«NIS USTAZ» педагогтер қауымдастығы ұйымдастырған «Елімнің ертеңі-2026» қиял-ғажайып fantasy жанрындағы желілік сурет байқауында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Шұғыла Төребек пен 10-сынып оқушысы Аделина Финансова І орын иеленді. Жетекшілері – Батырхан Еламанов пен Нариман Сариев.
Жас суретшілер өз жұмыстарында Қызылорда қаласының болашақ келбетін заманауи технологиялар мен ұлттық мәдениетті үйлестіре отырып бейнелеген.
«Осы байқауға қатысу мен үшін ерекше қызықты болды. Өз жұмысымда қаланың 2050 жылғы келбетін елестетіп, мәдени мұра мен жаңа технологияларды ұштастыруға тырыстым», – дейді Аделина Финансова.
Ал Шұғыланың «Болашақ Сыр елі» суретінде Қызылорда қаласының келешектегі сәулеті заманауи әрі футуристік үлгіде бейнеленген. Шыны мұнаралар, геометриялық күмбездер, жасыл аймақтары бар экологиялық ғимараттар, сондай-ақ көпдеңгейлі инфрақұрылым мен әуе және жерүсті көлік жүйелері болашақтың айқын бейнесін көрсетеді.






