Азаматтық қоғамның айқын мақсаты

483

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Басқосуда ел мүддесі жолындағы бірқатар мәселелер сараланып, алдағы уақытта бірлесіп атқарылуға бағытталған ұсыныстар айтылды.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі» мекемесінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Анар Ізден, «Ауғанстан соғысының ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов, «Арал теңізі» қоғамдық қорының төрайымы Айнакүл Баймаханова және жауапты басқарма басшылары қатысты.

Аймақ басшысы үкіметтік емес ұйымдар ел өміріндегі маңызды мәселелерде, әсіресе пандемияны еңсеруге белсенді үлес қосып, азаматтықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті.

– Өңірдегі азаматтық қауымдастық көшбасшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жанына топтасуы керек. Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру мемлекетпен қатар азаматтық күштер де білек сыбана кірісетін елдік шаруа деп білемін.

Осы орайда, Сыр өңірінің азаматтық қоғам өкілдері «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде облыс халқын келісім мен бірлікке шақырып, ахуалды тұрақтандыру барысында азаматтық белсенділік танытты.

Қоғам белсенділері сын сағатта елдің қауіпсіздігін күзеткен әскерилерге моральдық қолдау білдіріп, волонтерлар мен меценаттар дүрбелең салдарынан зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуда. Біз аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешуде бірлескен жұмысымызды, азаматтық бастамаларды қолдауды одан әрі жалғастыратын боламыз, – деді аймақ басшысы.

Басқосуда ҮЕҰ өкілдері жергілікті атқарушы орган тарапынан көрсетілген қолдауға алғыс білдіріп, облыс әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Анар Ізден «Қызылорда облысы бойынша «бір терезе» қағидаты негізінде үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету үшін азаматтық орталық жұмысын ұйымдастыру және дамыту» жобасы жүзеге асырылғанын, өңірдегі бірқатар әлеуметтік мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылып, мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты.

Қоғамдық кеңестердің құрамын қайта қарап, кеңеске ҮЕҰ өкілдерін қосу жолдарын қарастыруды ұсынды. Аймақ басшысына Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының альянсы үйлестіру кеңесінің төрайымы болу және стандарт негізінде жұмыс жасайтын мониторинг, бағалау жұмыстарын жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Оған қоса экология, NEET санатындағы жастар және тағы басқа маңызды жобаларды жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсетуді сұрады.

Қайраддин Баймаханов Мемлекет басшысының бастамалары негізінде әлеуметтік жобаларды әлі де дамыту мәселелерін қозғаса, Айнакүл Баймаханова мемлекеттік тапсырыс барысында кездесетін кедергілерді зерттеп, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіруді ұсынды.

Облыс әкімі көтерілген мәселелер аймақ үшін маңызды екенін алдағы уақытта заңға сәйкес жүзеге асыру жолдары қарастырылатынын атап өтті. Әсіресе NEET санатындағы жастармен жұмысты күшейтіп, пандемия қиындықтарын бірлесіп еңсеру қажет екенін баса айтты. ҮЕҰ халық арасындағы көтеріліп жүрген өзекті мәселелерді мемлекеттік органдарға дер кезінде жеткізіп, екіжақты келісім орнатуға жұмыс жасау керектігіне тоқталды.

Жиын соңында аймақ басшысы үкіметтік емес ұйымдарды күш-жігер біріктіріп, бар қиындықтарды жеңуге үндейтін Президенттің Жаңа Қазақстанды құру бастамасын қолдауға шақырды.

Айта кетейік, биыл 105 жобаға 765 млн теңге қаржы қарастырылды. Облыстағы үкіметтік емес ұйымдар саны жылдан жылға көбейіп, бүгінде олардың қатары 1000-ға жуықтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<