«Әлеуметтік дүкендердің» әлеуеті қандай?

506

0

Азық-түлік қанша қымбаттаса да, «Әлеуметтік дүкендердегі» баға нарықтан біршама төмен болатыны белгілі. «Бәйтерек» шағын ауданындағы  сауда орнына барғанымызда бұған тағы да көз жеткіздік. Көктемде құны шарықтап кеткен картоп 130-дан, сәбіз 180, өсімдік майы 630 теңгеден саудалануда.  Бір айта кетерлігі, халыққа арзан азық-түлік өнімдерін ұсыну мақсатында құрылған барлық «Әлеуметтік дүкендерде» өнімдердің бағасы бірдей.

Өзі шағын болса да, мұндай сауда орындарына халықтың жиі келетіні де сондықтан. Біз барғанда дүкенге келген «Бәйтерек» шағын ауданының екі жылдан бергі тұрғыны Әлия Қалтаева тұрақты тұтынушы екенін жеткізді. Көпбалалы ананың айтуынша, азық-түлік арзан болуымен қатар, жиі толықтырылып тұратындықтан сапалы. Сондай-ақ, ет пен сүт өнімдерінің бағасы да басқа дүкендерге қарағанда төмен.

Облыс орталығында мұндай 34 әлеуметтік дүкен болса, «Мирас», «Аль-Асад», «Ажар», «Қызылорда Оптомаркет», «Анвар» супермаркеттерінде әлеуметтік бұрыштар ашылған. Алдағы уақытта дүкендер саны бұдан да артатын болады. Биыл 5 әлеуметтік дүкен іске қосылса, жыл аяғына дейін тағы да бесеуі сол жағалауда, «КБИ», «Наурыз» шағын аудандарында ел игілігіне беріледі.

Сонымен қатар, «Байқоңыр» ӘКК» басқарма төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметов аудандарда да әлеуметтік дүкен ашу жоспарда бар екенін айтты.

– Пандемияға байланысты бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында  тұрақтандыру қорына облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір тұрақтандыру қорында 1000 тоннадан астам өнім бар. Оның ішінде 600 тонна бірінші сортты бидай ұны, 97 тонна күріш, 235 тонна қант бар. Әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда өнімдер статистикалық бағадан 10 процентке төмен сатылады, – деді ол.

Тұрақтандыру қорының сатып алу интервенцияларын өткен жылдан бері мемлекеттік сатып алу арқылы, сондай-ақ, картоп, қант сияқты өнімдерді биржа арқылы жүргізу міндеттелген. Бағаны тұрақтандыру шаралары «айналым» схемасы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қайтарымды заем беру арқылы жүргізілуде. Қазір «айналым» схемасы арқылы 7 кәсіпкерлік субъектісіне 828 млн теңге бөлінді.

Айта кету керек, кейінгі уақытта астық өндіруші өңірлерде ұн бағасының қымбаттау фактілері байқалады. Бұл ретте облыс көлемінде наубайхана иелерімен кездесулер ұйымдастырылып, нан пісіретін әлеуметтік наубайханаларды төмен бағада ұнмен қамтамасыз ету шаралары қабылданатыны және бағаны негізсіз көтермеу туралы айтылды.

Бүгінде аймақтағы сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, өнімдер бағасы бақылауда. «Аль-Асад» сауда үйіндегі әлеуметтік бұрышта орналасқан азық-түліктің бағасы мен сапасына зер салғанымызда да,  осы жылы тым көтеріліп кеткен өнімдердің құны біршама төмендегенін байқадық. Айталық қыс айларында 50-55 теңгеден сатылған жұмыртқаның 1 данасы әлеуметтік дүкендерде 24 теңге.

Сондай-ақ, басқарма төр­ағасының орынбасары облыста азық-түлік тапшылығы байқал­майтынын, алдағы уақытта қант бағасы көтерілуі мүмкін деген болжамның барын, дегенмен тұрақтандыру қорында жеткілікті мөлшерде қант бар екенін жеткізді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<