Әкеге қарап өскен ұл

2345

0

21 – маусым халықаралық әкелер күні әлемнің 52 елінде атап өтіледі. Мақсат – отбасындағы әке рөлін нығайту, рухани дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды қайта жандандыру, үлгілі әкелерді насихаттау.

Жалағаштық Жасұлан Еспенбет – бес баланың әкесі. Көпбалалы әке аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы. Жары Эльмира Исмайловамен 2008 жылы шаңырақ көтерген. Отбасының үлкені 11-де болса, кішісі 2 жаста.


Қамқор әке бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Қарбаласқа толы тіршіліктен қолы қалт етсе, уақытын балаларына арнайды. Үш қызын би үйірмесіне апарады. Сабағын қадағалайды. Олардың жетістікке жетуіне жағдай жасайды. «Отбасының беріктігі, тәрбиенің мықты болуы әкеге байланысты» дейтін отағасы жанұясынан жылуын аямайды. Балаларының қатарынан қалмағанын қалайды. Қоғамдық ортасында өздерін емін-еркін ұстауына мән береді. Болашағына алаңдайды. Перзенттерінің білімді, тәрбиелі болуы үшін еңбектеніп келеді.


Отбасында әкенің жүгі салмақты. Тәрбиеден бөлек әлеуметтік жағынан қамту бар. Кейбір әкелер «балаларды материалдық тұрғыда қамтамасыз етсем болды» деп ойлайды. Басты қағида – бала тәрбиесін естен шығарып жатады. Жасұланның ұстанымы бөлек.


– Әкенің жетістігін үлгілі отбасынан көруге болады. Өзім көпбалалы отбасынан шықтым. Алты баланың бесіншісі болдым. Ата-анам – қарапайым еңбек адамы. Бізді оқытып, аяқтандыру үшін күндіз-түні еңбек етті. Анамыз «әке» деген сөздің қадірін санамызға құйып өсірді. Әкем бір-ақ рет айтатын. Жүзі суық болғанымен, жүрегі жұмсақ жан. Істің дұрыс-бұрыстығын қабағымен ұғындыратын. Бауырмал болуға үйретті. Бәрімізді бір-бір саланың маманы етіп, өз арбамызды өзіміз сүйреп кетуге жағдай жасады. Мен де асыл қасиеттерді балаларыма сіңіруге тырысып келемін. «Әкеге қарап ұл өсер» деп бекер айтылмаған, – дейді Жасұлан Еспенбет.


Көпбалалы отағасы отбасында қазақы салт-дәстүрді берік ұстанып, балаларына ұлттық құндылықтар жайында айтады. Мәдениетін, тарихын терең білсін деген ниетпен жиі кітап сатып алады. Бала тәрбиесінде жарына да қояр талабы қатаң. Себебі, «Не ексең, соны орасың» деген.


– Біздің балалық шағымыз қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Бірақ әкеміз жоқшылықты жанымызға батырған жоқ. Оған қолғабыс еттік. Ал, қазір ше? Жағдай жасалған. Бәрі бар. Бірақ, әкеден именбейтін бала көп, отбасында әкенің рөлі әлсіреген. Мұндай мысалдарды кездестіріп жүрміз. Бұдан шығар қорытынды шаңырағы – шайқалған отбасы көбеюде.


Былтыр облыстық Жастар ресурстық орталығы» жанынан «Әкелер кеңесі» құрылған болатын. Бұл жайында үйлестірушісі Ерлан Сипанов айтып берді.


– Біздің мақсат – отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу. «Әкелер кеңесінің» алғашқы отырысы қоғам белсенділерінің қатысуымен өтті. Онда алдағы жұмыс жоспары талқыланды. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты «Әкелер кеңесі» жұмысы уақытша тоқтаған болатын. Биыл маусым айынан бастап кеңес жұмысы қайта жанданды. Үлгілі әкелер орталықтың жаңа жобасына қатысып жатыр. Алда әлі ауқымды шаралар бар, – деді Ерлан.


«Әкелер кеңесі» алдағы уақытта өз жемісін береді деген сенімдеміз.
Ал, көпбалалы әке Жасұлан Еспенбет секілді азаматтар қоғам үшін қашанда үлгі болмақ.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<