Байқоңыр қаласын дамыту – басты назарда

983

0

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылдың 8 сәуіріндегі қаулысымен ҚР Пре­зидентінің «Байқоңыр» кеше­ніндегі арнаулы өкілі қызме­тін қоса атқаратын болып таға­йындалдым. Тағайындалған сәт­тен бастап Байқоңыр қаласында тұрғындарды жеке мәселелер бойынша қабылдадым. Кездесуде тұр­ғындар тарапынан негізінен тұрғын үйлерді жекешелендіру, коммуналдық қызметтің жоғары тарифі және әлеуметтік мәселелер көтерілді. Бұл орайда қаланың өзекті деген мәселелеріне тоқталып өткім келеді.

Бірінші. Коммуналдық қызмет­тер тарифі.

Газбен жабдықтау. 2019 жылдың сәуірінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеу қаласына жұмыс сапары кезінде ҚР және РФ Энергетика министрлері «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге қол қойған болатын. Осы келісім аясында қалада көпқабатты тұрғын үйлер мен орта және шағын бизнес нысандары газдандырылды. Бүгінгі таңда барлық тұрғын үй табиғи газға қосылды (23 үй 20427 пәтер). Қызылорда облысы бойынша табиғи газдың бірыңғай тарифі төлемі текше метріне 20,7 теңге.

Сумен жабдықтау және су тарату. 2016 жылы су құбырларының (85 процент) және сарқынды су жүйелерінің (97 процент) (тиісінше 81,4 және 106,2 шақырым) тозығы жетуіне байланысты олардың бір бөлігі жалға беруден шығарылып, жарақтандыру жұмыстарын жүргізу үшін Қызылорда облысының коммуналдық меншігіне 7 жыл мерзімге берілді.

Жұмыстарды республикалық бюджет есебінен 2020 жылдан бастап кезеңімен 2023 жылға дейін техникалық-экономикалық негіздемесін жасай отырып жүзеге асыру көзделген болатын. Үстіміздегі жылы «Байқоңыр қаласының сумен жабдықтау және су тарату  «Бір кезең. Бір кезек» жобасын жүзеге асыру басталуы керек еді. Бірінші кезеңнің құны 896700 мың теңгені құрап, 11,4 шақырым сарқынды сулар жүйесін жаңғырту көзделді. Өкінішке орай, аймақтар дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік даму жоспарында Байқоңыр қаласын дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру көзделмеген болатын. Біз бұл туралы ҚР Орталық Атқару органдарын сумен жабдықтау және су тарату жүйелерін жарақтандырудың Ресей Федерациясы бюджеті есебінен жоспарланған Абай, Гагарин даңғылдары, Королева, Шумникова көшелері автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарымен байланысты екенін хабардар еткен болатынбыз.

Жылу энергиясы. Жылу энергиясын қалалық жылу-электр жүйесі өндіреді, ол қымбат мазут отынымен өндіріледі. Қала тұрғындары жылу үшін 12 ай ақы төлейді. Қала әкімшілігі бұрын жылу-электр жүйесін жарақтандыру мақсатында Қазақстан жағына шектеулі уақытқа қаржыландыратын шартпен беру туралы ұсыныс жасаған болатын. Біз жоба қымбат болғандықтан бас тарттық. Қазіргі таңда Ресей тарапы жылу-электр жүйесін Ресей бюджеті есебінен 2020 жылға дейін газға көшіру мәселесін қарастыруда.

Сонымен бірге біздің тарапымыздан газбен жұмыс істейтін автономды-модульді қазандықтардың құрылысын әрбір шағын аудан бойынша жүргізу қажеттігі айтылған болатын.

Электр энергиясы. Электр энергиясы тарифтерін төмендету үшін біз Ресей тарапына Байқо­ңырдың энергетикалық жүйелерін Қызылорда облысының комму­налдық меншігіне беру туралы ұсыныс жасадық. Тұтастай алғанда, біз Байқоңыр қаласының инфрақұрылымдарын жалдық  меншіктен алуға мүдделі емеспіз, әңгіме Байқоңыр қаласының тұрғындарына тарифті төмендету жөнінде ғана болып отыр.

Коммуналдық қызмет тарифтері бойынша

салыстырмалы кесте

  Ком.қызмет  өлшем бірлігіНДС қоса есептегендегі тарифі
Байқоңыр қ.Қызылорда қ.     Айырмашылығы
рубльтеңгетеңгетеңге%
Жылу1 Гкал169097342800693471
Ыстық су1 м310057614543175
Ауыз су323137459267
Электр1 квт/сағ42617934

Екінші. Жекешелендіру. 1995 жылдың 23 желтоқсанындағы ҚР және РФ арасындағы «Байқоңыр қаласының мәртебесі және оның атқарушы билік органдарын қа­лыптастыру мен мәртебесі туралы» келісімге сәйкес Байқоңыр қала­сындағы нысандар мен мүлік­тер жекешелендіруге жатпайды. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Қызылорда облы­сының әкімдігі Байқоңыр қаласының әкім­­шілігімен бірлесе отырып, Байқоңыр қала­сындағы Қазақстан азамат­тарының пәтер­лерін жекеше­лендіру тетіктерін қалып­тастыра бастады.

