Білімімен де, бірлігімен де үлгі

664

0

Нағи Ілиясов атындағы ауыл топырағында өсіп-өнген Айтуғановтарды жерлестері «ұстаздар әулеті» дейді. Үлкен отбасының ұл-қызы, келіндері осы мәртебелі мамандықты қалап, халық ағарту саласында жемісті еңбек етіп, ел-жұрттың ілтипаты мен ықыласына бөленген. Жуырда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Еңбек жолы» байқауында «Үздік әулет» номинациясының иегері атанды.

Тәлімгерлер отбасының 7 ұл-қызынан 22 немере, 32 шөбере тарайды. Балаларының көпшілігі ауыл шаруашылығы, педагогика, құрылыс, медицина, құқық, сауда саласында еңбек етеді. Әулеттен өсіп-өнген ұрпақ Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектепте және Қызылорда қаласында, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында  ұстаздық қызмет атқарады. Ауызбірлігі жарасқан отбасының 154 жыл педагогикалық еңбек өтілі бар.

Меңлібай Айтуғанов – шаруа адамы болса да, техниканың тілін терең меңгерген жан. «Мағжан және К» ЖШС-де механизатор. Ал отанасы Мәриямкүл Таутен №132 орта мектепте физика және математика пәнінен сабақ беріп, қырық жылдан астам қызмет етті. Ұстаздық жолда жүздеген шәкірт тәрбиелеген ол 1995 жылы «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы, «Мәртебелі маман», «Ы.Алтынсарин» медальдарының иегері. Қарапайым мұғалімдіктен мектеп директорлығына дейін көтеріліп, бүгінде зейнетке шығып, немерелерінің ортасында отырған бақытты әже.

Бір ерекшелігі, бұл әулетте  мектеп бағдарламасындағы  бірнеше пәннің  мұғалімдері бар. Бастауыш сынып, физика, тарих, әскери дайындық пәндерінен сабақ береді.  Балаларының қай-қайсысы да өз саласын жетік меңгерген,  жоғары білімді.  Тарих пәнінің мұғалімі Мақсат Айтуғанов дәл осы білім ордасында 2011 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мектептегі және ауыл өміріндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Басшылықтың құрмет грамотасымен, жастар ара­сында өткізілген бизнес-идеялар конкурсының,  «Тату отбасы» онлайн марафонының  алғыс хатымен марапатталды. Өмірлік серігі Айгерім Тұрабай да – осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі. «Үздік сынып жетекшісі 2020» байқауында ІІ орын алып, дипломмен марапатталған. «Бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділіктерін дамыту технологиялары» атты әдістемелік көмекші құралының авторы.  

Осы әулеттің үлкен қызы Марта   Астана    медицина университетін бітірген. Қарағанды облысының Қаражал қаласында дәрігерлік қызмет атқарады.  Өткен жылы «Жылдың үздік денсаулық саласының  жас маманы» номинациясын иеленген.

Кіші  қызы  Айша  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Электр энергетикасы және өмір тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының  оқытушысы болып қызмет атқарады.

Бұл әулет білімділігімен қоса, береке-бірлігімен де көпке үлгі. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген ұстанымдағы ұстаздар отбасының  білім беру саласына сіңірген еңбегі орасан.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<