Асыл мұра ардақ тұтуға лайық

444

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Қолөнер – асыл қазына» көрме-фестивалінің ашылу рәсіміне қатысты.

Теміржол саябағында ұйымдастырылған көрмеге облыс орталығы мен аудандардан келген шеберлер көрермен назарына ерекше туындыларын ұсынды. Іс-шарада түрлі кәдесый, ағаш бұйымдары, киіз үй жабдықтары, түкті кілемдер, құрақ көрпелер мен ұлттық аспаптар көрсетіліп, ұсталардың шеберлік сыныптары өткізілді.

Аймақ басшысы көрме-фестивальға қатысушыларды құттықтап, Сыр елі ежелден тарихи-мәдени мұралар мен көне жәдігерлерге бай өңір екенін атап өтті.

– Біз қолөнерімізді дамыту арқылы ұлттық рухымызды көтереміз. Мемлекет басшысы Жолдауында балалар қолөнер және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысу үшін үйірме қызметін қайта қалпына келтіруді тапсырған болатын. Биыл өңірде 62 үйірме ашылып, 6-ы қолөнерге баулып келеді. Алдағы уақытта олар да Сыр өңірінің киелі өнерін дәріптейтін болады. Осындай шарада барлық қолөнер шеберлеріне шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін, – деді облыс әкімі.

Шара барысында қолөнер шеберлері облыс басшысынан марапат алды. Атап айтқанда, қызылордалық «Qoloner» кәдесый дүкенінің иесі Аида Керімқұлова, ұлттық бұйымдар авторы Қарлығаш Ілиясова, аралдық ағаш ұстасы Алнұр Жарқынбаев, қазалылық шебер Динара Сыздықова, қармақшылық тігін шебері Бақытгүл Раймбаева, жалағаштық ұлттық бұйым жасаушы Жылбек Қуаныш, сырдариялық кілемші Роза Әлибатырова, шиелілік шебері Майя Қалжанова және жаңақорғандық ұлттық аспаптар шебері Оспанхан Мұсаев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, қызылордалық қолөнершілердің бұйымдары республикалық және халықаралық деңгейдегі көрме-фестивальдарда көрсетілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<