2020 жылдың 21 қаңтарында ҚР Президентінің «Байқоңыр кеше­ніндегі арнайы өкілі Б.Б.Намаев пен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Д.Бусыгин Байқоңыр қала­сын дамытудың ұзақмерзімді бағ­дарламасына қол қойды. Осы бағ­дарламаның мақсатына сәйкес жеке­­шелендіру, жалға алып жеке­шелендіру мәселелері  ше­шілетін болады. Екі тараптан жеке­ше­лендіру мен оның құқықтық аспек­тілерін толық айқын­даған соң біз бұл мәселені «Байқоңыр» кешені бойынша қазақстан-ресейлік үкі­мет­аралық комиссияның кезекті мәжілісіне енгізетін боламыз.

Бұған қосымша біз Байқоңыр қаласы тұрғындарын – Қазақстан азаматтарын «Ба­қытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына тартуды көздеп отырмыз. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптың бірі – ҚР Заңы бойынша тиісті категорияларға сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды жергілікті атқарушы органдардың есеп­ке алуы болып табылады. Осылайша бағ­дарламаға қатысушының мәртебесі тиісті құ­жатпен айқындалатын болады. Бірақ қалада қазақстандық тиісті тіркеу органдары болмағандықтан, азаматтардың мұндай мүм­кіндігі жоқ. Бұл мәселенің көптеген заңдылық түйткілдері бар, сондықтан ол барынша егжей-тегжейлі шешуді талап етеді. Осыған орай Қызылорда облысының әкімдігі Қазақстан Орталық атқарушы органдарымен бірлесіп, Байқоңыр қаласы тұрғындарының мәртебесін айқындайтын тұрғын үй қатынасына байланысты нормативті-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу мәселелерін қарастыруда.

Үшінші. Еңбекпен қамту.

Тұтастай алғанда,  халықты жұмыспен қамту мемлекеттік деңгейде бақылауда тұр. Халықтың еңбекпен қамту деңгейін ұлғайтып, жұмысты азайту үшін мемлекеттік «Еңбекпен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданған. Бағдарлама аясында әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу қолға алынды. Олардың тұрғын үй-коммуналдық және жол инфрақұрылымына қатысы бар. Аталған жұмысқа негізінен жұмыссыз болып тіркелген жергілікті тұрғындар тартылуда.

Бұған қосымша Байқоңыр қаласы және оған таяу жатқан Төретам мен Ақай елді мекендері бойынша өнімді еңбекпен қамту «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарламаны жүзеге асыруда қажетті мамандықтар бойынша оқытуларды жаңа бизнес идеяларға мемлекеттік гранттар бөлінеді, жастарға арнайы жұмыс орындары ашылады. Сонымен бірге кейбір кәсіпорындарда жұмыс орындары қысқаруының алдын алу жөнінде шаралар жүргізілуде жұмыс сағатының қысқартылуы есебінен жұмыс орындары сақталуда.

Қала экономикасы бірыңғай ғарыш саласына бейімделген. Бірақ қазір ұшырылымдар саны қыс­қарып, ғарыштық бағдарламалар оң­тайландырылуда. Бұл ғарыштық кәсіпорын салаларындағы адамдардың қысқаруына әкеп соқтырды. Аталған мәселені шешу үшін Байқоңыр қала­сында Қармақшы ауданы әкімдігінің еңбекпен қамту орталығы қызмет істейді. Қазіргі таңда орталыққа жұмыс іздеп 1551 адам өтініш білдірген. Ресми жұмыссыз болып 967 адам тіркелсе, олардың 275-і жұмысқа орналастырылды.

Қазақстан кәсіпорындарына жұ­­мысқа тұрғызылған Байқоңыр қала­сының тұрғындары айлықтың аздығына, қаладағы коммуналдық қызмет төлемі қымбаттығына ша­ғым­данады. Бағаны рубльден тең­геге ауыстырғанда қымбатшылық, әсіресе, әлеуметтік қолдауға қатысты азаматтардың тұрмысында барынша қатты сезіледі. Бұл орайда аз қамтамасыз етілген отбасыларына олардың жиынтық табысын ескере отырып, облыс деңгейіндегі өлшемде көмек тағайындау барынша өзекті мәселенің қатарына жататынын атап өткіміз келеді. Аталған мәселені ескере отырып, Қызылорда облысының әкімі облыстық жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масына Байқоңыр қаласы тұрғын­дарының тұрғын үй жәрдемақы мөлшерін 2020 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап ұлғайту­ды тапсырды.

