көрсеткені есте.

– Ойын алаңдары ескіріп, тозығы жетті. Әткеншек, сырғанақ сыр беріп тұрды. Депутат Мағжан Ералиевке мәселенің мән-жайын айтып, ойын алаңын салу жайлы ұсынысымызды жет­кіздік. Көп ұзамай қолдау тауып, жаңа алаң қайта орнықты. Бұл екінің бірі кірісе кететін іс емес. Халық қалаулысының тілегімізге құлақ асып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қосып жатқан үлесіне, ел болашағы – балалардың  алаңсыз демалысына жағдай жасағанына ризамыз, – дейді шағын аудан тұрғыны Кенішбай Аяғанов.

Балаға алаңсыз құмардан шығып ойнайтын алаңқайлар саны көбейгені жақсы, әрине. Бірақ, ара-тұра оны қасақана сындыру, қирату және жасанды төсеніштерді жырту деректері орын алатыны жасырын емес. Кейде тіпті ересек адамдардың балалар әткеншегіне отырып, ескерту жасасаң, өзіңе тап беретінін көз көріп жүр. Жасөспірімдер маркермен түрлі жазу жазып, сурет салып кететіні бар. Ал, мұны өшіру қиын, сырт келбеті бүлінеді. Төмпештен орындық опырылып, қор­­шауы жұлынған жайт та кездескен.

Облыстық полиция депар­таментінің мамандары бұза­қылыққа жол бергендер құрыққа түсіп, жазаланатынын да айтады. Кейінгі кезде қала әкімдігі жергілікті полиция өкілдерімен бірлесіп, күресті күшейткен. Майы­сып, жарылып, морт сынып, нәтижесінде балғындар денсаулығына қауіп туғы­затын құралдарды ретке келтіру де назардан тыс қалмауда. Жақында әлеу­меттік желіде «Сыр Ана» мону­ментінің қасындағы ойын алаңында жаттығу құрыл­ғылары бүлінгені туралы мәселе көтерілді. Жауапты мамандар іле-шала құрыл­ғыларды жөндеуге алған.

Жалпы ойын алаңдары мен өзге де серуендік нысандарда ата-ана балаға жауап­кершілікті  ширатып  тұрмасқа болмайды. Айта­лық, қала тұрғыны, зейнеткер Бибігүл Тоқтамысова жұртшылық көп жиналатын «Aray city mall» ойын-сауық сауда орталығы маңындағы түрлі-түсті жарықпен безен­дірілген фонтанда бала­лардың ерсілі-қарсылы жү­­­­­­гі­ріп, суда тапжылмай тұр­­­­­­ғанын көрген. «Бұлай тұр­­­­­­маңдар, қауіпті» деген ес­керт­­песіне баланың анасы келіп, «Бала өзімдікі, өзіміз білеміз» деп жауап  қатқанына қынжылады. Шы­нында, ойын­­­нан от шы­ғатынын бала тү­гіл кей­бір ата-аналар да ескере бер­мейтіні өкінішті. Несін жасы­райық, жуырда Алматы қала­сында орын алған оқыс жайт көпке ой салуы тиіс. Алматы циркі маңындағы фонтанда аяғын суға салған екі кішкентай қыз бен оларға жанұшыра көмекке келген анасын тоқ тартып, өмір мен өлімнің арасында қалғаны, оларды сол маңда жүрген Абылай Балапанов есімді студенттің құтқарғаны жайлы хабар әлеуметтік желілерде желдей есті. Біз бұл мысалды әлдекімнің бойына үрей билету үшін емес, сақтық санамыздан шықпаса  деп келтіріп отырмыз. Әрі тұрғындар жауап­кершілік танытып, қо­ғам­дық мүлікке зиян келтір­мей тиянақты пайдалануы тиіс деп білеміз. Себебі, онда сіздің де балаңыз бар.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз