Былтырғы су тапшылығы сабақ болса

830

0

Былтыр Сырдария өзеніндегі су мәселесі өте күрделі болды. Жергілікті мамандар биыл да сондай жағдай қайталануы мүмкін екенін жасырмайды. Қызылордалық диқандар үшін өткен жылғыдай әрбір тамшы суды үнемді пайдалану – басты міндеттің бірі. Бұған байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Қызылордаға келген сапарында Үкімет тарапынан ұсыныстар жинақталып, әр облысқа көмек берілетінін айтты. Атап айтқанда, Қызылорда облысына су тапшылығын болдырмау және зардаптарын жеңілдету мақсатында Үкімет резервінен 3 млрд 600 млн теңге қарастырылған. Оған 67 насос қондырғысы және қосымша трансформатор алу көзделуде. Оның айтуынша, дариядағы су тапшылығына байланысты Үкімет тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Бұл мақсатта көрші елдердің сала мамандарымен бірнеше кездесу өткізілген.

Жоғары бөліктегі жағдай мәз емес

Қазіргі таңда дария бойындағы диқандар вегетация жұмыстарына дайындыққа қызу кірісіп кетті.  Наурыз айының алғашқы онкүндігінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің мамандары өзара бас қосты. Жүздесу барысында «Тоқтағұл» су қоймасына вегетациялық кезеңде суды көбірек беру туралы ұйғарымға келді. Осыған байланысты Өзбекстан мен Қазақстан қырғыз еліне қосымша электр энергиясын ұсынуға келісім берген.

– Айта кетерлігі, дария бойындағы елдерде 11 наурыздан бастап жауын-шашын мол түсуі байқалды. Бұл өзен арнасындағы судың мөлшерін көбейтуге әсерін тигізді. Мәселен, 12 наурызда «Шардара» су қоймасына секундына 567 текше метр су түссе, одан кейінгі уақытта 1100 текше метрге көтерілді. Нәтижесінде «Шардарада» 5 млрд текше метрден артық су жинақталған. Облыс аумағына келетін су мөлшері 800 текше метрге артты. Мұны табиғаттың бізге берген үлкен көмегі деп айтсақ артық емес. Дегенмен бұған тоқмейілсуге болмайды. Алдағы жағдайдың қалай болатыны әлі де белгісіз. Сондықтан Сыр өңірінде күріш егісінің көлемін қысқартуға назар аударуымыз тиіс. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы саласының мамандарына түсіндірме жүргізіледі, – деген еді Серік Салауатұлы облысқа келген сапарында. Вице-министрдің айтуынша, егіс көлемін азайту тек Қызылорда облысына ғана тән емес. Көршілес Түркістан облысында мақта егісі былтыр алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама қысқартылған.  Ал Өзбекстанда суды үнемді пайдаланудың технологиясын қолдануда.

Серік Қожаниязовтың айтуынша, таулы жерлерде судың келуі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40-50 процентке дейін кем. Сырдарияға түсетін судың 90 проценті өзге елдерден келеді, яғни, оған жинақталатын су Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттеріндегі су көздерінен құралады. Дария бойындағы ең ірі «Тоқтағұл» су қоймасы 19 млрд текше метрге жуық су жинауға арналған. Бүгінде онда бар-жоғы 8,9 млрд текше метр су бар. Ол өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млрд текше метрге кем.

Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов қазір «Шардара» су қоймасына жоғары бөліктен 1280 текше метр су келіп жатқанын айтты. Оған Сырдария өзені бойында табиғи жағдайға байланысты жауын-шашынның мол болуы әсер еткен. Нәтижесінде бүгінде су қоймасында 5 млрд текше метрден астам су жинақталған. Төменгі бөлікке секундына 1000 текше метр су тасталуда. Мол суды тиімді пайдалану мақсатында қазір «Көксарай» су қоймасына 600 млн текше метрдей су алынды. Осы уақытта облыс аумағына 650, «Қызылорда» су торабына 536 текше метр су келуде.

Қанша гектар күріш егеміз?

Жергілікті диқандар 2019 жылдан бері су тапшылығын сезініп отыр. Бұл аз уақыт емес. Оған бейімделетін кез жеткен секілді. Жаз айларында судан тарықпаудың жолы қайсы? Қанша көлемде егін егуіміз керек? Аталған мәселе негізгі тақырыптың біріне айналды. Дегенмен көп жылдан бері күріш егіп үйренген диқандар басқа дақылдарды егуге бірден бейімделіп кете ала ма? Әзірге ол басы ашық тақырыптың бірі болып отыр.

Суға байланысты мәселе айтылғанда әуелі ойымызға күріш түседі. Оның табаны ала жаздай судан босамайды. Ендеше, қазіргі жағдайда күріш егісін қысқарту тығырықтан шығатын жолдың бірі екені даусыз. Қызылордалық диқандар бүгінде 80-85 мың гектарға дейін осы дақылды егеді. Оған су жетпей қалса қаншама еңбек босқа кеткенмен бірдей емес пе? Өзге мүмкіндіктерді неге қарастырмаймыз?