Халықты әлеуметтік қамту барынша өзекті мәселенің қатарына жатады. Өкінішке орай, Қазақстан Рес­публикасының заңдылығында Байқоңыр қаласында облыстық басқар­маның қалалық бөлімін ұстау көзделмеген. Осыған байланысты аталған бағыттағы жұмысты Қармақшы ауданы әкімдігінің әлеуметтік қамсыз­дандыру және еңбекке орналастыру секторы атқарады. Біз бұл сектордың жұмысын жандандыратын боламыз. Жеке ғимаратта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыс істеуіне ыңғайлы қондырғылар орналастырылатын болады. Сондай-ақ осы ғимаратта мүгедектер қоғамы секілді қоғамдық ұйымдарды орналастыру көзделуде.

Қаланың инфрақұрылымын ұстап тұру мәселелері төңірегінде мынаны айтқым келеді. Ресей Федерациясы «Байқоңыр» кешенін жалға алу шарты бойынша жалға алынған ны­сандарға күрделі жөндеу жүргізуді, жа­рақ­­тандыруды өз есебінен жүргізуге тиіс. Бұл орайда қала әкімшілігі тиісті деңгейде жұ­мыстар жүргізіп жатқанын атап өткім келеді.

Қазақстан Республикасының Байқоңыр қаласы әлеуметтік-мә­дени әлеуетінің сақталуына мүдделі болған­дықтан, сонымен бірге халықтың тұрмыс жайлылығын жақсарту мақса­тында «Байқоңыр» кешені бойынша қазақстан-ресейлік үкіметаралық комис­сияның бесінші мәжілісінде Қазақстан жағынан қаланың даму бағдарламасына бөлі­нетін қаржы тәртібі мен шарты айқындалған болатын.  2019 жылы Қазақстан тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлік бес үй салынды.  Қазіргі таңда барлық пәтерлер қаланың қазақ­стандық тұрғындарына бө­лініп берілді. Аталған жобаны жүзеге асыру нәтижесінде тұрғын үйге деген сұраныс азайып, ол қаланың әлеуметтік жағдайына оңды ықпалын жасады. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласында тұрғын үйге Қазақстан Республикасының 1200-ден астам азаматы кезекте тұр. Осыған орай уәкілетті органға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы да бес көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізуге тапсырыс жасалды.

Байқоңыр қаласы аумағына жіберуді оңтайландыру.

Тиісті келісімге сәйкес Байқоңыр кәсіпорындар мен ұйымдардың және азаматтардың жұмыс істеп тұруына қатысты айрықша қауіпсіз режимдегі қала болып табылады. 2019 жылы қала әкімшілігімен келісімге сәйкес Байқоңыр қаласына оның тұрғындары мен басқа аймақтардан келетін қонақтарға қатысты, оның ішінде қайғылы жағдайға байланысты шараларға, демалыс, мейрам, жұмыс күндері келетіндерге рұқсат беру оңтайландырылды.

«Байқоңыр» АЭА құру туралы

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы XV форумының қоры­тындысы бойынша (2018 ж. Петропавловск) ҚР Үкіметіне Ресей жағымен бірлесіп, «Байқоңыр» АЭА құру  мәселелерін талқылау тапсырылды.

«Байқоңыр» АЭА құрудағы  басты мақсат халықаралық ғарыш портын құру, жоғары технологиялық  бәсекелі өнімдер инновациялық өнеркәсіп өндірісін құру, оның ішінде машина құрылысын, ғарыш саласын, электрониканы, химия және жеңіл өнеркәсіпті, артықшылықтары мен салық жеңілдіктері ескерілетін туризмді дамыту болып табылады.

Бүгінгі күнге АЭА құру туралы концепция және ҚР мен РФ Үкіметтері арасында «Байқоңыр» АЭА құру туралы келісім жобалары дайындалған. Концепция мен Келісім жобалары Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарына (мүдделі министрліктерге) келісім жасауға жіберілді. Концепция мен Келісім жобалары мемлекеттік органдарда келісілгеннен кейін  Ресей жағына жіберілетін болады.

Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіне қатысты

Алдағы болатын Үкіметаралық комиссия отырысының күн тәртібіне «Жалға берілген кейбір жер учаскелерін босату» туралы мәселе енгізіледі. Оған Төретам кентінің нақты орналасқан аумағы 322,6 га, Ақай ауылының нақты аумағы 371,4 га және Төретам кентімен Ақай ауылының айналма жолдарын жалға беру аймағынан шығару мәселелері кіреді.

