Құрылтай

Қайтарымсыз грант – қайтарымсыз жауапкершілік емес

5

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Кәсіп бастауға ниетті, алайда бастапқы қаржысы жеткіліксіз азаматтар үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант – үлкен мүмкіндік. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін мұндай қолдау жаңа кәсіп бастауға, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Алайда кез келген мемлекеттік қолдаудың тиімділігі тек қаржының бөлінуімен емес, оның нақты мақсатқа жұмсалып, нәтижелі игерілуімен өлшенеді.

Облыста кейінгі жылдары жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік гранттар айтарлықтай көлемде берілді. 2023-2025 жылдары өңір бойынша 4635 адамға жалпы сомасы 6,8 млрд теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант ұсынылған. Бұл – көп адамның өз кәсібін ашып, жұмыс жасауына мүмкіндік беретін қомақты қаржы. Дегенмен, грант қаражатын мақсатты пайдалану мәселесі де күн тәртібінен түспей отыр. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 223 грант алушының 306,4 млн теңге бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны анықталған. Бұл ретте 35 адам 21,4 млн теңге грант қаражатын ерікті түрде бюджетке қайтарған. Ал 160 адамнан 241,2 млн теңгені мемлекеттік бюджет пайдасына өндіру туралы сот шешімдері шығарылған. Бүгінде тағы 28 адамға қатысты жалпы сомасы 43,7 млн теңге грант қаражатын қайтаруға байланысты сот процестері жалғасуда.

Бұл көрсеткіштер қайтарымсыз гранттың тек әлеуметтік көмек емес, сонымен бірге нақты міндеттеме жүктейтін мемлекеттік қолдау тетігі екенін көрсетеді. Өйткені бюджеттен бөлінген қаржы – халықтың ортақ қаражаты. Сондықтан оны алған азамат қаражатты бизнес-жоспарда көрсетілген мақсатқа сай жұмсап, кәсібін дамытуға жауапкершілікпен қарауы тиіс.

ЖЫЛДАР БӨЛІНІСІНДЕГІ КӨРСЕТКІШТЕР НЕНІ АҢҒАРТАДЫ?

2023 жылы облыста 1 526 адамға 2 млрд 105,2 млн теңге көлемінде грант берілген. Мониторинг нәтижесінде грант қаражатын мақсатсыз пайдаланған 89 адам анықталып, 113,4 млн теңгені қайтару бойынша сот шешімдері шығарылған. Оның ішінде 24 адам 13,1 млн теңгені бюджетке ерікті түрде қайтарған. Ал 65 адамнан 100,3 млн теңге өндіру бойынша жеке сот орындаушылары жұмыс жүргізуде.

2024 жылы 1 556 адамға 2 млрд 292,6 млн теңге грант берілген. Осы жылы грант қаражатын мақсатсыз пайдаланған 101 адам анықталып, олардың мақсатсыз жұмсаған қаржысы 141 млн теңгені құраған. Оның ішінде 10 адам 6,8 млн теңгені өз еркімен қайтарса, 88 адамнан 129,9 млн теңгені бюджетке қайтару туралы сот шешімі шығарылған. Ал 3 адамға қатысты 4,4 млн теңге грант қаражатын өндіруге байланысты сот процестері жалғасуда.

2025 жылы 1 553 адамға 2 млрд 438,1 млн теңге көлемінде грант берілген. Бұл кезеңде мақсатсыз пайдаланылған қаражат көлемі 51,9 млн теңгені құраған. 33 адам грант қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны анықталса, оның ішінде 1 адам 1,6 млн теңгені ерікті түрде бюджетке қайтарған. 7 адамнан 11 млн теңге өндіру туралы сот шешімі шығарылып, 25 адамға қатысты 39,3 млн теңгені қайтару жөніндегі сот процестері жүруде.

