Адам құқығы: алдағы міндеттер ауқымы

426

0

Аймақ басшысы адам құқықтарын қорғау мәселелеріне жауапты тұлғаларды бірлесе жұмыс істеуге шақырып, өңірдегі жағдайды сипаттады.

– Өздеріңіз білетіндей, қаңтар айының басында еліміздің тұтастығына нұқсан келтіруге бағытталған іс-қимылдар орын алды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан қаншама бейбіт тұрғын, сарбаздар мен тәртіп сақшылары қаза тапты. Осынау сындарлы кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды тұрақтандыру үшін жедел әрі батыл шешімдер қабылдап, халқымыз сын сағаттан аман өтті. Қазіргі кезде біз  оқиғаның салдарын жою бағытында белсенді жұмыс атқарудамыз. Жаппай наразылықтың басты себебі әлеуметтік мәселелер болғандықтан, тұрғындарды диалог құруға шақырып, байланыс құралдарына түскен шағымдарды жедел түрде қарастырып, тез арада оның заң аясында шешімін табуға әрекет жасаймыз. Қоғамдағы және өңірдегі проблемалық мәселелерді бірлесіп шешу – мемлекет пен азаматтық ұйымдардың ортақ міндеті. Сол себепті, бастамаларға қолдау білдіріп, ортақ ұсыныстарды бірлесіп жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова арнайы топ өкілдері бірқатар өңірді аралап, тұрғындардың заңды мүдделерін қорғау жағдайын саралайтынын жеткізді. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж адамдарға психологиялық, әлеуметтік қолдау шаралары кешенді түрде іске асырылуы керек екені айтылды.

– Осы кездесу алдында біз уақытша тергеу изоляторында болып, азаматтармен, құқық қорғау органдарының басшыларымен кездестік. Қамалғандардың істерін жеке-жеке қарап, мүмкіндік болса бұлтартпау шараларын барынша жеңілдетуді қарастыруды ұсындық. Әрі қарай көпбалалы аналармен жүздесуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бұрын біз Алматы, Атырау, Шымкент өңірлерінде болдық, – деді ол.

«Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова алдағы уақытта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін халықпен жиі кездесіп, тергеу амалдарының ашық жүргізілуіне қажетті бейнекамераларды жеткілікті деңгейде алу, полиция қызметкерлеріне арналған бейнетіркеуіштердің санын арттыру, қоғамдық негізде заңгерлік көмек беру жолдарына ерекше мән берілсе деген ұсынысын жеткізді.

– Байқағанымыздай, митингке шыққандардың басым бөлігі – жұмыссыз жастар. Олармен жұмыс істеу мақсатында қоғам белсенділерімен кеңінен байланыс орнатып, оларды қолдау шараларын қарастыру қажет, – деді Жеміс Тұрмағамбетова.

Ал, Қызылорда облысы бойынша Ұлттық алдын алу тетігінің жетекшісі Серік Теңізбаев тұрғындармен ашық форматта жиі кездесіп, шешімін таппай жүрген мәселелерді қолға алу жолдарын бірлесе қарастыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, кездесу барысында жұмыссыз жастарды қысқа мерзімді курстарда оқытып, еңбекпен қамту, тергеу изоляторында ұсталған азаматтарға медициналық және құқықтық көмек көрсету, көмекке мұқтаж азаматтармен ашық диалог құрып, қолдау көрсету жолдары талқыланды.

Облыс әкімі қиындыққа тап болған азаматтарға шұғыл арада медициналық көмектің тұрақты берілгенін және жұмыссыз азаматтарды қайта оқыту, оларды қабілетіне қарай кәсіби бейімдеу мәселелері үшін кешенді жұмыстар қолға алынатынын тілге тиек етті. Алдағы уақытта халықпен тұрақты түрде кездесіп, елді мекен тұрғындарының мәселелері сараланып, қаралатынын қаперге салды.

Жиын соңында адам құқықтарының сақталуына қызмет ететін азаматтармен жиі кеңес жүргізіліп, ұсыныстардың ескерілетіні айтылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<