«Бізге экономикалық өсім мен тұрақтылық керек»

264

0

Бейсенбіде  облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының  тұрғындарымен кездесті. Жиынға Сыр еліне арнайы келген Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Эльдар Күзенбаев қатысты.

Аймақ басшысы өңірді дамытудың перспективалық қадамдарына, тұрғындар үшін өзекті саналатын инфрақұрылым тарту, қоғамдық көлік мәселелеріне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығы аясында өздеріңізге аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын баяндап, көңілде жүрген көкейкесті сауалдарға сәйкес сындарлы диалог орнатуға дайынбыз. Осыған дейін облыстың барлық ауданына барып, халықпен кездесулер өткіздім, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдадым. Елді мекендерді аралап, егістік алқаптарында шаруалармен кездесіп, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныстым.

Аймақ халқының тұрмыс сапасын арттыру үшін бізге экономикалық өсім мен тұрақтылық керек.  Осы жылдың 5 айында облыста өнеркәсіп өндірісінен басқа барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Мұны тарқатып айтқанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,4 процентке, инвестициялар тарту  14,7, құрылыс жұмыстары 8,3, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 11 және сауда 1,4 процентке артты. Дегенмен, өнеркәсіп өндірісі жыл басынан бері төмендеп келеді. Өйткені, өңірде мұнай өндіру көлемі жыл сайын азаюда. Оның ең жоғары көлемі 2007 жылы 11,7 млн тоннаны құраса, биылғы болжам бойынша тек 3,5 млн тонна мұнай өндіруге болады. Кейінгі жылдары мұнайдың сарқылуына байланысты оның жаңа көздерін анықтау үшін геологиялық зерттеу жұмыстары басталды. Бұған республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге қаржы бөлінді, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс басшысы халықтың әл-ауқатын арттырудың тағы да бір өлшемшарты  – инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту екенін жеткізді.

– Әлемдік стандарттарға сай әуежайымыз да заманауи сипатқа ие болуы керек. Жерлесіміз Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен жаңа әуежай терминалын саламыз. Өңірде қоғамдық көлік мәселесі де өзекті. Биыл Қызылорда қаласына үлкен сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алынады. Жақын күндері Қызылорда қаласында облыстық қан орталығының құрылысы басталады. Келер жылы 100 келушіге арналған емханасымен бірге 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы салынады. Алдағы кезде облыс халқы үшін заманауи үлгідегі жаңа нысандарды саламыз. Облыс орталығынан неке сарайы, өнер орталығы бой көтеретін болады. «ҚазГерМұнай» кәсіпорны қаланың сол жағалауынан «Оқушылар сарайын» салып беруді өз міндетіне алды, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар өңірімізге жұмыс сапары аясында Ұлттық экономика және Энергетика министрлері бірқатар маңызды жобаға қолдау білдіргенін атап өтті. Соның бірі – құны 215 млрд  теңгені құрайтын, қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу-электр станциясын салу. Жоба 2025 жылы жүзеге асады.

Биыл  қаланы сумен жабдықтау үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 жоба және облыстық бюджет есебінен 4 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қаланың жаңа тұрғын аймағын дамыту үшін Сырдария өзенінің сол жағалауындағы «Гүл бульварын» абаттандыруға жобалық құжаттар  әзірленуде.

Кездесуде газдандыру мәселесі де айтылды.

– Біз аудан орталықтарын толықтай газға қостық. Бүгінде табиғи газды облыс халқының 67 проценті тұтынады. Биыл ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жобаны іске асыру басталды, оның 7-уін осы жылы аяқтаймыз. Нәтижесінде, 15 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп, оны тұтынатын халық санының үлесі 68 процентке жетеді. Қызылорда қаласының табиғи газбен қамтылу үлесі 98%-ті құрайды. Тасбөгет, Белкөл кенттері, Қызылжарма, Талсуат, Қарауылтөбе, Досан елді мекендерінің тұрғындары ғана табиғи газбен қамтылған. Наурыз, Махамбетов елді мекендерін газдандыру жұмыстары  келесі жылы аяқталмақ және Қосшыңырау ауылдық округі Абай ауылын газдандыру бойынша Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінімдер ұсынылды, – деді бұл ретте облыс әкімі.

Облыс орталығындағы жол инфрақұрылымын дамыту  жұмыстарына да баса мән беріліп отыр. Қызылорда қаласында 34 шақырым жол жөндеуге 5,1 млрд теңге қаржы қаралған. Мұнан бөлек, облыс орталығының 19 көшесіне жаяу жүргіншілер жолы төселіп, қаланың орталық көшелері жарық диодты шамдармен безендіріледі. Сондай-ақ, 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық бюджет есебінен қаланың 10 көшесінің қиылысына бағдаршам орнатылатын болады.

Аймақ басшысы биылға жоспарланған жұмыстарды жүйелі іске асырудың арнайы Іс-қимыл жоспары бекітілгенін айтып, ондағы әрбір жобаның құрылысы облыстық мәслихаттың шешімімен нақтыланатын кезектілік тізімі негізінде ғана орындалуы тиіс екенін жеткізді.

– Баяндамамда мен облыста және қалада атқарылатын жұмыстардың тек бір бөлігіне ғана тоқталдым. Біздің алдағы міндетіміз – экономика салаларына  инвестициялар тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік саласын дамыту. Биылға жоспарланған жұмыстарымызды жүйелі іске асыру үшін арнайы Іс-қимыл жоспарын бекіттік. Алдағы кезеңде өңірде жүзеге асырылатын әрбір жоба құрылысы облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілетін кезектілік тізімі негізінде ғана орындалуы тиіс.  Осы жоспарларымызды өздеріңізбен бірлесе отырып атқаратын боламыз, – деп қорытындылады өңір басшысы.

Тұрғындар сауалдарына да тұшымды жауап болды. Қызылордалықтар қоғамдық көлік, жол сапасын жақсарту, ауызсу желілерін тарту және білім мен денсаулық сақтау саласына қатысты көкейкесті сауалдарын жолдады.

Кездесуден кейін  Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады, сұрақтарына жауап берді.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<