Бір қарағанда, грант алушылар саны жыл сайын жоғарылап, берілген қаржы көлемі де артып отырғаны байқалады. Сонымен қатар 2025 жылы мақсатсыз пайдаланылған қаражат көлемінің 2024 жылмен салыстырғанда төмен­деуі де назар аударарлық.  Дегенмен, бұл көрсеткішкерді мәселе толық шешілді деуге болмайды. Себебі бюджет қаражатын мақ­сатсыз пайдаланудың әрбір фактісі – мемле­кеттік қолдау саясатының тиімділігіне әсер ететін жағдай. Әйтсе де осындай мақсатсыз алғандардың кесірі бизнес идеясы мықты жандардың кәсіп ашуына кедергісін тигізген сияқты. Себебі, биыл облысқа жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант бөлінбеген.

ГРАНТ НЕГЕ ИГЕРІЛМЕЙДІ?

Мемлекеттік гранттың мақсатсыз пайда­ланылуының себептері әртүрлі. 

Бұл ретте, мемлекеттік гранттар халық­тың әлеуметтік осал топтарына кәсіп­керлік бастамаларын іске асыру және тұрақты табыс көзін қалыптастыру мақсатында беріле­тініне басты назар аудару қажет. Дегенмен, мониторинг қорытындылары көрсеткендей, жеке­леген грант алушылар түрлі объективті және субъективті себептерге байланысты өз бизнес-жобаларын толық жүзеге асыра алмай жатады. Мұндай жағдайларға көбіне кәсіп­керлік бағытын таңдаудағы қателіктер, нарық­тағы сұранысты жеткілікті деңгейде зерде­лемеу, өңірдің ерекшелігіне сәйкес келмейтін бизнес-жобаларды іске асыру, өндірілетін өнімге немесе көрсетілетін қызметке тұрақты өткізу нарығының болмауы, сондай-ақ бизнес жүргізу тәжірибесі мен қаржылық жоспарлау дағдыларының жеткіліксіздігі себеп болады. Мысалы, қалалық жерде ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларды іске асыруға қажетті инфрақұрылымның немесе жағдайдың болмауы кәсіптің тиімді дамуына кері әсер жайттар кездеседі.

Сонымен қатар, грант алушылардың әлеуметтік осал санатқа жататынын ескере отырып, кейбір жағдайларда күтпеген әлеу­меттік-тұрмыстық мәселелердің туындауына байланысты қаражаттың бір бөлігі кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ шұғыл қажеттіліктерге жұмсалатын фактілер де анықталады. Мұндай жағдайлар бизнес-жобаның толық іске аспауына және қолданыстағы заңнамаға сәйкес грант қаражатын бюджетке қайтаруға негіз болуы мүмкін.

Әрбір мәселе жеке қаралып, мониторинг нәтижелері мен ұсынылған құжаттар негізінде тиісті шешім қабылданады. Сонымен қатар, грант иегерлерінің басым бөлігі қаражатты мақсатты пайдаланып, кәсіпкерлік қызметін табысты жүзеге асырып отырғанын атап өткен жөн, – дейді облыстық еңбек мобильді орта­лығы дирек­торының орынбасары Ақерке Ахметова..

Сарапшылардың айтуынша, кейбір аза­маттар кәсіпкерлік бағытты таңдауда қателік жібереді. Кәсіп бастау идеясы болғанымен, сол жобаның нақты нарықтағы өміршеңдігіне алдын ала талдау жасалмауы мүмкін.  Екіншіден, нарықтағы сұраныстың жеткілікті зерттелмеуі де кәсіптің тоқтап қалуына себеп. Өнім немесе қызмет түріне сұраныс аз болса, кәсіпкердің табыс табуы қиындайды. Ал табыс болмаған жағдайда бизнес-жобаны жалғастыру мүмкін емес. Өңірдің ерекшелігін ескермеу мәселесі бар. Мұндай жағдайда бизнес-жоспар қағаз жүзінде тартымды көрінгенімен, іс келгенде оны жүзеге асыру қиынға соғады. Кәсіпкерлік тәжірибенің және қаржылық жоспарлау дағдыларының аздығы да кедергі. Кәсіпкер болу үшін тек қаржы жеткіліксіз. Нарықты зерттеу, шығын мен кірісті есептеу, өнімді өткізу жолдарын алдын ала жоспарлау, салықтық және құқықтық талаптарды білу – бизнестің тұрақты жұмыс істеуінің негізгі шарттары.

