Құрылтай

«Kaysar Arena»: Еуропа додасына бастар жол

8

0

Сыр елінің спорт тарихында тағы бір маңызды белес белгіленді. Қызылордадағы «Kaysar Arena» стадионына УЕФА-ның ең жоғары IV санаты ресми түрде берілді. Бұл – жаңа нысанның сәулеті мен сыйымдылығына ғана емес, қауіпсіздік жүйесі, жарықтандыруы, жасыл алаңы, телетрансляция мүмкіндігі, командалар мен төрешілерге, жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жасалған жағдайы халықаралық талаптарға толық сай деген сөз.

Осы жылдың сәуір айында аренаға УЕФА-ның стадиондар инфра­құ­ры­лымы жөніндегі өкілі Скотт Струзерс арнайы инспекциялық сапармен келген болатын. Сарапшы нысанның барлық бөлігін егжей-тегжейлі қарап, оның УЕФА регламентіне сәйкестігін бағалады. Тексеру қорытындысы мен ұсынылған есептерді саралау нәти­жесінде «Қайсар Аренаға» IV санат беру жөнінде шешім қабылданды.

Бұл мәртебенің маңызы айрықша. Өйткені УЕФА-ның IV санаты – ста­диондарға берілетін ең жоғары деңгей. Мұндай ареналарда Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатының ірік­теу кезеңіндегі кездесулерін, Ұлттар лигасының ойындарын, сондай-ақ Чем­пиондар лигасы, Еуропа лигасы және Кон­ференция лигасының іріктеу және негізгі кезең матчтарын өткізуге мүмкіндік бар. Яғни енді Қызылорда жанкүйерлері ел құрамасының жауапты бәсекелерін де, Еуропаның беделді клубтары қатысатын үлкен футбол кештерін де өз қаласында тамашалай алады.

Әрине, халықаралық матчтың Қызыл­ордада өтуі жарыс күнтізбесіне, ұйым­дастырушылардың шешіміне және клуб­тардың нәтижесіне байланысты. Дегенмен «KAYSAR ARENA» мұндай деңгейдегі кездесулерді қабылдауға қажетті басты рұқсат пен инфрақұрылымдық мүмкіндікке ие болды. Бұл – Сыр өңіріндегі футболдың тынысын кеңейтіп, жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыратын үлкен серпін.

2024 жылдың мамырында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен құрылысы басталған, құны 26,5 млрд теңгені құраған «Kaysar Arena» 2025 жылғы 4 қазанда салтанатты түрде пайдалануға берілді. Жаңа спорт нысаны алғашқы күннен-ақ ел футболындағы айтулы бәсекеге төр ұсынып, Қазақстан кубогының финалдық кездесуін қабылдады. Шешуші ойында шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» командалары кездесті. 11 мың көрерменге арналған заманауи арена содан бері Сыр өңірінің басты спорттық нысандарының біріне айналды. Мұнда футбол алаңынан бөлек, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, бокс пен күрес түрлеріне арналған залдар және фитнес орталығы қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мұндай жоғары мәртебеге Алматыдағы Орталық стадион мен елордадағы «Астана Арена» ғана ие болатын. Енді олардың қатарына Қызылорданың жаңа аренасы да қосылды.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»