Жиырма жылдай бұрын өңірде 60-65 мың гектар күріш егілді. Сол уақыттың өзінде еліміздің аталған өнімге сұранысы толық қамтамасыз етілді. Тіпті, өзге мемлекеттерге экспортқа шығару да ұмыт қалған жоқ. Ендеше, бұл мәселеге де өз деңгейінде назар аударғанымыз артық емес. Нәтижесінде есепсіз егілген күріш егісіне су жетпей қалу жағдайы кездеспейді.

– Биыл «Шардара» су қоймасына тағы да 2,3 млрд текше метр, «Көксарай»  су реттегішіне 1,5 млрд текше метр су жинақтауымыз тиіс. Бұлай болмаған жағдайда облыс аумағында егістікке су беру маусымы кезеңінде тапшылық болуын ешкім жоққа шығара алмайды. Алдын ала болжам бойынша биыл су тапшылығы мәселесі өткен жылғыдай күрделі болуы мүмкін. Осыған сәйкес суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайту жоспарда бар. Күріш көлемі біршама қысқарады деген болжам жасалуда. Сондай-ақ, қаңтар айынан бастап бірқатар көлдер жүйесіне су толтыру жұмыстарына назар аударылды, – деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Жалпы, су тапшылығының қазіргі жағдайында оған қарсы шараларға барлығымыз белсене қатысуымыз қажет секілді. Әрбір тамшы суды ысырапсыз пайдалану егіннен мол өнім жинауға негіз қалайды.

Биыл дариядағы су мәселесіне байланысты егілетін егінді алдын ала жоспарлауға мүмкіндік болған жоқ. Өйткені, сәуірге дейін жаз айларында облыс аумағына қанша көлемде су келетінін нақтылаудың ыңғайы келмеді. Осының өзі елдегі шаруаның көктемгі дала жұмыстарына дайындығына кері әсерін тигізетіні жасырын емес.

Сырдария өзеніндегі су ағынының азаюы өңірдің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайын едәуір қиындатуда. Су тапшылығына байланысты «Қызылорда облысының су тапшылығы жағдайында бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы» жобасы әзірленуде. Аталған жоба аясында 2022-2025 жылдар аралығында жобаларды іске асыру көзделген.

Ауыспалы егістен басқа амал бар ма?

Жылма-жыл ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мәселесі көтеріліп келеді. Күріш егісін кеміткен жағдайда оның орнына қайсысын егуге болады? Бұл жөнінде мамандар түрліше пікір айтады. Кейбір жағдайда бұрын егілмеген дақылдарға көңіл бөлу қажеттігі алдымен ойға оралады. Алайда, оны бірден игеріп кете аламыз ба деген сауал көлденеңдейді. Қазірге дейін мамандар сан алуан дақылды сынақтан өткізіп көрді. Кейбірі жергілікті топыраққа жерсініп, мол өнім алынды. Ендігіде оған қажетті технология керек екені белгілі. Өйткені, қолдағы техника оны егу мен жинауға сай келе бермейді. Жаңасын алуға қол қысқа. Сондықтан мұндай жаңашыл жобаларды жүзеге асыру мәселесі кешеуілдеп келеді. Кейбірі сол жоба күйінше қалып қойды. Әйтсе де, жергілікті диқандар бұрыннан егіп жүрген жоңышқа, күздік және жаздық бидай, мақсары, жүгері секілді дақылдарға неге назар аудармайды?

Ұзақ жылдар бойы өңірдің аграрлық саласында жемісті еңбек еткен Омархан Пашкенов бұрыннан егіліп жүрген өзге де дақылдарға көңіл бөлу қажеттігін айтады.

– Былтыр жоңышқа бағасы қанша теңгеге жеткенін білеміз. Төрт түлікті түлеткен ағайын амал жоқтықтан оны қымбат бағасына сатып алуға мәжбүр болды. Бұл орайда оны еккен азаматтарды түсіну қиын емес. Қазір жанармай, техника және өзге де қажеттіліктер бағасы арзан емес. Айналып келгенде, ол жоңышқа бағасына әсер етті. Расын айту керек, біз мал шаруашылығын дамытуға назар аударып келеміз. Дегенмен алдымыздан жем-шөп мәселесі шығады. Мәселен, бүгінде сүрлем дайындау ұмыт қалып барады. Ол ауа жібермей консервілеу арқылы дайындалады. Ұзақ уақыт сақтау үшін ашытылған шырынды жем-шөп саналады. Оған салынатын балауса түріне қарай жүгері, күнбағыс, сұлы, сиыржоңышқа cүрлемі деп бөлінеді. Олардың барлығын біздің топырақта өсіруге әбден болады. Тағы бір ескеретін нәрсе, бұл дақылдар күріш секілді суды молынан қажет ете қоймайтыны белгілі. Ал жоңышқаны ауыспалы егіс тәртібінде күрішпен алмастырып отыруға болады, – дейді Қазақстан фермерлер одағы облыстық ұйымының төрағасы.

Жергілікті диқандар қазіргі күндері дала қосында еңбек көрігін қыздыра түсті. Бидай, жоңышқа және өзге де дақылдарды егуді қолға алды. Енді екі-үш аптадан кейін күріш егісі басталады. Ал су тапшылығы мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан өткен жылғы олқылықтан сабақ алып, биыл оны қайталамауға көңіл бөлгеніміз орынды болады. Өйткені, жылда қайталанып келе жатқан өзекті проблема бізді соған үйрете бастады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<