Еларалық айтыста абыройға бөленді

534

0

Қазақ пен қырғыз ақындары айтысының тамыры тереңде жатыр. Осы дәстүрдің жалғасы ретінде Қырғыз елі Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Бішкек қаласында еларалық айтыс өткен еді. Сөз сайысында Сыр өңірі ақындары оза шауып, үш бірдей бәйгені иеленді.

Мерекенің көрігін қыздырған аламан айтыста Қызылорда қаласы, М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры Нұрмат Мансұр жүлделі екінші орынды жеңіп алса, ұстаз-ақын Ержеңіс Әбдиев арнайы жүлдені еншіледі. Сондай-ақ, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов Жамбыл Жабаев атындағы сыйлыққа ие болды.

Айтыс жеңімпаздарын қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетіп, қала әкімінің алғысын жеткізді.

– «Алатаудың бөктерін қатар жайлаған қазақ-қырғыз қашаннан туысқан ел болғандықтан, сыйластығы тарихтан белгілі. Әсіресе, Сүйінбай мен Қатағаннан, Жамбыл мен Тоқ­тағұлдан, Кенен мен Ос­ман­құлдан бастау алған осынау екі елдің арасындағы ата дәстүр сабақтастығы мен ымы­ра­сыз татулықтың бүгінгі дәнекері сіздерсіздер. Бүгінгі жеңістеріңізбен еліміздің рухын асқақтатып, Сыр өңірінің өнер ордасы екендігін тағы да бір дәлелдедіңіздер. Қай кезде де шығармашылық шабыттарыңыз шарықтап, рухани ізденістеріңіз сарқылмасын!» – деді А.Есжанов.

Кездесу барысында қашан да ынтымақ пен бірліктің туын жоғары ұстаған екі елдің достығы, рухани байланысы, тарихи-мәдени тұрғыдағы  ұқсас жақтары сөз болып, ұлтымыздың ұлық өнері – айтыстың туы биікте желбірей берсін деген тілектер айтылды.

Байрақты жыр бәйгесіндегі әсерін бөліскен ақындар құрмет көрсеткен қала басшылығына алғысын білдіріп, қазақ өнерін дамытуға  қызмет етіп, оның ішінде Сыр елінің намысын қорғауға дайын екендіктерін жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<