ГРАНТ БЕРУ ҒАНА ЕМЕС, КӘСІПТІ СҮЙЕМЕЛДЕУ МАҢЫЗДЫ

Осы жерде маңызды бір мәселе туындайды. Қайтарымсыз грант алған адамды қаржыландырумен ғана шектелу жеткіліксіз. Грант – бизнесті бастауға мүмкіндік беретін алғашқы қадам ғана. Ал оның әрі қарай тұрақты жұмыс істеуі үшін кәсіпкерге білім, кеңес және сүйемелдеу қажет. Сондықтан грант алушыны іріктеу кезінде оның әлеуметтік санатына ғана емес, бизнес-идеясының өміршеңдігіне де баса мән берген жөн. Жобаның нарықтағы сұранысы, қажетті инфрақұрылымы, өнімді өткізу мүмкіндігі, болжамды табысы мен шығыны алдын ала жан-жақты саралануы қажет. Сонымен қатар грант алғандарға қар­жылық сауаттылық, бизнес-жоспарлау, марке­тинг, салық салу және өнімді өткізу бойынша қысқа мерзімді оқыту бағдар­ламаларын күшейту маңызды. Бұл грант қаражатын мақсатсыз жұмсау қаупін азайтып қана қоймай, жаңа кәсіптің өміршеңдігін арттырады. Бұдан бөлек, қаражаты берілгеннен кейінгі мони­торингті тек бақылау немесе заң бұзушылықты анықтау құралы ретінде емес, кәсіпкерге дер кезінде көмек көрсету тетігі ретінде қарас­тырған тиімді. Егер бизнес-жобада қиындық туындаса, оны бастапқы кезеңде анықтап, кәсіпкерге тиісті кеңес беру немесе заң аясында қолдау көрсету арқылы жобаның тоқтап қалуының алдын алуға болады.

НӘТИЖЕГЕ ЖЕТУ ЖОЛЫ НЕДЕ?

Қайтарымсыз гранттың басты мақсаты – жай ғана қаржы беру емес, оны өз кәсібін ашуға ынталандыру және тұрақты табыс көзіне шығару. Сондықтан грант қаражатының игерілуін тек «ақша қайтарылды ма, жоқ па?» деген өлшеммен бағалау жеткіліксіз. Негізгі нәтиже «Грант алған азаматтың кәсібі тұрақты жұмыс істеп тұр ма? Жаңа жұмыс орындары ашылды ма? Кәсіпкер табыс таба алды ма?» деген сұрақтарға байланысты болуы тиіс.

Әрине, мониторинг қорытындысы бойынша анықталған барлық жағдайды бірдей бағалауға болмайды. Кейбір азаматтар қаражатты әдейі мақсатсыз пайдаланса, енді бірі бизнес жүргізудегі тәжірибесіздік немесе күтпеген әлеуметтік жағдай салдарынан қиындыққа тап болуы мүмкін. Сондықтан әрбір жағдайды жеке қарастыру қажет. Дегенмен, грант – мемлекет тарапынан көрсетілген сенім. Ал сенімнің артында жауапкершілік тұрады. Бюджет қаржысы мақсатты әрі тиімді жұмсалған жағдайда ғана мемлекеттік қолдау нақты экономикалық нәтижеге айналады.

2023-2025 жылдардағы көрсеткіштер осы бағыттағы жұмысты жетілдіру қажеттігін білдіреді. Алдағы уақытта грант алушыларды дұрыс іріктеу, бизнес-жобаларды алдын ала терең саралау, кәсіпкерлерді оқыту және гранттан кейінгі сүйемелдеуді күшейту – қаражаттың мақсатсыз жұмсалуын азайтудың тиімді жолы. Ең бастысы, қайтарымсыз грантты «тегін ақша» емес, жаңа мүмкіндіктің бастауы деп қабылдау қажет. Өйткені мемлекет берген қаржы азаматтың жеке кәсібін ашуға арналғанымен, оның түпкі мақсаты – қоғамға, экономикаға және ең алдымен грант алушының өзіне тұрақты табыс әкелетін нәтижелі бизнес құру. Сондықтан грантты тиімді игеру – тек кәсіпкердің емес, мемлекеттік қолдау жүйесінің де ортақ жауапкершілігі болу қажет.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»