2018 жылы ҚР және РФ мем­лекеттік органдарының бекіт­кен жоспар-кестесіне сай жал­ға беруден босатылатын жер учас­келері бойынша ресейлік және қа­зақстандық мүдделі мемлекеттік ор­гандар қатысуымен далалық зерттеу жұ­мыстары жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша жалға беруден босатылатын жер аумақтарының жал­пы ауданы 2898,2 гектарды құрады.

Осы жылдың 19 мамырында Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Д.Бусыгинмен жұмыс бабында кездесіп, онда жер учаскелері бойынша жоғарыда айтылған проблемалар сөз болды. Кездесу нәтижесімен  учаскелерді жалға беруден босату  бойынша бір ұйғарымға келдік.

Бүгінгі күнге Төретам кенті мен Ақай ауылын Байқоңыр қаласының құрамына кіргізу мәсе­лесі қаралмайды.  Аталған елді ме­кендердің тым жақын орналасуы қиын жағдай болып есептелмейді, керісінше дамуға мүмкіндік беретін қосымша артықшылықтар болып саналады.

Төретам мен Ақай елді мекен­дерінің көптеген тұрғындары Байқоңыр қаласы аумағында кәсіп­керлікпен айналысады. Келісімге сәйкес осындай тұрғындарға қалаға кіруге жеңілдіктер жасалған. Төретам мен Ақай тұрғындары мен олардың көліктеріне 2 жылға рұқсат қағаз беруге елді мекендерге тіркелгендігі негіз болады.

Ал енді Төретам мен Ақай елді мекендерін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесіне келейік. Төретам мен Ақай елді мекендеріндегі подстанциялар мен электрмен жабдықтау желілері өткен ғасырдың 50-60 жылдары пайдалануға берілген. Қазіргі күндері тұрғындарды тұрақты және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін оларды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Қуаттылығы әртүрлі 30 шақты жаңа трансформаторлық қондырғылар орнату көзделген. Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген (подстанцияларды жаңартуға – 1,2 млрд теңге, электр желілерін реконструкциялауға – 915 млн теңге). Бұл жұмыстарды жылдың соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.

Мұнан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде Төре­там кентінде 4, Ақай ауылдық окру­гінде 3 көшені жөндеуден өткізу жоспарланған.

Сол секілді біз Төретам мен Ақайды байланыстыратын Бармин көшесін жалға беруден босатқаннан кейін жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз.

Тұрғындардың интернетке қол­жетімділігін қамтамасыз ету мәсе­лесі де пысықталуда. Қызылорда облысының әкімі тарапынан «Қазақ­­­телеком» АҚ-ға Төретам  және Ақай елді мекендерін толық­тай ин­тернетпен қамту жөнінде тапсырма берілді.

Жалпы алғанда, Байқоңыр қа­ласын дамыту мәселесі облыс әкі­мінің бас­ты назарында. Бұған дейін аталып өткендей, 2020 жылдың 21 қаңтарындағы «Байқоңыр» ке­шеніндегі ҚР Президентінің арнайы өкілі мен Байқоңыр қаласы әкім­­шілігінің басшысы «Байқоңыр қала­сын дамытудың ұзақмерзімді бағ­­дарламасына» қол қойған болатын.

Сонымен қатар, проблемалық мәселелердің шешімін табуды жеделдету мақсатында Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан «Байқоңыр қаласын әлеуметтік-эко­­но­микалық дамытудың жол картасы» жобасы дайындалып,  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен Байқоңыр кешені бойынша ҚР және РФ арасында мемлекетаралық комиссияның тең төрағасы Р.В.Склярға келісімін алуға және әрі қарай бекітуге жіберілді. Бұл жол картасы жоғарыда аталған мәсе­лелермен қатар Байқоңыр қаласы әкімшілік заңдылығы аума­ғында салық салу, валюталық бақылау, білім беру, денсаулық сақтау, экологиялық реттеудің шешімі мәселелерін де қамтиды.

Қазіргі кезде бүкіл әлем коронавирус эпидемиясымен күрес жүргізе отырып, қиын кезеңдерді өткеруде. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының пікірінше, күзге таяу оның екінші толқыны басталуы мүмкін.

Соған байланысты, коронавирус инфекциясына қарсы күрес­тің нәтижелі көрсеткіштеріне қарамастан, босаңсуға әлі ерте, өйткені ҚР аумағында әлі де карантиндік режим сақталуда.

Байқоңыр қаласы тұрғындарын, өз денсаулықтарының қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін жайба­рақаттыққа салынбай, сани­тарлық-гигиеналық талаптарды сақтауды, яғни бетперде тағып, қолдың гигиенасын сақтап, арақашықтықты ұстанып, аса қажеттілік болмаса, көпшілік жиналған орындарға бармауын жеткізгіміз келеді.

Серік СҮЛЕЙМЕНОВ,

облыс әкімінің орынбасары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<