«Ауыл – ел бесігі» – атақоныстың қолдаушысы

693

0

Кеше Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Іссапар кезінде аймақтағы «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен іске асқан әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге мемлекеттік бағдарламалардың өңірде іске асырылуы барысын айтып, жобалардың тиімділігіне тоқталды.

Мәселен, 2019 жылы бастау алған «Ауыл – ел бесігі» арқылы  Жалағаш пен Жосалыда 31 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлініп, толығымен игерілді. Оның ішінде 4 мектеп, 1 емхана, 5 мәдениет нысаны, жалпы ұзындығы 28,6 шақырымды құрайтын 21 ауылішілік көше жөнделді.

Министр әуелі Қызылорда қаласындағы «Бәйтерек» тұрғын ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектептің құрылыс жұмысымен танысты. 600 орынды қамтитын білім мекемесінің құрылысы келер жылы аяқталады. Бүгінде құрылыс алаңына 40-тан астам маман тартылған. Барлығы да – жергілікті жердің тұрғындары. 

Министр азаматтарды жұмыспен қамту, қажетті мамандарды тарту мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы негізгі міндеттердің бірі екенін алға тартты. Жұмыс барысында өзіне жүктелген міндеттерді уақытылы жүргізе алмаған мердігер компаниялардың жауапкершілігі қаралатынын айтты.

Ал облыс басшысы аталған нысанның ерекше бақылауда екенін тілге тиек етті. Себебі қала шекарасының кеңеюі мен демографияның өсуі жаңа мектептің қажеттілігіне жол ашты. Жаңа мектеп орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

 Бұл ретте, облыс әкімі мемлекеттік бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты игерілуі қатаң бақылауда екенін жеткізді. Сондай-ақ, нысан құрылысына жауапты мердігер мекеме басшысына жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.

Министрдің жұмыс сапары кеше Сырдария, Жалағаш аудандарында жалғасты.

Іссапар кезінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруді көздейтін «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде облыста 103 перспективалы ауыл анықталып, нәтижесінде 82 жобаны жүзеге асыру қолға алынғанын,  осы ретте 53 тірек ауыл мен 50 спутник елді мекендер айқындалғанын тілге тиек етті.

Министр Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі бағдарлама арқылы күрделі жөндеуден өткен А.Иманов көшесін көрді. Ұзындығы 1,56 шақырымды құрайтын көшеде жаяу жүргіншілер жолы, бордюр және 3 шақырымға жететін суағар қоса салынуда. Биыл тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары қарашада аяқталады деп жоспарлануда.

Ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған жобаның бірі – орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізу. Бұл нысан да жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі. 140 орынға лайықталған алаңды жөндеу барысында 7,5 мың шаршы метрге жасанды көгал төсеу қарастырылған.

Мұнан кейін жұмыс сапары Жалағаш ауданында жалғасты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Таң ауылдық округінде 11 жоба іске асуда. Соның бірі – Орынбай жырау көшесін жөндеу жұмыстары. Ұзындығы бір шақырымнан асатын жол заманауи талаптарға сай салынған. Осы елді мекендегі №118 орта мектептің есік-терезелері, едені толық ауыстырылған. Сыртқы қабырғасы металл сайдингпен қапталып, су, кәріз жүйелері, әжетхана мен электр желілері жаңартылған. Сондай-ақ, ауылдағы дәрігерлік амбулатория мен орталық алаңды жаңғырту, Жалағаш кентіндегі 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі жыл соңында пайдалануға беріледі.

Айту керек, ауданда «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев ауыл халқына мешіт ғимаратын жөндеу, бөбекжайды қайта жаңғырту, спорт кешенін салу, ет өңдеу цехының құрылысын салу, округтегі көшелерді жарықтандыру ісін өз қаражаты есебінен жүргізіп, қомақты инвестиция салған.

Таң ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жалғасбай Өмірбаев соңғы 7-8 жылдың бедерінде ауыл келбеті адам танымастай өзгергенін айтады. Ал балабақша меңгерушісі Жәмила Сәдуова:

– Осыдан 4 жыл бұрын ауылымызда «Таң бөбегі» атты жаңа балабақша ашылды. Қазір мұнда 26 адам еңбек етуде. Жалпы, ауылдағы еңбекке белсенді 685 адамның 648-і жұмыспен қамтылған. Туған жердің жаңарып-жасаруына, әлеуметтік нысандардың жаңғыруына осындағы «Таң ЛТД» ШҚ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев, өзге де шаруа қожалықтарының жетекшілері ерекше үлес қосуда. Ауылдық округ сонау 1967 жылы құрылған. Сол кеңестік кезеңнен ізі қалған балабақша, мектеп, медпункт әбден ескіріп, көшелердің тозығы жеткен еді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 14 көше жөнделді. Мемлекеттік бағдарламамен әр үйге ауызсу кірді. Тіпті, аяқсу да келді. Ауылдағы №118 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Қайта жаңғырған мектепте білім алып жатқан балаларымыздың қуанышында шек жоқ, – дейді.

Министр аталған бағдарламаның облыста орындалуы жөніндегі арнайы отырысқа қатысты. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов, Жалағаш ауданы әкімі Асылбек Шәменов жоба бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.  

– Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалуын көріп, туындаған мәселелер бойынша нақты ұсыныстарды тыңдау үшін қасиетті Сыр еліне келіп отырмын. Жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, дәрігерлік амбулатория мен оқушыларға арналған мектептер салу елді мекендердегі тұрғындардың жағдайын жақсартуға барынша мүмкіндік береді. Тұрғындарды жұмыспен қамту да ерекше маңызға ие. Бұл жерде бөлінген қаржыны игеріп қана қоймай, халықтың игілігіне берілетін нысандарды уақытылы, сапалы іске қосу керек.

Маған Қызылорда облысындағы мемлекеттік бағдарламадан бөлек, жергілікті жеке кәсіпкерлердің ауыл өмірін жақсартудағы бастамалары ұнады. Мәселен, Таң ауылында жанашыр азаматтар өз қаражатымен ауылды көркейтуде жақсы тәжірибені іске асырып келеді. Бұл – өте қуантарлық жағдай. Алдағы уақытта мұндай кәсіпкерлерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетудің тетіктерін қарастыруды ұсынамыз. Жоспардағы жобаларды орындауда қандай мәселеге баса назар аудару керектігін зерделеп, Үкіметке тиісті ұсынымдар беретін боламын, – деді осы жиында министр Серік Шәпкенов.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жобаларды қаржыландыру жоспары бойынша игеру мәселесін көтеріп, құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуі мердігер компанияның жауапкершілігінде екенін айтып, жыл аяғына дейін бірқатары  халық игілігіне бағытталатынын жеткізді.

Атап өту керек, бұған дейін облыс әкімі тірек ауылдар желісін арттырып, туған елді көркейтуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламадан бөлек ауылды дамытуды көздейтін жаңа бастамаларды қолдауға шақырды. Соның нәтижесінде өңірде өз қаражатына ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, әлеуметтік нысандарын жаңартуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер қатары артты.

Еске салайық, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы басталғалы 3 жыл ішінде облыста құны 11 миллиард теңгеден асатын 173 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 2019 жылы 31 жоба арқылы 54 адам жұмыспен қамтылса, 2020 жылы өңірдің 8 елді мекенінде құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба іске асқан. Нәтижесінде 2019-2020 жылдары аталған бағдарлама бойынша 955 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға қысқарды.

Қызылорда облысына екікүндік жұмыс сапары барысында министр Серік Шәпкенов Қармақшы және Қазалы аудандарына барып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысады.

Дәуіржан Елубаев,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<